ӨШПЕС ӨМІР ЖАЛҒАСЫ
Менің әкем, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов 1899 жылы желтоқсанның 19-ы күні Ақтөбе губерниясы, Темір уезі (қазіргі Мұғалжар ауданы) 9-шы ауыл Ақжар деген жерде дүниеге келген. Бастапқы білімін әкесі Қуан ашқан ауыл мектебінен алып, әрі қарай сол маңдағы Оспан ишанның мешітінде 3-4 жыл окиды. Кейін Жұрын қаласының мектебініде бірден 4-сыныбына түсіп, оны үздік аяқтайды. 1914-1916 жылдары Орынбор қаласындағы «Хұсайния» медресесінде оқуын жалғастырады. Ал 1917-1918 оқу жылында Күйік қаласындағы (Елек) орыс училищесінің соңғы курсына қабылданып, орта білімін сонда аяқтайды. Ленинградтың Шығыс тілдері институтын (экстерн ретінде) бітіріп жоғары білімге ие болады.
Әкеміз анкетаға жауабында өзі көрсетуі бойынша, мына тілдерді білген: неміс, араб, парсы, түрік, монғол, чуваш, коми, грузин, қазақ, орыс жөне түркі тілдері.
1919 жылдың күзінде менің атам Қуан 47 жасында сүзектен дүние салады. Көктем айында оның інісі Тәпен де қайтыс болады. Енді екі үйлі жанды асырау, үлкендеріне тірек, кішілеріне қамқоршы болу 20 жасар Құдайбергеннің басына түседі. Сөйтіп, әкеміз қызмет істеуге кіріседі. Бала оқытудан бастайды. Ол кезде қазақ даласында жаңа кеңес дәуірі енді-енді ене бастаған шақ болатын. Әкеміз жас маман бола тұра ауылда ағартушылық жұмыспен қатар, жаңа тұрмыс, жаңа кұрылыс орнатуға белсене кірісті. Жұрындағы қызыл штаб мүшесі болып, өз ауылы Темірорқашқа кеңес тәртібін орнатуға көмектесті.
Аудандық оқу бөлімінде инспектор қызметін атқара жүріп ол күнделікті өмірге ісімен де, сөзімен де араласады. 1920-1922 жж. Ақтөбе қаласында шығатын уездік «Кедей» газеті редакциясына жиі келіп, сол газетте көтерілген кейбір келелі мәселелерге сүйеніп, мақтау айтып, өзі де түрлі тақырыптарға мақалалар жазып тұрады. Әсіресе оқу-тәрбие жұмыстары жайлы көбірек жазады. Сонымен бірге әкеміз сол кездегі көкейкесті мәселелерге, қазақ кедейлерінің тұрмысына, ауылдағы ескі ғүрыптарға, әйел теңдігіне арналған түрлі әңгіме, өлең, пьеса, сықақтар жазып тұрыпты.
Ақтөбе қаласында екі қызметті қатарынан атқарып, бір жағынан, губерниялық оқу білімінің әдістемелік инспекторы, екінші жағынан педтехникумның мұғалімі болып жүрген.
Қажырлы әрі тәжірибелі әдіскер-педагог Жұбановты 1928 жылы көктемде Республиканың ағарту халық комиссариаты (осы күнгі Білім министрлігі) сол кездегі астана Қызылордаға қызметке шақыртады. Бірақ ол мұнда ұзақ уақыт істемейді.
1929 жылдың 14 қаңтарында Қазақстан Ағарту Халық Комиссариатының коллегиясы «Жұбанов жолдасты ғылыми жұмысқа пайдалану туралы» мәселе қарап, бірнеше тілді жақсы білетін, коғамдық ғылымдардан мол хабардар деп, әкемізді Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқуға жібереді. Ол жердің түсу сынағынан өтіп, сол кезде «тюркологиялық семинар» деп аталған, академик А.Н.Самойлович басқарған тіл ғылымы орталығында болып, зерттеу жұмысымен де айналыса бастайды. Сол 1929 жылдың маусым айында Қызылордада қазақ емлесіне арналған конференцияға шақырылады. (Ол кез жазғы демалыс уақыты болатын). Сол конференцияда менің әкем Құдайберген Қуанұлы латын әліпбиіне көшуге бет бұрған кезде қазақ лингвистері алдында емле қағидаларын белгілеп алу міндеті тұрды, жаңа графикаға көшу оңай нәрсе емес еді. Жаңа жазудың жаңа емле жүйесі ғылыми негізге сүйенуі, әрі тілдің болашағы мен даму сатысын есепке алу керек болды. Ол үшін тағы өзгелермен айтысу кажеттілігі тұрды.
Тіл білімін игеруді, теориялық білімін толықтыруды ойлаған әкеміз 1930 жылдың күзінде Ленинградқа қайта оралып КСРО ғылым Академиясының «Тіл және ойлау» институтына (Қазіргі Тіл білімі институты), ондағы «Яфетидологиялық семинарға» аспирант болып ауысады. Ленинградта оқыған жылдарында, сол жерде кызмет еткен ірі-ірі тіл мамандарымен танысады, кейбіреулерін тыңдап, кейбіреулерінен оқып, тәрбие алады. Оқып жүрген кезінде жазған «Мағынасыз сөздердің мағыналары» атты жұмысын 1930 жылы Алматыда болған Қазақстанның өлкетану съезінде (кейбір мақалаларда бұл «Тюркологиялық съезд» деп те аталған) көпшілік алдында ұсынады. Осыдан былай қарай Қ.Жұбановтың ғалымдық қызметі басталады. 1932 жылы аспирантураны аяқтап, жолдама альп, әкеміз Алматыға оралады. Қазақ педагогикалық институтында Алматыдағы, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі әрі профессоры болып қызмет етеді. 01.09.1932-20.11.1937 жж. Бұл жақта оны жоғарыда көрсеткендей талай-талай қызықты жұмыстар күтіп тұрады. Сол жылдары әкеміз бар ынта-жігерін қазақ мектептерін ғылыми негізде жазылған сапалы оқулықтармен, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарымен аз уақыттың ішінде қамтамасыз етуге жұмсайды. « 30-шы жылдары жоғары оқу орындары пайдаланарлықтай қазақ тілі грамматикасының курстарынан құралақан кезіміз болатын» — дейді белгілі тілші Рабиға Сыздықова «Ғалым-Азамат» атты кітабында.
