Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ ЖАПОН ИЕРОГЛИФІН НЕ ҮШІН ҮЙРЕНГЕН?

ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ ЖАПОН ИЕРОГЛИФІН НЕ ҮШІН ҮЙРЕНГЕН?

Құдайберген Жұбанов ғылымға бейімділігін ерте аңғартумен қатар, әдебиет және көркемөнер мәселелерімен де шұғылданды. Оны халқының саяси-әлеуметтік жағдайы, рухани дүниесі көп толғандырды…

Қ.Жұбанов 1920 жылдан кейін «Еңбекші қазақ», «Кедей» газеттерінде әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, қоғамдағы басқа да келеңсіздіктер мен ауыл мәдениеті жайлы мақалалар жазып, ел өміріне үн қосып тұрды. Мұндай мақалаларды ол «Қараша бала», «Шекті» деген бүркеншек атпен жариялады.

Қ.Жұбанов Күйікқалада «Тез» атты, Темір каласында бір топ оқытушы, аудандық газет қызметкерлерімен бірігіп, «Ай» атты қолжазба журнал шығарды. Журнал жалпы көпшілікке, әсіресе, жастарға қатты әсер етті. 1927 жылы «Кедей» газетінде Қ.Жұбановтың «Таңжарықтың қуанышы» деген шағын әңгімесіжарық көрді.

Қ.Жұбанов 1920-1926 жылдары қазақ халқының ауыз әдебиетін өзі жүрген, естіген жерлерінен жинаумен де шұғылданған. Бірақ, өкінішке қарай, жазып алған мұраларды мерзімді баспасөз беттерінде жариялауды машық етпеген.

Құдайберген Қуанұлы өзінің кең дүниетанымы мен терең ғылыми мағлұматтарына сүйеніп, аз ғана уақыт ішінде көптеген еңбектер жазды. Тіл білімінің кәсіби маманы бола тұра, әдебиет, өнер, қоғамдық-әлеуметтік ой тарихында, мәдениет салаларында бағалы еңбектер қалдырды.

Жалпы тіл туралы, жаңа грамматиканың жаңалықтары, Абайдың әдебиеттегі, жалпы қазақ мәдениетіндегі алатын орны туралы, ортағасырлық сопылық дәстүрді негіздеген ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің дүниетанымы мен мұсылман әлеміндегі орнын белгілеп берген еңбектері, фольклор, музыка, күй жанрлары туралы рухани қазыналары - өте құнды дүниелер.

Профессор Жұбанов — араб, парсы, түрік және бұдан өзге бірнеше тілді жетік білген ғалым. Оны біз ғалым-зерттеушінің әрбір еңбегінен көре аламыз. Ол түркі халықтары тілін көркем әдебиет арқылы игерген. Әр халықтың көрнекті жазушы, қоғам қайраткерлерінің шығармаларын түпнұсқадан оқып, оларды заманына қарай бағалап, әділ сын айтып отырған. Бізді таң қалдыратын бір жайт, ғалымның қазақ филологиясының, әсіресе, қазақ тіл білімі мәселелерінің барлық салалары бойынша терең пікір айтуы. Мұхтар Әуезовтің пікірі бойынша: «Қ.Жұбанов – қазақ совет лингвистиканың атасы. Үлкен білім иесі болған, өз халқын, сол халқының асыл қазынасы — тілі мен мәдениетін сүйе білген, сүйе отырып, оған адал қызмет еткен зерттеуші- ғалым».

Профессор Қ.Жұбановтың терминологиялық тұжырымдамасы тек уақыт тегеурінінен өтіп қана қойған жоқ, ол қоғамдық- саяси, лингвистикалық, географиялық терминологиялык жүйенің негізі бола алды. Қазақ терминологиялық жүйесін жасау барысында бұл тәжірибені ескермей болмайды. Шындығында, А.Байтұрсыновтың еңбектеріне тыйым салынғаннан кейін, ғалымның дәстүрлі ісін, яғни ғылымның заңды сабақтастығын оның талантты ізбасары Қ.Жұбанов жалғастырды. Ол 1936 жылы «Жаңа грамматиканы» жазды. Осы «Жаңа грамматикадағы» салыстыру үшін қолданған біраз атаулар А.Байтұрсыновтың «Тіл құралында» да кездеседі.

