І. ЖАНСҮГІРОВ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ ТҮР-ТҮСКЕ ҚАТЫСТЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ МАЗМҰНЫ
Тіл – халықтың ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы үзіліссіз беріліп келе жатқан ұлттық мұрасы, ұлттық болмыс пен мәдени танымын жан-жақты толық сақтап, жеткізуші. Осыған орай, әрбір ұлт тілі мен сол тілде сөйлеуші жеке тұлғаның ажырамас бірлігі туындайды. Бұл ретте В.Гумбольдт: “Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык. Язык насыщен переживаниями прежних поколений и хранит их живое дыхание”деп пайымдаған[1,68-82]. Сол себепті тіл мен танымды жіктеп қарамай, оны құбылыс ретінде сабақтастыра қарау “тіл мен ұлт біртұтас” деген қағидаға әкеледі. Демек, этностың рухани мәдениетінің жетілуіне әрбір жеке тұлғаның әсері мол. Бұл әсіресе ұлт болмысының ерекшелігін көрсететін тілдің қабаты фразеологизмдердің табиғатынан анық көрінеді.
«Ғасырдан ғасырға ұласып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, көне заманнан келе жатса да байырғы бедерін жоғалтпай, сонылығын сақтаған алуан айшықты, терең мазмұнды тұрақты сөз тіркестері ана тіліміздің асыл қазынасы іспетті. Бейнелі сөз орамдары дөп тигізіп айтар дәлдігімен, ерекше көркемдігімен кімді де болса әрдайым баурап алады» - (2, 39) дейді ғалым Нүргелді Уәлиұлы. «Көркем тіл кестесіне түскен фразеологизмдер сөзді бейнелі, өтімді және нанымды етудің стильдік құралына айналады» (2, 56). Демек, фразеологизмдер - өлең өлкесінде сан құбылып, түрленіп қолданылатын әсем де әсерлі, көркем де бейнелі сөз өрнегі.
Фразеологизмдерге тән ерекшеліктердің бірі: олардың құрамдық, тұлғалық және ішкі орын тәртібі тұрақты болуы есептеледі. Фразеологизмдер сөйлем ішінде қолданылғанда біртұтас даяр күйінде жұмсалады. Фразеологизмдердің табиғатына тән осы бір қасиеті поэзия тілінде өзгеріске түседі деуге болады. Поэзия тілінің өлең құрылысындағы поэтикалық үйлесімділік, дыбыстық үндестік, ұйқастық фразеологизмдердің «қамырша иленіп», сан алуан өзгерістерге ұшырауына әсерін тигізеді.
Фразеологизмдердің поэзия тілінде мұндай өзгерістерге түсуі ақын шеберлігіне және сөз саптау мәнеріне тікелей байланысты. Фразеологизмдерді зерттеуші Р.Сыздық «поэтикалық фразеологизмдер» деп атап, мынадай анықтама ұсынады: «олар әдетте бір нәрсені затты, сынды, қимылды, қимылдың амалын жай атамайды, суреттеп, бейнелеп, астарлап, «мадақтап» не «балағаттап» атайды, яғни айтушының (жазушының, ақынның) сол нәрсеге – обьектіге «пейілін» - көзқарасын білдіре атайды. Демек, поэзия тіліндегі фразеологизмдердің басты белгісі – олардың образды (бейнелі) болатындығы» - дейді (3, 94).
Ойды көркем жеткізуде қолданылатын құрамы мен құрылымы тұрақты тілдік единица – фразеологизмдер Ілияс Жансүгіров поэзиясында кеңінен көрініс тапқан. І.Жансүгіровтің өлеңдеріндегі фразеологизмдердің өзіндік қолданысы ерекше көзге түседі. Қазақ тіліндегі жеке сөздер сияқты ұзақ дәуір туғызған фразеологиялық тіркестер қыры мен сыры мол өлең өлкесінде бұрыннан кездеседі. Белгілі ғалым, профессор Р.Сыздықтың сөзімен айтқанда, «сөз құдіретінің арқасында іске асатын құбылыс». (4, 29).
Ойды бейнелі де көркем жеткізу үшін ақын Ілияс Жансүгіров фразеологизмдерді түрліше құбылтып қолданылғаны белгілі. Осы орайда ғасырлар бойы қалыптасқан жалпыхалықтық фразеологизмдерді тура күйінде де қолданылды, өзіндік ізденісі нәтижесінде жетілдірді. Ғалым М.Дүйсенов өзінің «І.Жансүгіров» атты ғылыми монографиясында: «Ілияс поэзиясының формалық ерекшелігін сөз еткенде, ең алдымен байқалатын жәй, оның тіл байлығы, яғни лексикалық байлығы. Ақын сөзді түйдек-түйдегімен төгіп отырыды және үнемі сөйлемнің бірыңғай мүшелерін қатар алып, екпіндетіп, желпіндіріп, кейде баяу шымырлатып, кейде құйындатып оқушыны еріксіз баурап алады» (5) - дейді.