Қ.Жұбанов сонымен қатар 1935-1936 жылдарда Қазақстанның ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесінің мүшесі болды.
1935 жылғы Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғаның бірі — мәдени құрылыс қызметкерлерінің бүкіл қазақстандық съезі болды. Съездің күн төртібіне үш мәселе қойылды:
1) Қазақстандағы мәдени революция.
2) Қазақ тілі туралы (орфография, термин және әдеби тіл).
3) Мектеп туралы.
Ағарту Халық комиссариаты съездің екінші мәселесін дайындауды және негізгі баяндаманы Қ.Жұбановқа тапсырды. Сонымен қатар комиссариат съездің күн тәртібіне байланысты ғылыми мәселелерді шешу үшін 35 адамнан тұратын Академиялык Комиссия құрады. Оның төрағасы Қ.Жұбанов болады. (Бұл комиссияның ішінде М.Әуезов, І.Кеңесбаев, С.Жиенбаев, С.Талжанов т. Б. Бар).
Съезде Қ.Жұбанов «Қазақ әдеби тілінің жай-күйі» туралы баяндама жасап, онда қазақ тілінің терминологиясы мен емлесін, сол кезге дейін болып келген қателіктер мен бұрмалаушылықтарды, сондай-ақ баспа бетін көрген кітап, газет-журналдардың тілі мен жазуындағы жауапсыздықтан кетіп жатқан қателерді көрсетеді. Олардын себептерін ашып, түзету амалдарын атайды. Съезд осы баяндама бойынша қаулы алады. Осы қаулыны жүзеге асырудың бір шарасы — қазақ тілі оқытушыларының мамандығын арттыру мақсатымен курс-семинарлар ұйымдастыру болады. Семинарда біздің әкеміз тындаушыларға түсінерліктей дәрежеде қазақ тілі ғылыми курсынан дәріс оқиды. Сонымен қатар, қазақ мектептерін сапалы оқулықтармен, оның ішінде ғылыми негізде жазылған казақ тілі мен әдебиеті оқулықтарымен аз уақыттың ішінде қамтамасыз етуге бағыт алды. Өзі ғана жазып қоймайды, басқаларды да жұмылдырады. Осы кездері 1930 жылы әкеміз Құдайберген үш баланың әкесі болған үйлі-баранды, жасы болса отызға келген ересек адам еді. Бұл уақыт жөнінен біздің үлкен апайымыз Мүслима және ағаларым Ақырап пен Есет естеліктерінде өздерінің әкесі туралы есте қалғандарын айтып, қағаз бетіне түсіріп, оқырман халықпен ой бөліскен болатын. Ал менің ерекше тоқтағым келетін мына мәселе. 1932 жылы біздің әкеміз Қ.Жұбанов аспирантураны аяқтап, Алматыға оралды дедік. Ол мұнда Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орны Мемлекеттік педагогикалык институтгың (КазПИ-дің) профессоры болып істейді. Қазақ тілі мен әдебиет кафедрасын меңгереді, дәріс оқиды. Сонымен қатар, отбасында жұбайы Раушан Оспанқызы екеуінің тағы да үш баласы дүниеге келеді (екі қызы Қызғалдақ, Қырмызы жөне кенже ұлы Асқар). Мен осы Алматыға көшіп келгендегі бірінші бала болыппын. Менен үлкендері Ақтөбе өңірінде ауылда дүниеге келгендер еді. Олар бізден гөрі әке шарапатын көбірек көрген, бірге жүрген, қиындық жағдайды да шешемізбен бөлісе білгендері рас. Бірақ біз дүниеге келген кез әкеміздің кемеліне келген, сүйген жары Раушанмен бақытты өмір сүрген уақытқа тура келеді. «Әкелеріңнің нағыз күрделі ғылыми еңбектерінің жарық көруі, сол Алматыға келген кездерде, сендердің дүниеге келген қуанышты сәттердегі кезеңдер болатын» деген еді
анамыз.
Мысалы. 1935 жьшы «Қазақ терминологиясы» жарық көрді. Бүл ең құнды еңбегінің бірі болатын. Бүл еңбегі арқылы, қазақ тіл білімі тарихында қазақ терминологиясының жасалу, қалыптасу бағытын жүйелі ғылыми түрғыдан терең зерттеген, әрі оған жаңа арнамен жол сілтеген менің әкем Кұдайберген Қуанұлы болған екен.
Әкеміз осы көрсетілген жұмыстардың барлығын атқарумен қатар, республиканың мәдени өмірінде жылма-жыл болып жатқан өзге де әр түрлі мерейтой, конференция, мәжілістерге қатысып, кейбіреулерін өткізуге басшылық етеді.