Ғалым-ұстаз оқу-тәрбие мәселесімен айналысушы қауымға олардың оқыту барысында жекелеген деректерді түсіндіретін материалдардың көркемдік жағынан құнарлы болуын, керек жерінде халқымыздың этномәдениеттік дәстүрлері мен салт-санасы молынан көрініс беретін мақал-мәтелдерді қолдану керектігін қатаң ескертеді. Оның «қиынын тауып ұстатпасақ, сөз бөлшектері де сөгіліп кетеді» деген әдістемелік пікірі қазақ тілін оқыту әдістемесін жақсартудың ұйтқысы ғана емес, жалпы ұстаздық етуші қауымға, халық алдында әр түрлі тақырыптар мен мәселелер бойынша сөз сөйлеуші көпшілікке арналған. Құдайберген Қуанұлының оқулықтарға енген бұл ережелері бүгінгі күні де аса құнды. Әсіресе, осы қағида кеңесті тіл жанашырлары өздерінің күнделікті іс-әрекеттерінде басшылыққа алса, құба-құп болар еді. Өйткені, қазіргі кездегі «Тіл туралы» Заңды да, республикамыздағы тілдерді дамыту тұжрымдамасы мен оған қатысты бағдарламаларды да жүзеге асыру үшін алдымен өзгеге өзі үлгі бола алатын адамдар керек. Профессор Қ.Жұбанов ескертпелерінің бүгінгі мекеме басшыларына, әсіресе, оку-тәрбие мекемелері басындағыларға да тікелей катысы бар, Себебі, кез келген деңгейдегі басшы – ең алдымен, тәрбиеші. Олай болса, тәрбиешінің өзі барлық жағынан тәрбиелі болуы керек. Бұл тұрғыда ғалым сөз бен ойдың бірлігін айта келіп: «Сөйлеген адам өзіне сөйлемейді, басқа біреуге сөйлейді, Нендей ой білдірсе де, бәрі де өзінің білгенін білдіру болып шығады...» — дейді. Олай болса, үлгілі сөз, салмақты ой да білікті, білімді адамнан шығады. Тіл мен ойдың бірлігі дегеніміз де осы.

Қазіргі кезде халыққа үлгі болуға тиістілер арасында сөзінде сән жоқ, ойында мән жоқтар аз емес. Өзінің қарамағындағылар мен тәлім-тәрбиесіндегілерге «отырық», «тұрық», «жүрік», «келсей», «кетсей» деп сөйлеп, сөздері «мыс» пен «пысқа» аяқталып, мысы құрып тұратындар айналасындағыларға оралымды ойды қалай жеткізбек?! Ондай сөздермен берілген ой-пікір көпшілік жүрегіне жол тауып, көңілін қанағаттандырар ма, танымына таным қосып, санасын сергітер ме?!

Сөзге кедей адамдардың қайсыбірі өздерінің ой жұтаңдығы мен рухани мешеулігін кәсіби мамандығына аударғысы келеді. Бірақ, олар әрісі шығыс, берісі түркі әлемі ғұламаларының жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдарды бірдей игергенін, оларды былай қойғанда, беріректегі инженер М.Тынышбаев, статист-экономист Ә.Бөкейханов, дәрігер Х.Досмұхамедовтердің жеті жұрттың тілін біліп қана қоймай, гуманитарлық ғылымдарды да жетік игергенін біле ме екен?! Геолог-ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың Мұхтар Әуезовтің «Абай жолына» жан-жақты талдау жасап, оны қазақ халқының «рухани энциклопедиясы» деп бағалағанын, бұрынғы ҚарМУ-дің ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик Евней Арыстанұлы Букетовтың КСРО Жазушылар одағының мүшесі, гуманитарлық терең білімдар адам болғанын қайда қоямыз?!