Жалпыхалықтық фразеологизмдерді көркемдік мақсатына орай өзгертіп, өңдеп, жетілдіріп қолданғанын көруге болады. Ілияс поэзиясынан тіліміздегі «сары, ақ, қызыл, қара т.б.» түр-түс атауларына қатысты тұрақты сөз тіркестерін де кездестіреміз.
Жалпы тілімізде «сары» түсіне байланысты біршама фразеологизмдер бар екені белгілі. Мәселен, Сары уайымға салыну – қайғылану; Сары жамбас болды – ұзақ жату; Сары қарын бала - шиеттей жас бала; Сары табан қар - із түсіп тапталған қар; Сары тоқым ұры – тіс қаққан кәнігі ұры; Сары ізіне шөп салды - жамандық істеу, көзіне шөп салу [6 ,455].
Сары сөзіжиі қолданыста болатын түсті білдіретін лексема. Бірақ ол да кез-келген қолданысында түсті білдіре бермейді. М.Томанов «Қазақ тіліндегі «сары» сөзінің бастапқы қалпы сарығ/сарық болғандығын (-ығ,-ық – етістік түбірге жалғанатын қимыл-сын қосымшасы) айтады. [7, 118].Сары сөзі жер-су атауларымен тіркескенде «сар» тұлғасында қолданылатынын байқау қиын емес. Ғалым Е.Қойшыбаевтың көрсетуінше сар сөзі топонимдік атаулармен тіркескенде көбінесе «айқын, кең, негізгі, басты» деген мағыналарда жұмсалатынын айтқан. [8, 136]. Р.Сыздықова «Сары алтын» дегендегі « сары» сөзінің мағынасы қоспасыз, таза, ал «сары уайым» дегендегі «сары» - парсы тілінде «уайым, қайғы» екендігін айта келіп, «сары уайым» тіркесі бір мағынадағы екі сөздің қабаттаса айтылуынан пайда болған бала-шаға (шаға да «бала» деген сөз), бекер-босқа сөздері сияқты бір сыңары парсыша-уайым (сар), екіншісі-қазақша уайым сөздерінен жасалған плеонастық тіркес болып табылады», - дейді. [9, 136].
Сары сөзі - Ілияс поэзиясында жиі қолданылған лексемалардың бірі. Ол бірде өзінің түстік мағынасында берілсе, бірде образды, символдық мағыналарында жұмсалады.
Ебінің сар желіндей
Саулайды екен сол сарын. (Дала, 94)
Ханша өз қолымен құйып беріп,
Сапырып сары майға құрт ішкізді. (Күйші, 106)
Сапырған сырлы сөзді сары қымыздай,
Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай; (Құлагер, 274)
Сақа аттар, сар кідірлер, сары тісті,
Дәмелі дөнен де бар, жүйрік бесті.
Құсындай қырдың өңшең ап-ала боп,
Жүйріктер жұртты үңілтіп көзге түсті. ( Құлагер, 301)
Айтып жүр елдің бетін, жұрттың жайын,
Салып жүр қынжылғансып сары уайым -(Ықшымбай, 87) деп келген жолдардағы Ебінің сар желі, сары майға сапыру, сары қымыздай сапыру, сары уайым тұрақты сөз тіркестері құрамындағы сары – түр-түс атауын көрсетпейді. МұндағыЕбінің сар желі; сары майға сапыру; сары қымыздай сапыру; сары уайым тұрақты сөз тіркестері ұзақ, нағыз, күштілік, анық уайым, ұзақ күту мағыналарын білдірсе, ал сар кідірлер – жас ортасына келген ер адамдар, сары тісті - кәрі, көп жасау мәнін танытады.
Ата-бабаларымыз Шығысты көк түспен белгілеп, шығысқа қарап тілек тілеген, киіз үйдің есігін шығысқа қаратып ашқан. Қазақ ұғымында Тәңірлік сипатқа ие болған көк түске қатысты тілімізде «күн сіркіресе, көк дүркірейді», «көк судың тоғы болмас» сынды тілдік қолданыстар бар. Түркі халықтарында «көк түс - көкке табынудың, аспанның символы» - [10, 256] дейді Ә.Марғұлан.
Табиғат, қоршаған орта құбылыстарын суреттеуде Ілияс Жансүгіровтың «көк» түр-түс атауына қатысты жалпыхалықтық фразеология қорын шебер қолданылғанын көруге болады. «Тілдік қолданыста, әсіресе поэзияда, кейбір тұрақты сөз сыңарларының арасына сыналап сөз ендіру баяғыдан бар құбылыс» (3, 54).
Сол себепті, біз қарастырған Ілияс өлеңдерінде жалпыхалықтық фразеологизмдердің тұлғалық құрылымын өзгертіп жұмсау тәсілі, тыңнан образды жаңа фразеологизмдер жасау, жалпыхалықтық фразеологизмдерді ықшамдау, арасына сөз енгізу молынан кездеседі. Мысалы,
«Қалармысың бұйырмай,
Көк өрім, өңшең көген көз...» (Дала, 85)
Көккекүй өрт жалындай шалқып жатты,
Көк тасы Самарқанның балқып жатты.