1936 жылы қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің орын тарихынан «Из истории порядка слов в казахском предложении» деген кітабы баспадан шықты. Бұл еңбектің ерекшелігі, казақ тілінің сөйлем мүшелер тарихын басқа түркі тілдерден бөліп қарамай, өзі еркін игерген түркі халықтарымен байланыстыра қарауында, салыстыра алғандығында. Сөйтіп, бұл еңбегі бүкіл түркі халықтарына пайдалы, алғашқы қорытынды құрал болды. Бұған дейін бұндай қорытындыны ешкім айтпапты.
1936 жылы көмекші жөне күрделі етістіктер туралы «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах» деген еңбегі орыс тіліндежарық көреді.
«Қазақ тілінің грамматикасы, І-бөлімі. Жалпы морфология» деп аталатын кітабы да сол жылы жарыққа шықты. Бұл — мектепке арналған, ғылыми негізге сүйеніп жазылған қазақ тілінің тұңғыш кеңестік оқулығы болатын. Орта мектептің 5-7-сыныптарына арналған қазақ тілі бағдарламасы да әкеміздің қаламынан шығып, 1936 жылы жарықкөреді. Осы жылы 3-4 жылдан бері қарай іздестіріп, зерттеп, бір жағынан, дәріс ретінде оқып жүрген материалдарын «Қазақтілі жөнінен зерттеулер» деген сериямен 10 бөлек кітапша етіп баспаға тапсырады. 1937 жылғы қазан айына дейін де әкеміз қыруар еңбек етеді. Қазақ тілінің ғьлыми грамматикасының жүйелі толық курсын жазуға кіріседі. Оның «Фонетика» деп аталатын Iбөлімін осы жылдары аяқтап, 1937-38 жылдары баспаданшығармақшы болады, мектеп грамматикасының IIбөлімін жазып бітіреді, әр түрлі жинақтарға ғылыми мақалалар жазып береді. Қазақ тілінің«Түсіндірме сөздігінің» Iкітабын жазып дайындайды. Бірақ бұлардың көбі сол қырсық 1937 жыл трагедиясына байланысты жарық көрмей қалады. Сонымен, әкеміздің біраз еңбектерініңаттарын атап, ерекшеліктеріне тоқтау себебім, ол кісінің өте азғантай жасаған ғұмырында артында еліне ешқашан ұмытылмайтындай қыруар еңбекпен келген сүбелі іс қалдыруының себебі мынада деп ойлаймын. Біріншіден - өзінің табиғат берген таланты, ерекше білімділігі, халқына сүйіспеншілігі, еңбекқорлығының арқасы. Екіншіден — сол кездегі өзінің, көңіл күйінің шарықтау биіктігі, анамыз Раушан екеуінің бір-біріне деген шын сезімдеріотбасына деген ерекше махаббаттарына байланысты деп ойлаймын. Шешеміздің бізге көп әңгіме етіп айтатыны, өзінің әкеміздің еңбек жолын түсінуі, сол еңбектің келешегі адамзатқа пайдалы екенін сезіп, талантына бас иуі, оған жағдай туғызуы болатын. Дүниедегі ең маңыздысы балалары екенін біліп, оларға шаң тигізбей тәрбиелеуге тырысты. Оларды адамгершілікке, әкеге деген сүйіспеншілікке тәрбиеледі, бастарынан қандай қиындық өтсе де, өздерінің кімнің баласы екендерін ұмытпауға тәрбиеледі. Әкеміздің дәл сол қиын кездегі ең сенімдітірегі, аяулыжары, біздің анамыз Раушан Оспанқызы болыпты. Отбасы мен бала-шаға ауыртпалығын тағдыр тауқыметін өз мойнына алып, біздерді осы күнге аман¬есен жеткізді.
1937 жылы кеңес одағындағы, әсіресе қазақтар үшін қасірет жылы, адам шашы тік тұратын, ешбір елде болмаған зұлымдық жыл екені мәлім. Біздің отбасымызда бұл жағдай қалай болды деген сұраққа жауап беру үшін, үш жарым жастағы бала болсам да көргендерім мен естігендерімді ортаға салуға тырысайын.
Менен үлкен Мүслима мен Ақыраптың айтуынша әкеміз жұмыс бабымен Мәскеуге іссапарға жиі барушы еді. Ол жүмыстар: Наркомпрос бекітетін жоспар, бағдарламалар, ғылыми жүмыс тақырыптары, орталыққа оқуға жолдамамен жіберген жас ғалымдардың жағдайлары, тағы басқа жас республикамыздьң толып жатқан мәдеи-ұйымдастыру шаруалары, Алматыға оралғанда, газет-журнал беттерінен әр түрлі мақала оқып, саяси жағдайға аң-таң қалып, «не болып барады?» дегендей көңіліне күдік те кіреді екен. Кей кезде өздері танитын, араласып жүрген адамдар туралы газет беттерінен оқығанда шешеміз екеуі, басқа бөлмеге барып оқып, «апыр-ау, бұл қалай?» деген ойға қалып, «бұл мүмкін емес» деп, ылғи жақсылықтан үміттенеді екен. Кейін келе өзінің кейбір таланты бар, осыдан бірдеме шығар, деп жүрген шәкірттері (С.Аманжолов, Е.Сымайлов т.б) өзін (әкемізді) қаралап мақала жаза бастапты. Біраз адам ұсталып, қайта шығыпты. Олар өздерін енді мүлдем басқaша ұстапты. Сонымен қазақтың бетке ұстарлары, сүт бетіндегі қаймағы, жаңа үкімет құруға қасық қанын аямаған қайраткерлер «халық жауы» атанып, қапелімде ұсталып кете барыпты.
