ПРОФЕССОР Қ. ЖҰБАНОВ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ
ФОРМАЛДЫ МОДЕЛЬДЕРПрофессор Қ.Жұбанов қазақ тілінің зерттелу болашағын өзіне тән көрегендікпен, табиғи дарындылықпен болжам жасап, олардың кейбір тұстары тілдің қолданбалы саласының жаңа бағыттарынан да байқалады. Дәлірек айтсақ, тіл зерттеу аясындағы ХХ ғ. 60-жылдарында ғана пайда болған «Статистикалық лингвистика», «Лингвистикадағы модельдеу» бағыттарының кейбір бастамаларын Құдайберген Жұбановтың сол кездегі зерттеулерінің өзінен-ақ молынан кездестіруге болады.
Қ.Жұбанов өткен ғасырдың 30-жылдарының өзінде-ақ өз зерттеулерін заманға сай жүргізуге ынталанғанын «Қазақ тілінің жоғарғы курсы» атты жазған еңбегіндегі мына тұжырымнан байқауға болады [1, 79-б.]: «ХІХ ғасырда жаратылыс ғылымы ілгеріледі; оларды зерттеуге түрлі метод қолданылды. Объектив әдісімен іс істеу тілшілерге де жұқты. Бұрын тіл логика негізді әдіспен зерттелетін еді (яғни, сағызша созыла беретін белгілі өлшеуге келмей, көбіне субъектив жорамалға сүйенетін)», – дейді.
Ғалымның сол кездің өзінде-ақ тіл білімінде сандық деректерді пайдаланудың қажеттілігіне де ерекше ден қойғаны байқалады. Мәселен, ғалымның 1936 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің грамматикасы» атты еңбегінде сөз мүшелерінің орны, дыбыстардың саны мен сапасы, түрлері туралы жазған тұжырымы осыған дәлел: «Дыбыстың саны бар да, сапасы бар. Дыбыстың сапасы бірдей бола тұрып, саны әлденешеу бола береді. … Бір тілде жұмсалатын дыбыстардың жалпы санының ұшы-қиыры жоқ, бірақ оның бәрінің бірдей сапасы әр түрлі бола бермейді. Сапасы әр түрлі болатын дыбыстар белгілі мөлшерде ғана болады да, көп болмайды. … Қазақ тілінде де сапасы әр түрлі болатын дыбыстардың арнаулы саны бар…» [1, 183-б.]. Тілдік құбылыстарда сан мен сапаны ажырату қажеттігін айта келе, ғалым тұрпат (форма) пен мағынаны да ажырата білудің маңыздылығын тиянақтап айта білген. Мысалы, «Қазақ тілінің жоғарғы курсында» былай дейді [1, 79-б.]: «…Бірақ (грамматикалық құрылымдардың) сыртқы белгілеріне сүйенуден формализм туды. Сөйтіп морфология жеке сөздердің формасын, синтаксис сөз тіркестерінің формасын тексеретін ғылым деп танылды. … Синтаксистің өзі де … тіркескен сөздердің тіркесу формасын қарайтын ғылым болды» – дей келе, бұл әдісті толық қолдамайтынын білдіреді. Осындай күмәнін дәлелдей түсу мақсатымен және ол бағытты толығынан терістемейтінін білдіру үшін ғалым «Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері» атты еңбегінде тағы да былай дейді [1, 34-б.]: «…Рас, біз формашыларға қарсымыз: тіл құбылыстарын жалаң түр жағын ғана зерттеумен біліп болмайды. Бұл – сөзсіз сыңаржақтық. Сонда да жоғынан бары игі. Түр – форма деген тілде жоқ белгі емес, бар нәрсе. Бар қасиетін көрсетушілік қашанда пайда болмаса, зиян келтірмейді. Бірақ жеткіліксіз, өйткені түр (форма) тілдің бар тарауы емес, бір тарауы».
Шындығында да, ғалым зерттеулерінде тілдің формалық сипатына және объективтілікке сүйенетін жақтары баршылық.
Енді, қазіргі кезде қолданбалы тіл білімінің дәстүрлі бағытымен қатар дамып келе жатқан және заман сұранысына сай пайда болған оның жаңаша бағытындағы «тілді модельдеу» әдісінің жоғарыдағы тақырыпшаларда сөз болған кейбір теориялық тұстарын қайталай отыра, салыстырмалы пайымдаулар жасауға әрекет етейік.