Бүгінгі күні не көп, өзін ақын-жазушы санап жүргендер мен ғалым санатындағы ғалымсымақтар мен «ғылыми атағы» барлар көп. Көптік — сандық өлшем, бірақ, сан сапаға айналмаса, ешбір даму, жетілу болмақ емес. Осы заңдылықтардың бұзылуынан да бүгінгі ғалымдардың салмағы жеңілдеп, беделі төмендеп кеткенін жасыра алмаймыз. Бұлардың көпшілігі халық алдында сөйлеген сөздері мен білдірген пікірлерінде Құдайберген Жұбанов айтып кеткен талап деңгейінен көріне алмай тұр.

Қ.Жұбанов барлық еңбектерінде де өзінің теориялық білімінің тереңдігін танытып отырады. Белгілі бір мәселелер жайында қорытынды шығарарда ол көптеген тілдердің ортақ заңдылықтарын негізге алып, типологиялық салыстырулар жасап отырады. Ескі, көне түркі ескерткіштері мен Орхон-Енисей жазбаларын да молынан пайдаланып, олардың қыр-сырын қазіргі түркі тілдерінің заңдылықтарымен орайластыра отырып ашады. Тіпті, құрылысы басқа тілдердің кейбір заңдылықтарын ашу арқылы да қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін, өзіне тән сипаттарын тереңнен жүйелеп, үлкен ғылыми қорытындылар жасап отырған. Ғалым-ұстаз ана тілінің қадір-қасиетін, «тіліңді қадірлей біл, ана тілінде сауатты ойлай да, сөйлей де, жаза да біл, «ана сүтімен бой өсер, ана тілімен ой өсер» деген халық даналығын еске сақтау — перзенттік парыз»екенін уағыздап өткен. «Ана тіліңді біл, орыс тілін де және басқа тілдерді де біл, игер. Көп тілді меңгеру — мәдениеттіліктің белгісі, ғылым биігіне көтерілудің жолы, азаматтық саналылықтың,естіліктің, парасаттылықгың белгісі.

Тіл тағдыры халық тағдырымен байланысты. Ендеше, тілші-ғалым тілдің жалпы, теориялық жағдайын бес саусағындай білумен қатар, халықтың тарихын, оның тарихи көшіндегі өткелдері мен тар жол, тайғақ кешулерін, шарықтауын, құлдырауын, қайта өрлеуін тайға таңба басқандай білуі керек. Қ.Жұбанов қазақ тілі білімінің ғана емес, қазақтың тарихын, әдебиетін, ән-күйін өте терең білген. Оның «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» және «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы» дейтін ғылыми очерктерінде тіл тарихымен қатар, көркем әдебиет пен көркем өнер тарихы да, халық тарихы да молынан қамтылады.

Профессор Қ.Жұбанов туралы естеліктерге сүйенсек, ол өз қолымен толтырған анкетаның «Қандай шет тілдерін білесіз?» деген тұсына «орыс тілінен басқа неміс, парсы (иран), араб, түркі, монғол тілдерін, сонан кейін совет халықтар тілдерінен: коми, чуваш, грузин және түркі тектес халықтардың тілдерін білемін» деп жазған, Лингвист Қ.Жұбанов бірнеше тілді қатар меңгеруінің арқасында салыстырмалы-тарихи әдіспен терең зерттеулер жүргізді.

Түркі тілдерін зерттеуші академик А.Н.Самойлович, Шығысты зерттеуші, тарихшы В.В.Бартольд, тілші Л.В.Щерба және басқа да ғалымдардың еңбектерімен жете танысқан Қ.Жұбанов «қазақ тілін туыстас түркі тектес халықтардың тілдерімен салыстыру жеткіліксіз» деп білген. «Тіл – ең көне құбылыс» екенін ескере келіп, қазақ тілін монғол, угро-фин тілдерімен салыстырған. Тұңғыс-манчжур тілдерін місе тұтпай, КСРО ғылым академиясының Тіл және ойлау институтының аспиранты болып жүргенде тілдің бірнеше жеке түрін, оның ішінде жапон тілі иероглифін оқып-үйренумен шұғылданған. Жапон тілінің тұңғыс-манчжур тілі арқылы қытай-тибет тілдерімен ұштасатынын сезген Қ.Жұбанов жоғарыда аталған тілдер иероглифінің кілті — жапон тілі деп есептеп, жапон иероглифін үйренген.