Сол 1937 жылы қараша айының ортасында анамыз Раушан соңғы баласына аяғы ауыр болып, босануға емханаға жатқан екен. Бір жетіден кейін үйге шығатын уақыты болады. Содан бір күн бұрын әкеміз үлкен қызы Мүслиманы ертіп, өзінің інісі, ағамыз Ахмет Қуанұлының үйіне барыпты. Ол үйде өзінің шешесі Бибішынар әжем бар, балалары бар (Ғазиза, Болат, Сәуле, Қайыр және Роза емшекте), келіні Науат ұйықтап жатыпты. Олар әбігерленіп, Нәукенді оятыңыз, деген екен, әкем «жоқ-жоқ оятпа, ұйықтай берсін, шешей бар ғой» деп, әжем қайнатқан шәйді ішіп, сол үйден кеткісі келмей, көп отырыпты. Ахаңмен көп әңгімелесіпті. Соған қарағанда өзі бір нәрсені сезіп келген болуы керек – дейді Мүслима. «Егер бірдеңе боп кетсем, осы екі үлкенімді саған тапсырдым»- депті Ахаңа.
Соның ертеңіне, 19 қараша күні шешемді, жаңа туған баласы Асқар екеуін шығарып алып келуге әкеммен бірге барғаным әлі есімде. Киров көшесі мен осы күнгі Сейфуллин көшесінің бұрышы, бұрынғы Өзбек көшесі болатын. Қара машинамен бардық, фойеде күттік, бір уақытта есік ашылып, ішінен қолдарында кұңдақтаған бала бар екі дәрігер мен шешем бірге шықты. Олар әкемді кұттықтап, қолына баланы ұстатты. Сөйтіп, бәріміз машинаға отырып, үйге келдік.
Үйде әжем Жаңылсын және басқа балалар бар, бәрі қуанып, анамды құшақтап жатыр. Әжем ас үйде болуы керек, үйге керекті бір нәрсе алу үшін ғой деймін, әкем «қазір келемін» деп, сыртқа шығып кетті...
Содан кейінгі жағдайды айтуға аузым да бармайды. Әкеміз үйден шығып кеткеніне шамалы уақыт өтпей-ақ есік қағылып, сұп-сұр киім киген екі адам келіп әкемді сұрайды. Көп ұзамай әкем де кірді. Екі адам әкемізбен бірге кабинетіне кіреді. Біраздан кейін әкеміз әуелі анамды, содан кейін бәрімізді қасына шақырады. «Папа, бұлар саған не деп тұр?» деген баласының сұрағына, әкеміз жауап беріп: «Бұлар мені «жау» деп тұр, кімнің «жау» екенін көрерміз!»- депті келгендерге ызғарланып. Сөйтіп, алды-артына қаратпай, әжемнің алып келген бір кесе шайын да ішкізбей, бала-шағасын шырылдатып алып кеткен.
Осы жағдай, жанын жаралаған естиярлау апамыз Мүслима әкемізді жоктау ретіңде талай рет өлең жазды. Тіпті бала кезінде де әкесін іздеп, зұлымдыққа жаны шыдамай жазған бірнеше өлеңдері бар. «Әкені еске алу» поэмасынан аз ғана үзінді келтірейін. («Казақ әйелдері» журналы N12, 1989ж.).
Есте қалды сол бір күздің аспаны
Бұлт түнеріп, қар ұшқыны басқаны
Осы күзде етек алып қиянат.
Талайлардың берекесі қашқаны.
Ноябрьде туған інім нәресте,
Қуана алмай жылағанбыз- әлі есте.
Шешем үйге әкелгенде бөбегін
Әкемізді алып кетті сол кеште.
Сұп-сұр болып үйге келген екі адам,
Босағадан аттамады бір қадам.
Сезгеннен соң әкем келе жатқанын
Мен есікті ашпақ болдым жалма-жан.
Әлгі адамдар ұстай алды қолымнан,
Бейне жылан атылғандай жолымнан.
Шошынғаннан сонда жүрек жылады
Сол сезімнен жаным жаман қорынған.
Сол-ақ екен балалығым үзілді.
Күнгірт күндер қайтқан қаздай тізілді.
Барлығымыз аман-есен өссек те
«Жау» деген сөз торып жүрді ізімді.
Қайран әке, ақ екенсің қуандық-
Талай жылдар қайғы-мұңмен қуардық.
Адамдарды дәл осылай қорлаған
Қайдан келді елге мұндай қуандық.
Қайдан табам сендей, әке, жанды енді
Дәл осындай неден ауыр хал келді?
Қайран әкем нардың жүгін көтерген
Қай жендеттің қолынан сен жан бердің?
Қайда жатыр сенің асыл сүйегің?
Топырағыңды қайдан тауып сүйемін?
Сай саланы түгел шарлап шығар ем.
Естілсе егер құлағыма киелі үн,
Өкініштен көңіл өксіп жылады.
Жаспен жумай қайғы немен тынады.
Өкінсек те кеш келді деп әділдік.
Қайта жанды әкеміздің шырағы...
Амал қанша, әкеміз сол кеткеннен оралмады. Бізді отырған үйімізден басқа үйге ауыстырды. Әкемді алып кеткеннің ертеңіне олар (НКВД) әкемнің кабинетіндегі қолжазбасын жердегі кілемге салып буып-түйіп, киім-кешегі, дүние-мүлік былай тұрсын, балалардың ойыншықтарына шейін тиеп алып кетті. Соның ішінде менің қуыршағым кетіп бара жатқанын көзім көрді. Бірақ ешқайсымыз жылаған жоқпыз. Сілейіп бір жерге қарап отырған анамның айналасында бәріміз бүрсиіп тұрдық. Тек, ойбайлап кіріп-шығып жылап жүрген нағашы әжеме қарап, анам: «Болды! Жылама! Әкете берсін, Қүдайбергеннен артық па?» — деді.