Модельдеу әдісінің қажеттігі, ең алдымен, зерттеу нысанымызды тікелей байқауға, яғни қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын жағдайлардан туындайды. Сондықтан осындай модельдеу әдісі, ол өзінше бір бөлек әдіс ретінде, көптеген ғылымдар саласында, соның ішінде қазіргі кезде қазақ тілін зерттеуде де қолданыс тауып жүргені белгілі.
Ғылыми әдебиеттерде «модель» терминіне мынандай анықтама беріледі: «Модель дегеніміз – зерттеу нысанының қасиеттерін бойына сақтай алатын және түпнұсқаның (нысанның) орнына жүретін, танымдық процесінің қажеттігінен туындайтын материалдық не абстракты нысан (объект)» делінген.
Модель әр уақытта өзінің түпнұсқа түріндегі шындығынан да артық күйде, яғни «дәріптелген» сипатта қарастырылады. Осының негізінде, қай ғылым саласының болсын, формалды модельдері математикалық жүйе деп қарастырылады. Сондықтан, басқаша айтқанда, формалдылықтың түсінігі – математикалық дәлдік немесе бірізділік деуге болады. Бұл қасиеттер тіл табиғатына да тән құбылыс.
Осымен қатар, лингвистикалық модель эксплонаторлық қасиетке де ие болу керек деп ұйғарылады, яғни оның түсініктеме беру мүмкіндігі болуы қажет. Аталған қасиетке ие болуы үшін, ол, ең алдымен, осыған дейінгі тілдік теория негізінде түсінігі күңгірт не түсініксіз болып жүрген тілдік құбылыстарды бірізді түсіндіре алатын, анықтама бере алатын мүмкіндігі болуы керек. Сол сияқты, зерттеу нысанының бұрын-соңды ескерілмей жүрген жаңа мүмкіндіктеріне де ғылыми болжам жасай алатын қабілеті болуы қажет деп пайымдалады.
«Лингвистикалық модельдеуде» сөйлеу қызметі моделінің пішінін екі түрде қарастырады. Оның біріншісі – семантикасыз немесе тек грамматиканы игеруге ғана «еліктеуші» таза синтаксистік модель. Екіншісі – мағыналы сөйлемдерді түсіндіре білумен қатар, оларды дұрыс құра да білу мүмкіндігіне еліктейтін – семантикалық модельдер.
Мұндай модельдерді құру жазба не сөйлеу мәтіндерін автоматты түрде өңдеуде аса маңызды. Мәселен, «машиналық аударма» жүйелерінің барлық дамыған түрлерінде «автоматтандырылған синтаксистік талдау» жүргізу сөйлемнің семантикалық түсінігін алу үшін және екінші тілдік жүйедегі сөйлемдер құрылымын «аударма грамматикасына» ауыстыру үшін аса қажет деп саналады. Сол сияқты, «ақпараттық іздеу» жүйесінде де толық синтаксистік талдау сөйлем құрамындағы «есімді сөз тіркестері» негізінде танылады. Ал «жасанды интеллект» жасау мәселесіндегі мәтінді тану жүйесіне қатысты синтаксистік талдау, өзінше бір бөлек семантика-синтаксистік топтаманы құрайды деуге болады.
Қазіргі кезде, қай тілдің болмасын, оған тән сөйлем құрылымының дәл және формалды берілісін білу аса қажет болуда. Ол үшін реттелген сызықтық тізбек құрайтын кесінділер жиыны – «құрастырушылар жүйесін» немесе «құрастырушылар моделін» құра білу керек. Аталған модельде синтаксистік бірлік ретінде сөзтұлғалар, сөз тіркестер және олардың құрылымдық қатынастары қарастырылады [2].
Жоғарыдағы тақырыпшаларда баяндалғандай, жүйе жиынындағы қатынастар «граф» деп аталатын сызба түрінде көрініс табады да және оның төбешігіндегі ең кіші бірлік ретінде не негіз сөз, не сөзтұлға, не сөз тіркес алынады. Сөйлемдердің графтық сызбасын салудың алдында сөйлемдегі әрбір сөзқолданыстар өз реті бойынша нөмірленеді. Әрі қарай, сызбалар түрінде граф төбешігіндегі құрастырушы сөзқолданыстар мағыналық жағынан ішкі сөз тіркестерге бөлектеліп, олар бір-бірімен ішкі және сыртқы тәуелділіктеріне қарай, түзу сызықтық кесінділер арқылы өзара қосылады. Осындай сызба пішіні әдебиеттерде «құрастырушылар моделі» немесе «синтаксистік модель» деген терминдермен аталып жүр [2].