Ол бұл іске өз халқының рухани әлемін, тарихын келесі ұрпаққа ғылыми негізде жеткізу мақсатында саналы түрде кіріскен. Осы жөнінде өзі былай деп жазды: «Қазақ тілі, қазақ тарихы жөнінде қытай тілінде көптеген дерек бар. Ол өте қиын. Көп уақытты керек етеді. Ал жапон тілі болса, о да оңай емес, бірақ қытай тіліне қарағанда ол недәуір жеңілдетілген және жапондықтар қытай тіліндегі ғылыми еңбектердің бірқатарын өз тіліне аударып алған. Мен сол тіл арқылы қытайлықтардың қазақтар туралы жазылған деректерін оқимын ба деп үміттеніп жүрмін».

Шындығында да, халқымыздың рухани тарихының көптеген қазыналары шет елдерде (Қытайда, Монғолияда, Германия мен Ресейде, тағы басқа елдерде) жатыр. Және бұл қазыналарды өз қандастарымыз зерттемеген соң, біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейтіннің» керін келтіріп, өзге елдің ғалымдарының ішінде тарихи шындықты өз мүдделеріне қарай бұрмалаушылар да болды, Міне, шетелдерде мол қазына жатқанын саналы түрде ұғынған азамат-ғалым кәсіби маман ретінде өз ізденісін халқының рухани, тарихи қажеттіліктерін өтеуге бағыштаған: жапон тілін де осы үшін үйренген.

Профессор Қ.Жұбанов інісі Ахмет Жұбановқа жастайынан зор қамқорлық жасап, оның білім алуына, қалыптасуына тікелей әсер еткен. Академик М.Қаратаев былай дейді: «Жақсы адамның жарығы мен жылылығы жарасқан жерде-ақ ол жүрекке кіріп бойды алады екен. Оны көрген, білген кісі, әсіресе, жақын жүріп етене істес болған кісі, оның есімін еске түсіргенде салқын қанмен самарқау сөйлей алмайды... Мәдениет қайраткері алдымен өзі мәдениетті болуы керек. Мәдениеттілікті кең мағынасында білімпаздық, парасаттылық, рухани тазалық және жан сұлулығы деп түсінсек, осы қасиеттің бәрі Құдайберген Жұбановтың бойына түгел және тұтас біткен еді.»

Профессор Қ.Жұбанов туралы естеліктердің ішінде, ғалымның жұбайы Раушан Жұбанованың асыл ағаның кең пейілділігін, азаматтық болмысын, парасаттылығын паш ететін мынадай жолдарға көңіл аудармай өту мүмкін емес: «Бір күні Құдайберген алтын қол сағаты бұзылып қалып, оны жөндетіп келуге Нәби деген жас жігітті ақшасын беріп жұмсапты. Жоқ-жұпыны кез ғой, сондықтан ол стипендия алғаннан кейін жөндетермін деп, сағат жөндеуге төленетін ақшаны басқа керегіне жұмсап қойыпты. Сағат уақтылы жөнделмей, ұзап кеткен соң Құдайберген арзан қалта сағатын сатып алады. Күндердің бір күні алтын сағатты жөндетіп Нәби келеді. Құдайберген оған: «Менің сағатым сенде жүр екен ғой, мен жаңа сағат сатып алдым, енді ол сағат сенікі болсын» — дейді. Нәби: «Аға, мына сағатыңыз алтын ғой,» – дегенде, «алтыны не, темірі не, сағат уақытты білдіру үшін жасалған құрал ғой, сен ала бер, өзі бір бұзылғыш сағат еді,»- дейді Құдайберген. Оның бұл мінезі ана сүтімен дарыған қасиет еді». Профессор Қ.Жұбанов жастар тәрбиесіне де ерекше мән берген. Қ.Жұбановтың сол тұстағы жастарды кітап оқуға, би үйірмелеріне (қатысуға шақырып, өзі де соған барып, тексеріп, оларды қанаттандырып, баулып жүреді екен. Жалпы, «ҚұдайбергенЖұбанов және жастар» тақырыбы өз зерттеушісін күтіп тұр ғой деп ойлаймыз.