Осындай ел қамын ойлаған адал жанды зәбірлеп, «жау» деп жала жапқан, ардан безген қара жүректілерге қарғыстан басқа не айтарсың.
Дегенмен, сол ауыр жылдардың өзінде әкеміздің нағыз адал шәкірттері, азаматтық қасиетін жоғалтпаған ізгі адамдар да болыпты. Шешеміздің айтуынша әкеміздің көзін көрген қызметтес адамдар бізге демеу көрсеткен... Шиеттей бала-шағамен отырған үйімізден шығарылып, далада қалғанымызда А.С.Пушкин атындағы кітапхананың директоры Мұхтар Жанғалин деген азамат бізді кітапхананың бір бөлмесіне кіргізді. Бұл сол 1937 жылы екінің бірі бел шешіп кірісе алмас ерлік еді – деген анамыз Раушан. Әкеміздің алғашқы тексерушісі Мавлюдов деген адам, басынан бақыты тайып тұрған бізге біраз қол ұшын беріпті. Ол бізді апта сайын, аз уақыт болса да әкемізбен кездестіріп тұрыпты. Тіпті, КазПИ мен Наркомпростан, Академияның Қазақ бөлімшесінен алынбаған әкемнің бірнеше жылдық тиісті демалыс айларының ақшасын төлеттіріп беріпті. Осыған қарап шешеміз бәрін жақсылықка жорып, әкемізден күдерін үзбепті. Арты жақсылық болар деп сеніпті. Сөйтіп, әкеміздің артынан төрт ай бойы шешеміз барып, балаларын кезекпен апарып, көрсетіп тұрыпты. Солай бір барғанда әкеміз Қырмызы деген сіңлім екеумізді екі қолына көтеріп тұрғаны, төс қалтасынан алып, екі кәмпитті екеуімізге ұстатқаны көз алдымда. Бізден үлкен Мүслима мен Ақырап, орыс тілінде сөйлегендіктен, үнемі телефон арқылы әкемізге қашан, қалай баруға болатынын сол Мавлюдов арқылы біліп, кездесіп тұрыппыз. Бір күні ол адам, «шешең бар баласын түгел алып, тез жетсін» депті. Алдында әкемнен үйге хат келіп: «жылы киім-кешек керек, бізді баска жаққа алып кететін болды» деген соң, шешем байғұс түнімен жылы киім тігіп әлек бопты. Үйдің тағамын алып, азын-аулақ арасына ақша салып, әкеме барыппыз. Әкемді ең соңғы көруіміз екен. Бірак, біз оны қайдан білейік. «Енді басқа жаққа алып кетеді, хош-хабар күтіңдер» дегенге сеніп, бұдан кейін бір жақсылык болар деген үмітпен жүрдік. «Хош болыңдар, мен басқа есіктен шығамын, сендер анау есіктен шығасыңдар» дегенге Қырмызы екі-ақ жаста болса да, хош деп, қолын былғапты, ал мен болсам бақырып жылап, әкемді жібермеймін деп, әлек болыппын. Шешем екеуі сөйлескенде, әкем өзі үшін емес, бала-шағасы үшін қатты қиналыпты. «Қой, сені оқытуым керек екен ғой, енді қайттік» деген сөздер аузынан шығып, қайран әкем қынжылған кезінде, шешеміз қайрат көрсетіп, жігерлендіріп сөйлепті: «Әуелі өзің үйге аман-есен оралшы, сонда көріп аларсың, балаларыңның қандай болып өскенін» депті.
Сол айтқанын орындау үшін, әкеме ант бергендей болғанын өмірі ұмытпай, намысына тырысып, қолында қалған алтауымызды қанаттыға қақтырмай аман-есен өсірді ғой. Он жылдан кейін де оралмаған әкемізді жиырма жыл өтсе де күтіп жүріпті. «Қалай? Уәдемді орындадым ғой» деген бір ауыз сөз айтпақшы екен. Ол ойы орындалмай өкініштің өзекті өртегені болмаса, тұрмыс қиыншылығына қарамастан уәдесін орындап, «бәрін оқытып, жоғары білім әпердім. Бәрі де еліміздің адал азаматтары болып өсті, әке жолын қуып, ғылым жолына түскендері де бар» деп еді асыл анамыз Раушан.
1938 жыл да қасіретті қаралы жыл болды. Талай қазақтың бетке ұстар зиялыларымен бірге менің аяулы әкемді де о-дүниелік еткен жыл болатын. Халықтың үрейін ұшыру үшін, ұсталған адамдардың тізімін радиодан әшкерелеп, мынадай-мынадай халық жаулары пәлен уақытта атылды, «шешім орындалды» деген суық хабарлар радиодан хабарланып, газет беттерінде басыла бастаған. Бірақ қаншама кұлақ түріп тыңдағанымызбен, ішінен біздің әкеміз көзге ілініп, құлақпен естімеген соң, дәтке-қуат болады. Бірақ, «бүгін ананың әйелін ұстапты, кеше пәленшенің әйелін алыпты, балаларын детдомға беріпті» деген қауесеттер шығыпты.
Бір күні біздің отырған үйімізге анамның араласып жүрген, үнемі бірдемелерді тіктіріп алып жүрген Сара деген бір әйел келіп, құлап, жығылып, жүрегі ауырып, су сұрап ішіп, артынан есін жиып, көргендерін айтыпты. «Осы жаңа ғана бір адамның (фамилиясы Манеев деді білем) әйелін ұстап, балаларын детдомға жіберіп, дүние-мүлкін тиеп әкетті. Тез ғана көшіңдер, елге барыңдар, мен поезға билеттеріңді әкеп берейін, әйтпесе, саған да кезек келеді Раушан» деді.