Сөйлем құрастырушыларына талдау жүргізудің өзіндік қиыншылығына қарамай, «құрастырушылар модельдері» сөйлем құрылымын грамматикалық және семантикалық тұрғыда да дұрыс сипаттайды деп саналады. Мұндай дұрыстық сипат, көбінде, мағына ажырату кезінде, мысалы, құрастырушы сөзтұлғалар – «омонимдес сөздер» немесе сөйлемдер – «омонимдес сөйлемдер» болған жағдайларда анығырақ байқалатыны дәлелденеді [2].
Сөйлемдер ішіндегі сөзтұлғалар арасындағы қабысу, жанасу, қиысу, меңгеру сияқты тәуелділіктер жиыны сол сөйлемнің синтаксистік құрылымы жайлы көптеген мәліметтер бере алады. Ал тәжірибе жүзіндегі ізденістерде, мұндай тәуелділіктердің жиыны граф пішініндегі сызба түрінде көрініс табады.
Профессор Құдайберген Жұбановтың сөйлем құрылымына қатысты зерттеулерінде сөйлем ішіндегі сөзтұлғалар мен сөз тіркестер «граф» немесе «құрастырушылар моделі» деген терминдермен аталмаса да, сөйлемге енетін сөздердің әрбіреуін тиісті нөмірлермен таңбалау және олардың тәуелділіктерін сызба түрінде кесінділер мен төртбұрыштар арқылы беру молынан кездеседі.
Мәселен, ғалымның «О формах сочетания слов в казахском языке» атты мақаласында [1, 476-б.] 15 сөзқолданыстан тұратын мындай сөйлемді қарастырады: «Сен(1) көрген(2) қымбат(3) алпауыттан(4) да(5) Қызыл(6) құрт(7) Ертай(8) ұстаның(9) Темірбайдан(10) алған(11) төрт(12) бесті(13) аты(14) жақсы(15)». Осы сөйлемдегі сөздердің орын ауысуынан сөйлем мағынасының өзгеру заңдылығын көрсету мақсатымен, әрбір сөзді нөмірлеп алып, бес түрлі айтылым ретінде бөлек-бөлек қарастырып, пайымдаулар жасайды. Сөйлемді орыс тіліне былайша аударады: «Чем(4) дорогой(3) помещик(4) виденный(2) тобою(1), лучше(15) и(5) гнедой(12) пятилетний(13) мерин(14), полученный(11) кузнецом(9) Ертаем(8) дам-куртовцем(6) от(7) Темирбая(10)».
Әрі қарай осы сөйлемдегі сөздерді түпнұсқадағы баламаларымен салыстыра отыра, олардың мағыналары мен тұлға өзгерістерін талдайды. Міне, мұндай әрекеттер қазіргі кезде арнайы әдіс ретінде сөйлем синтаксисін модельдеуге қатысты зерттеулерде жиі қолданыс тауып жүр.
Қ.Жұбановтың зерттеулерінде, яғни «Сөйлем мүшелері» [1, 153-157-бб.], «Жетек сөз да жетекші сөз» [160-161-бб.], «Сөйлем мүшелерінің орын-орны» [1, 162-б.] деген тақырыпшаларда «О формах сочетания слов в казахском языке» [1, 476-481-бб.], «О построении речи на казахском языке» [1, 482-495-бб.] және «Этюды к переводу трех стилей» [1, 531-534-бб.] атты мақалаларында көрініс тапқан сызбалар үлгісі 12 түрлі сурет арқылы берілген. Бұл келтірілген сызбаларды қолданбалы лингвистика терминімен айтсақ, белгілі мағынада, «Қазақ сөйлемдерінің синтаксистік модельдерінің үлгілері» деуге де болады.
Енді сөйлем ішіндегі тәуелділіктердің кесінді сызба түрінде көрініс табуын Қ.Жұбановтың аталған кітабындағы мынадай пайымдауларынан байқауға болады:
1) кітаптың 156-бетінде «Айқындауышты өзінің айқындап тұрған сөзімен сызық арқылы байланыстырып көрсетсек мынадай болады» деп екі түрлі сызбаны ұсынады;
2) кітаптың 160-бетінде – «Біздер мектепке келдік» деген сөйлемді мысал ретінде алып, былай пайымдаған: «… бұл үш сөз матастырылмаған. Біздер деген мен мектепке деген екеуі жиналып келдік деген бір сөзге арқандалған. Мұның арқандалу ретін сызықпен көрсетсек мынадай болады» деп және «Енді қай сөз, қай сөзді жетектеп тұрғанын да сызбамен таңбаласақ, мынадай болады» деп сызба түрінде ұсынады;
3) кітаптың 162-бетіндегі «Сөйлем мүшелерінің орын-орны» деген тақырыпшада бастауыш, баяндауыш, анықтауыш және толықтауыш болатын сөйлем мүшелерінің орындарын көрсету үшін М.Әуезов шығармасынан алынған мына сөйлемнің «Бұл – мал күткен, малға ықылас дамн бейілдің көрмесі» әр сөзін нөмірлеп алып, былай дейді: «Мұндағы сөздердің қалайша қиындасып тұрғанын сызықпен көрсетсек, мынандай болады» деп сызбаға сілтеме жасайды.