Көк дауыл айдын көлді көкке шашып,
Оқ тиген аққу құсты қаңқылдатты. (Күйші, 197)
Ақ қырау салбыратып қырды басқан;
Көк тұман қопарылды, желтең ашқан
Тымырсық бір сары аяз іштен тынды,
Томсарып мынау қыздай зәрін шашқан. (Күйші, 190)
Қарсы жақ кісі таппай болды жүдеу,
Көк темір болды жасып алмас егеу (Құлагер,310) - деген шумақтардағы Самарқанның көк тасы; көк өрім, көген көз;көк тұман қопарылу; сары аяз іштен тыну; зәрін шашу; көк темір болу тәрізді тұрақты сөз тіркестерін өңдеуден өткізе отырып, орынды қолдана алған. Жалпы тілімізде көк түс атауына қатысты көкке жету, көк жұлын болу, көк жалқау, көк ала мылжың, көк айыл болу, көк ала қойдай қылу тәрізді адам баласының мінез және сын-сипатын бейнелейтін тіркестер молынан ұшырасады. Ал Ілияс өлеңдеріндегі қолданыс тапқан көк өрім, көген көзакадемик І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» еңбегінде «бала кез, қыршын жас» [6, 269] деп түсіндіріледі. Ал, бұл тұрақты тіркестеріндегі көк сөзі «көк өрім», «көк тұман», «көк тас» тіркестері құрамында келіп, жас, жасару, қылшылдаған, күшті, мықты мағыналарын берсе, көк темір болу тіркесінде осал мағынасын танытып тұр.
Ұлттың танымында ерекше мәнге ие «қоңыр» түс атауы ақиық ақын Ілияс поэзиясында өзінің денотативті мағынасынан алшақтап, жанама мағына мазмұнын қамтыған тілдік бірлік ретінде фразеологизмдердің құрамында көрініс табады. Ақынның:
Күңіренген бәйбіше де қоңыр қазша!
Бермес пе ед бір шикі өкпе, ие жазса! (Күй,215)
Иіріп жүн-жұрқадан жіңішке жіп,
Машина қоңыр самал күйін тартты. (Күй,221)
Бір салып атты бұтқа Ақан сері,
Жамылып жүріп берді қоңыр кешті, (Құлагер, 336) - деген жолдарындағы қоңыр қазша күңірену, қоңыр самал күй тарту, қоңыр кешу тәрізді жалпыхалықтық фразеологизмдер ақын тілінде өзіндік құрылымын өзгертіп, адамның психологиялық жай-күйін әсерлі етіп беруде талғампаздық танытады. Қоңыр қазша күңірену, қоңыр самал күй тарту, қоңыр кешу сындыфразеологизмдердің құрамындағы қоңыр түр-түс атауы жай, бос, салқын, бірқалыпты, баяу, жұтаң мағыналарын танытып тұр. Фразеологизмдерді сөз саптауына орай дұрыс қолдана білу автордың дара шеберлігінде жатыр.
Қорыта келгенде, Ақын І.Жансүгіровтің «күйлі, сыршыл сан ғасырлық, «сұлу сөзбен алтын сарай салдыртқан» өлмес поэзиясындағы» түр-түс атауларына қатысты фразеологизмдер, өзіндік танымына сәйкес бейнелік мәнге ие болуымен ерекшеленеді(11, 33).Ақын фразеологизмдерді өлең өлшеміне лайықтап, жалпыхалықтық тілдегі үлгісімен ұтымды пайдаланып, ойдың образдылығын тудырса, екіншіден, кәнігі тіркестерді жетілдіріп, ойдың экспрессиялығын күшейтіп, фразеологизмдердің арасына сыналап сөз енгізді. Осылайша, образды жаңа фразеологизмдер жасап, фразеология қорын молайтты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. –М.: Прогресс, 1984. -398 с.
2. Уәлиұлы Н. Фразеология және тілдік норма. Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998. 39 бет.
3. Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы: 1995.
4. Сыздық Р. Сөз құдіреті. Алматы: 1993, 224 бет.
5. Дүйсенов М. І.Жансүгіров. Алматы: Ғылым. 1965. 300 бет.
6. Кеңесбаев. І Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы: 1977.
7. Томанов М. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. Алматы: 1992.
8. Койчубаев А. Краткий толковый словарь топонимов Казахстана. Алма-ата: 1974.
9. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. Алматы: Санат. 1994..
10. Маргулан А. Казахское народное прикладное искусство. Т. 1. Алматы: 1986. 256 стр.
11. Иманғазиев М. І.Жансүгіров. Алматы: Қазақ университеті. 2004. 218 бет.
Негізгі әдебиеттер:
1. Жансүгіров І. Шығармалар жинағы. II том, Алматы: Қазақтың Мемлекеттік «Көркем әдебиет баспасы», 1960.
2.Жансүгіров І. «Өлеңдер мен поэмалар». Алматы: «Атамұра» 2003. 360 б.