Содан үйде қалған ұсақ-түйек, киім-кешекті жиып, шырылдаған алты баламен, алды Мүслима 12 жаста, соңы Асқар бес жарым ай, қолымызда нағашы әжем бар, бәріміз поезбен елге аттаныппыз. Билет әкеп беріп, шығарып салып, бізге көмектескен әлгі Сара деген әйел болыпты. Анам оған рахметін айтып, бүкіл көтере алмайтын заттарын соған тастапты. Ішінде іс тігетін машинасы да бар. «Егер Құдайберген хабарласса, артынан тамақ апарарсың» деп ақша да беріпті. Вокзалдың өзі де қауіпті жер болғандықтан, ол әйел анамды жасырып: «Бетіңді ешкімге көрсетпе, біреу танып қояды» деп, балаларды да бөлек- бөлек ұстап, әйтеуір нағашы әжемнің болғаны арқасында шашырамай поезға отырыппыз. Шіркін, ана дегеннен ержүрек адам жоқ екен ғой. Айтайын деп отырғаным, тек өз шешем ғана емес, өзімнің үлкен әжем Бибішынар, сонау бірінші Алматыдан аттанатын поезға келіп, бізді шығарып салып, әбден қараңғы түсіп, поезд жүріп кеткенше ақжаулығы шошайып, сол жерде поезға қарап қала беріпті. Сол 1938 жылдың сәуір айында кеткеннен мен Алматыға соғыс аяқталып, елге сәл тыныштық орнаған 1946 жылдың жазында ғана оралдым.
1957 жылы қазан айында әкеміздің туған інісі, біздің аяулы ағамыз, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов «Қазақ әдебиеті» газетінде өзінің ағасы жөнінде «Өмірі - өнеге, еңбегі — үлгі» атты мақаласын жариялады. 1966 жылы «ғылым» баспасынан «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты әкемнің жинағының бірінші басылымы және 1999 жылы ғалымның жүз жылдық мерейтойының қарсаңында осы жинақтың толықтырылған екінші басылымы жарық көрді. Бұл кітапқа енген ғылыми еңбектер Қ. Жұбановтың туындыларының барлығын бірдей қамтымайтыны анық.
1964 жылы ғалымның 65 жылдығын атап өтуіне байланысты қазақтың Киров атындағы МемлекеттікУниверситетінің филология факультетінде ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Осының қарсаңында таралымы көп тиражды «Қазақ университеті» газетінің бетінде Қ.Жұбановтың ізбасар әріптестері I. Кеңесбаев, М. Балақаев, Б. Кенжебаев, Д. Әлімжанов, Р. Сыздықова, т.б. аға ғалым жайында ой-пікірлерін білдірді, естелік жазды. Төралқада академиктер: С.Кеңесбаев, А.Жұбанов, профессорлар: М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, Б. Кенжебаев, менің шешем Раушан Жұбанова, А.Ысқақов, Ж.Аралбаев және М.Базарбаевтар болды. Баяндамашылардың арасына сол кездегі талантты жас ғалым Р.Ғ.Сыздықова: «...Қ.Жұбановтың 20-шы жылдардың екінші жартысы мен 30-шы жылдарда белсене қатысып, көп еңбек сіңірген саласы казақтың ұлттық жазуын, емлесін және терминологиясын жасау, жетілдіру және қалыптастыру мәселелері болды. Ол латын әліппесіне көшуге, ғылыми негізге сүйенген жүйелі емле ережелерін құрастыруға және термин жасау принциптерін белгілеуге арналған конференция, съездерде жобалар ұсынып, баяндамалар жасап, сөз сөйлеп, өзінің азаматтық, ғалымдық борышын ақтады.» – деді. Бұл пікір қазіргі уақыттың жаңа лебімен болған тәуелсіз газеттердің бетіндегі мақалалармен үндеседі: «Ғалымның тіл ізденіс нысандары: фонетика, лексика, морфология, синтаксис мәселелері. Тіл білімі бойынша жазған еңбектері Қазақ әліпбиі мен орфографиясы мәселелеріне арналған. «Көмекші етістіктер мен күрделі етістіктер», «Қазақ тіліндегі біріккен сөздердің жасалуы», «Фонетика», «Буын жігін қалай ажыратуға болады» т.б. еңбектері – қазақ тіл білімінің теориясын жасауға және оны дамытуға қосылған үлес деп бағалануда. Қ. Жұбанов латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын жасауға қатысты. Ол саяси-әлеуметтік, халықтық мәні зор жазу, емле, термин мәселелерімен шұғылданды. Қабылдаған латын әліппесіне қазақ жазуында болмаған әріптер енгізуді ұсынып, бұл әріптердің интернационалдық терминдермен орыс тілінен енген сөздерді дұрыс таңбалауға қажеттігін дәлелдеді. 1935 жылы қазақ әліппесі мен емлесін жақсартудың жобасын ұсынды. «...Күні бүгінге дейін әлі шешімін таппаған, қазақ үшін бірінші кезектегі тіл мәселесін өткен XX ғасырдың басында-ақ, зерделей зерттеп, ғылыми-теориялық негізін салған ғалым еңбегіне баға жетпейді».