4) кітаптың 482 бетіндегі «О построении речи на казахском языке» атты мақаласында 16 сөзқолданыстан тұратын сөйлемді қарастырып, олардың формалды белгілері арқылы және бір сөзге қатысты параллель тіркестердің орын тәртібінің қатал сақталмай, тек логикалық екпінге ғана бағыныштылығы жайлы сызбаны ұсынады. Бұл сызбаның сөйлемнің синтаксистік моделінің көрінісі екендігіне осы саланың мамандары күмән туғызбас деген ойдамыз.
5) келесі қарастыратынымыз ғалым кітабының 531-бетіндегі көлемі жағынан шағын (4 бет), ал құндылығы жағынан «аударманың синтаксистік және семантикалық моделі» ғылыми бағыты үшін аса маңызды «Этюды к переводу трех стилей» атты (тақырыбы шартты – ред.) атты зерттеу жұмысы. Бұл мақала ҚазССР-ның Орталық архивінен алынып, тұңғыш дам Алматыда «Лексико-семантические вопросы перевода» атты жинақта 1987 жылы басылып шыққан болатын. Мұның құндылығы үш түрлі стиль мәтіндеріндегі (көркем-әдебиет, ғылыми және публицистикалық) сөйлемдерді салыстыра-салғастыра қарастыруында. Әр стильге тән ерекшеліктерге қатысты сөйлемдер ішіндегі сөздердің бір-бірімен байланысын 5 түрлі сызбалар арқылы орыс тіліндегі сөйлемдерді қазақ тіліне аударуға қатысты өзіндік семантика-синтаксистік модель-үлгіні ұсынуында.
Ғалым Құдайберген Жұбанов аталған сызбаларына сілтеме жасау үшін мынандай айтылымдарды қолданған: «сызық арқылы байланыстырып көрсетсек», «мұның арқандалу ретін сызықпен көрсетсек», «қай сөз, қай сөзді жетектеп тұрғанын да сызбамен таңбаласақ», «сөздердің қалайша қиындасып тұрғанын сызықпен көрсетсек»және т.б.
Тілді оның формалды пішіні арқылы сипаттау «алмасу ақпаратының» мазмұндық сырын ашуға толық мүмкіндік туғыза бермейтіндіктен зерттеуге тиісті ақпараттың мағыналық, яғни семантикалық жағын бөлек қарастыру қажеттігі туындайды.
Жоғарыдағы тақырыпшаларда сөз болғандай, көптеген зерттеушілердің тұжырымдауынша, сөйлем мағынасы аса күрделі және көпаспектілі құрылым. Сондықтан синтаксистік модельдеу барысында ұстаным етілетін төрт түрлі ғылыми бағыттың үшеуі «әлем–ойлау–тіл» үшбұрышы элементтерінің қатыстылығына қарай, ал төртіншісі – «тіл–дам» прагматикалық қатынасына негізделеді. Ғылыми әдебиеттерде бұл бағыттар: онтологоцентристік, концептоцентристік, синтактикоцентристік және антропоцентристік бағыт деген терминдермен аталып жүр.
Міне, осындай көптеген терминдер арқылы аталып жүрген «қолданбалы тіл білімінің» жаңа бағытына қатысты мәселелер Қ.Жұбановтың зерттеулерінде дәл олай аталмағанымен, өзіндік мазмұнда молынан көрініс тапқан.
Жоғарыда қысқаша баяндалған мәселелер қазақ тілінің қолданбалы саласының жаңа бағыты бойынша жүргізілетін зерттеулерде өз жалғасын табатыны мәлім.
Әдебиет
1. Жұбанов Қ. Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: «Ғылым», 1999, – 581 б.
2. Жұбанов А.Қ. Қолданбалы лингвистика: формалды модельдер: Оқу құралы. – 2 бас. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 280 б.