ШӘКӘРІМ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКАЛЫҚ СИПАТЫ
Шәкәрім ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, шығармашылықпен айналысты. Бұл кезең жалпыхалықтық тіл негізінде қазақ ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптаса бастаған кезеңі болды. Шәкәрім өз шығармаларын Абай негізін қалаған ұлттық жазба әдеби тілде жазумен бірге, оның одан ары дамуына да үлесін қосты. Шәкәрім тілінің лексикалық қабатын, қазақтың байырғы сөздері, әдеби тілде актив қолданылатын араб-парсы тілінен енген кірме сөздер, аз мөлшерде орыс тілінен, орыс тілі арқылы еуропа тілдерінен енген сөздер құрайды. Сондай-ақ Шәкәрім тілінде қолданылатын окказионализмдер де бар. Кітаби лексика, діни лексикаға жататын, жалпыхалықтық тілде сирек қолданылатын араб-парсы сөздері де ұшырасады. Шәкәрім көркем әдебиеттің поэзия, проза жанрларында, публицистикалық стильде, ғылыми стильде шығарма жазғандықтан, лексикасы деп стильдік қабаттардың барлығын қамтыды. Шәкәрім шығармаларындағы байырғы төл сөздер сөздік қорының ең молы болып табылады. Олардың қатарында жер, су, ана, әке, ата, алу, беру, көру, ақ, қызыл, жол, ар, сын, жақсы, жаман сияқты т.б. туа түбір сөздермен бірге, әнші, жылқышы, түндік, елші, бүркітші, тепкілеу, сынау, сыйлау, жақсылық, ерттеу, байлау, қарулы, тақпақтау сияқты т.б. туынды түбір сөздер де бар. Сондай-ақ қарабет, итаяқ, ата-ана, алауыз, ар-ұят, жолкесер, бау-бақша, бозбала, алтыатар сияқты т.б. күрделі сөздер де қолданылады. Араб-парсы тілінен енген кірме сөздердің басым көпшілігі әділ, иман, диуана, адал, халық, патша, дін, дос, алла, пайда, сопы сияқты т.б. жалпыхалықтық тілде қолданылатын сөздер болып келеді. Сонымен қатар мадда (атом), Муштари (Юпитер), хикату хакараба анис (электрон) сияқты т.б. ғылыми терминдерді «Үш анық» кітабында қолданады. Кейбір араб-парсы сөздері алал-адал, хақиқат-ақиқат, ғаділ-әділ, харекет-әрекет сияқты т.б. фонетикалық варианттарда келеді. Бұл фонетикалық варианттардың кейбірі бірдей мағынада жұмсалса, бірқатары жеке сөз ретінде де қолданылады. Мысалы, харекет – адал еңбекпен байланысты алынса, әрекет – айла, қулық сияқты ұғымды білдіреді. Шәкәрім шығармаларында орыс сөздері жалпыхалықтық тілде қолданылатындай дыбыстық өзгеріске ұшырап та, орыс тіліндегі жазылу қалпын сақтап та жазылған. Мысалы, сот, болыс, әкті, кінеге, меншебек, башабек, старшын, жалуына сияқты т.б. орыс сөздері сол кезеңде ауызекі тілде айтылу бойынша жазылған. Ал, разбойник, приказной, гармонь, философ, перевод, заседатель, учитель, дознание, атом сияқты т.б. жалпыхалықтық тілде қолданыс таба қоймаған орыс сөздері орыс тіліндегі жазылуы бойынша алынған. Орыс сөздері, әсіресе, аудармаларында, сонымен бірге «Үш анық» кітабында молынан қолданылады. Пушкиннен аударған «Дубровский әңгімесі», «Боран» сияқты шығ.-да орыс сөздері қазақ тілінде баламасы болмағандықтан, әрі оқиға қай елде болып жатқанын аңғарту үшін де алынғаны байқалады. «Үш анық» кітабында атом, электрон, электрия, кислород, азот, газ, сперт, спиритизм, телепатия, магнитизм, планет, гипноз сияқты т.б. орыс тілі арқылы келген халықаралық терминдер қазақ тілінде баламасы болмаған соң қолданылған. Осы шығармасында Шәкәрім өзі жасаған немесе әлі де тілде термин ретінде орнығып кете қоймаған қазақ сөздерін нақтылай, бекіте түсу үшін де орыс тіліндегі баламасын келтіреді: ауа – воздух, сила вещества – қуатты дене, инстинк – сезімді жан, ум – ақылды жан, ұждан – совесть сияқты т.б.