Ал 1964 жылға қайтып оралсақ, сол жиында әкеміз туралы айтылған жалынды лебіздер, оның көзін көрген әріптес-шәкірттерінің естеліктері оның балалары, біздер үшін өте қымбат, қайғылы зұлымдықтың өкініші естен ешбір кетпестей жағдайда болдық. Бәріміз жылап, көз жасымызды тыя алмай отырдық. Оны сезген ағамыз А.Қ.Жұбанов былай деп сөз сөйледі: « Ол кісіні өлді деуге болмайды. Мынау отырған жеңгеміз Раушан балаларын түгел сақтап қалды, бәріне жоғары білім әперді. Мүслимасы мен Есеті ғылым жолында, Ақырабы сурет салу жағын ұстаған, Қызғалдағы экономика әрі саяси ұйымдастыру жағын ұстаған, Қырмызы шетел тілін әрі педагогтік бағытты алыпты, Асқары математика жағында – деп бізді қолпаштап сөйлеген еді. Бұл конференциядағы баяндамашылар тақырыбы төмендегідей болды:
• Академик І.Кеңесбаев. «Профессор Қ.Жұбанов және оның ғылыми-педагогикалық мұрасы»
• Профессор Ғ.Мұсабаев. «Көрнекті ғалым» Қ.Жұбановтың өмірі мен мұралары туралы
• Академик М.Қаратаев. «Профессор – патриот»
• ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ф.ғ.д. М.Балақаев. «Ардақты ұстаздың жарқын жүзі есімде»
• ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ф.ғ.д. А.Ысқақов. «Профессор Қ.Жұбанов және қазақ тіл білімі»
• Қазақ КСР халық жазушысы Х.Есенжанов. «Ғалымдар ағасы»
Басқа да ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері шығып сөз сөйледі. Осы аттары аталған
адамдардың баяндамалары, естеліктері түгел Қазақстан басылымдарында газет-журнал беттерінде жарияланды.
Ал, 1990 жылы тіл мен әдебиет және өнер саласындағы қазақ ғалымдарының Қ.Жұбановтың
еңбектеріне көзқарасын білдіретін «Құдайберген Жұбанов және Қазақ Совет тіл білімі» атты жинақ
ҚазКСР ҒА-ның тіл білімі институтының ғылыми кеңесінің шешімі негізінде баспадан шықты.Бұдан кейінгі жылдарда ғалымның 70, 80 жылдық мүшел тойларының Қазақ ССР ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесі, тіл білімі институты тарапынан аталып өтуіне орай мерзімді баспасөз беттерінде мақалалар, хабарлар беріліп тұрды. Жоғарыда аталған жинаққа әр тұстағы, түрлі жазбаларды барынша қамти отырып, ғалымның көзін көрген қадірменді азаматтардың тың естеліктерін молынан пайдаланып, мүмкіндігінше кітапқа енгізілді. Академик Ә.Т.Қайдаровтың кіріспе мақаласы қазақ және орыс тілінде «Профессор Қ.Жұбанов» деген атпен берілді, қалған зерттеулер мен естеліктер автор қай тілде жазса, сол тілде басылды. Сол жылдары ақадемик Ә. Қайдаров әкеміз туралы бір сөзінде былай деген еді: «Қ. Жұбановтың Отанына берілген шексіз қызметі, қазақ халқының мәдениет қорына қосқан қомақты үлесі қалың жұртшылық тарапынан лайықты бағасын алуы тиіс»3.
Сол жылы «Өнер» баспасынан ғалымның үлкен баласы — ағам Акырап Жұбановтың құрастыруымен шығармалары мен естеліктер түріндегі «Құдайберген Жұбанов» атты кітапшасы жарық көрді. Бұл кітапта да әкеміз туралы қызықты деректер бар.
1989 жылы Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың туғанына 90 жыл толуын республикалық деңгейде атап өту қажеттілігі жөнінде арнайы шешім қабылданды. 1990 жылдың 23 ақпанында Республика Министрлер Кеңесінің N72 қаулысымен Ақтөбе педагогикалық институты бұдан былай Қ.Жұбанов атындағы институт деп аталатын болды, кейін бұл оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті болып аталды. Сол жылы ғалымның аты «Жұрын» орта мектебіне де берілді Қ.Жұбанов есімі берілген күннен бастап Университет өмірінде үлкен серпіліс басталды. Ғалым аты берілуіне байланысты Білім Министрлігі Ақтөбе пединститутының саңлақ студенттері үшін ғалым атында бір атаулы стипендия тағайындады. Сонымен қатар әрбір үш-төрт жылда «Жұбанов тағылымы» (Жубановские чтения) деген атпен республикалық лингво-дидактиқалық мәслихаттар өткізіп тұруды ұйғарды. Бұл дәстүрлі «Жұбанов тағлымы» атты конференцияға қатысуға ниет білдірушілердің саны аз болған жоқ. Қазақстанның көптеген қалаларынан белгілі ғылым қайраткерлері қатысып, профессор Қ. Жұбановтың үлгіре алмай кеткен жоспарларын игеруге атсалысуда жасөспірім ғалымдар ізденіс үстінде болды. Осы мәселені әрі қарай дамыту үшін университет жанында «Жұбановтану» зертханасы жұмыс істей бастады. Зертхана басшысы – ғалымның ортаншы баласы, филология ғылымдарының докторы, ағамыз Есет Құдайбергенұлы Жұбанов. Аяулы әкеміздің аз ғана жасаған ғұмырында артында қалдырған ғылыми мұралары ұшан-теңіз. Оның ішінде жарық көріп үлгірмегендері де бар. Оларды іздеп табу, жарыққа шығару, елге жария етуге талпыныс жасап жүрген мұрагерлері де жоқ емес. Өз балаларынан басқа да республика тіл білімінің ғалымдары бір ауыздан осы еңбектерді игеруде, әрқайсысы өз үлестерін қосуда.
Жылжып жылдар өтті. Елімізге көптен аңсаған егемендік те жетті. Үкіметіміз бен Елбасымыз алды-артын анықтап, жоғалтқанын іздеп тауып, халқымыздың алыптарын, жазықсыз жапа шеккен аяулы ұлдарының сүйегінің қайда қалғанын табуға атсалысты, белгі қойды, ескерткіш ашты, мерейлі күндерін атап өтті. Сөйтіп, бұрын ақталмаған қазақтың талай жайсаңдары халқына белгілі бола бастады.
Алматының маңынан белгілі адамдардың, жалпылама атып, көмілген арыстардың сүйектері табылды. Әділет қоғамы 1996 жылы атылған адамдардың тізімі басылған «Азалы кітаптың» І томын басып шығарды, оған Алматы қаласы мен Алматы облысында 1930-1940 жж. Жазықсыз атылған саяси репрессияның құрбандары енген екен. Тізімнің ішінде 116-117- беттерінде суреттері басылған біздің әкеміз Қ.Жұбанов және қазақтың атақты ақыны Мағжан Жұмабаев жүр. «Жаңалық» ауылында әуелі белгі қойылды, кейін Елбасының қолдауымен барлық жазықсыз құрбандарға арнап үкімет тарапынан үлкен ескерткіш қойылды.
1999 жылы қазақтың екі ғұламасы 100 жасқа толды. Оның біреуі – жылдын басында Академик Қаныш Сәтпаев мерейтойы «Юнеско» шеңберінде аталып өтті. Екіншісі - әкеміз Құдайберген Қуанұлы Жұбанов мерейтойы жылдың аяғында республика шеңберінде аталып өтті. Алдымен Астана қаласында республикалық «Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен бұқаралык ақпарат құралдарының тілі» атты ғылыми-практикалық конференция ғұламаның 100 жылдығына арналып өткізілді. Бұл конференцияда Қазақстанның түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдар баяндама жасап, пікір алмасты. Олардың ішінде: сол кездегі Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі А.Сәрсенбаев конференцияны ашуға арнаған сөзінде былай деген еді: «Жүз жылдық мерейтойына бағышталып отырған бұл конференцияда туған тілімізді зерттеудің тұнық бастауында тұрған ғұлама ғалым Қ.Қ.Жұбанов туралы айтылар сөз, келелі ой пікірлер мен жаңа деректер де аз болмаса керек. Оның қазақ орфографиясы мен жазу мәдениетіне, диалектологиясы мен грамматикасына тіл тарихы мәселелеріне арналған оқу құралдары жалпы жұртшылықтың игілігіне арналды. Сондай-ақ, ұлттық терминологияның негізін қалаушылардың бірі және Қазақстан мемлекеттік терминкомының алғашқы төрағасы болған, осы салада ғылыми зерттеуге орасан зор еңбек сіңірген профессор Қ.Жұбановтың басқа да еңбектері, атап айтсақ, жергілікті ұлт кадрларын даярлауға, халық ағарту ісін дамытуға, оқыту әдістемесін өркендетуге қосқан үлесі - өз алдына жеке әңгіме боларлық Тақырыптар.»4 Конференцияда бірінші баяндамашы болып, сол кездегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Ә.Кекілбаев алды. Баяндаманың тақырыбы «Ұлттық руханиятымыздың өзегі» деп аталды. Ә.Кекілбаев өзінің баяндамасында былай дейді: «... Азғантай уақытта асқар таудай іс тындырған Құдайберген Жұбановтардай сирек жаратылатын тұлғалар, ... оның бойында бір басына жетерлік ондаған адамдарды айрықша көзге түсіре алатындай ерекше іс-қабілет пен таланты бар, әрі тілші, әрі әдебиетші, әрі өнертанушы, әрі тарихшы, әрі жазушы, әрі суретші, әрі шебер, әдіскер, әрі педагог, әрі ұйымдастырушы, әрі суреткер, әрі сазгер. Бұл жайсаңды ерте жоғалтқаннан біздің ұлтымыздың ұтылған ұпайын санап шығудың өзі мүмкін емес. Бәрін де көзің шыққыр көре алмаушылық пен ішің жарылғыр іштарлықтың марқұмнан қалған қасиетті мұрасының өзіне қанжар ала жүгіріп, көбін жойып, жоғалтып, өртеп жібергені өкінішті-ақ ...»5
Осы кезде аяулы әкеміздің 100 жылдығын атап өтуге арналған мерекеге ризашылымызды білдіріп апайым Мүслима және мен өзіміздің жүрек жарды өлеңдерімізді арнадық.
Жұбанов Кұдайберген жүзге толды
Бүгінгі ел ордамыз Астанада,
Жанашырлар жиналды жас қалада
Жүзге толған Жұбанов құрметіне,
Келелі кеңес ашты бас қалада.
Отанының білімпаз қайраткері,
Халқының азаматы ардагері
«Елім, ұлтым, тілім» деп, отқа түскен,
Жұбанов тым ертерек қыршьш кеткен.
Ісіңді армандаған алға апарар
Ел білді бар екенін жас ұрпақтар.
«Тіл қолдану аясын кеңейту» — деп,
Ғылыми тәжірибелі жиын арнар.
«Мұқият бол деп, тіл мен терминдерге»
Ғұлама айтып кеткен дәл сендерге.
«Өз тілің ғылыми тіл шеңберінде,
Әлемдік деңгейден көр әр кезінде».
Егеменді елімнің тіл тірегі,
Жастары жалындаған ең керегі.
«Ұрпақтар жалғастығы» — деп жатырмыз,
Әлі де бергенінен мол берері.
(«Әкем – жарық жұлдызым»,Алматы, 2005.)