Қоғамдағы сан-алуан өзгерістер, жаңалықтар тілге әсерін тигізбей қоймайды. Тілде қоғамдағы, тұрмыстағы өзгеріс аталым кең көрініс табады. Тілдің өзгеруге ең бейім тұратын саласы лексика болып табылады. Қазақ тілінің лексика қабаты ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында ерекше дамуды, жаңаруды бастан кешірді. Ұлттық сананың дамуы, қоғамдық құрылыстың өзгеруі қазақ ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуы сөздік құрамның толығуына алып келді. Шәкәрім шығармаларында осы кезеңдегі сөздік құрамның өзгерісі, дамуы кеңінен көрініс тапты. Кез келген халықтың өмірінде қоғамдық құрылыс: саяси-әлеуметтік ахуал, ел билеу ісі кеңінен орын алады. Шәкәрім тілінде ел билеу, әкімшілік пен әлеуметтік лексика қабаты жол қолданылған. Шәкәрім шығармалрында өзі өмір сүрген дәуір, қоғам көрініс табумен бірге, тарихи оқиғалар да баяндалған. Сондықтан саяси-әлеуметтік лексикасы да тек өз дәуіріндегімен шектелмей тарихи кезеңдердегі лексикалық қабаттарды да қамтиды. Шәкәрім тілінде ел билеуге байланысты: хан, сұлтан, патша, би, болыс, старшын, болыстық, құлдық, ұлық, ван, тегін, князь, староста, заседатель, сот, төре, ояз, жандарал, қоқан, кунми, кандидат, ауылнай сияқты т.б. сөздер бар. Соның ішінде «Шежіресінде» ғана кездесетін тегин, қоқан, кунми, ван сияқты т.б. сөздерге түсініктеме беріп отырады. Мысалы, «Тегин деп ақсүйек князьді айтады...» Хан, уәзір, сұлтан сөздері тарихи тақырыпта жазған шығарм.-да қолданылады. Шәкәрім төре деген сөзді орыс әкімдеріне байланысты қолданып отырады. Қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтарды білдіретін: бай, кедей, шаруа, құл, күң, ақсүйек, жалшы, бай-бағлан, байбатша, малай, жарлы, мұжық, қожайын, қызметкер сияқты сөздерді де қолданылады. Шәкәрімде жарлы сөзіне қарағанда кедей сөзі жиі ұшырасады. Мұның өзі кедей сөзінің әдеби норма ретінде орныққанын көрсетеді. Хан тұқымына байланысты қолданылатын ақсүйек сөзін Шәкәрім сирек пайдаланған. Өйткені ақсүйек сол дәуірде қолданыстан қалып бара жатқан көнерген сөз болған. Құл, күң сөздері тарихи тақырыпқа жазылған шығ.-да, сондай-ақ аудармаларында жиі ұшырасады. «Дубровский әңгімесінде» құл, күң сөздері крепостной сөзінің орнына жұмсалғаны байқалады. Мұжық, малай, қожайын сөздері де орыс кедейлеріне байланысты қолданылған. Шәкәрім тілінде қызметкер сөзі қазіргі әдеби тілдік мағынасында емес. Біреудің қызметінде жүрген, жалдамалы жұмысшы деген мағынаны білдірген. Қымызшы, аяқшы сөздері, негізінен, аудармаларында шарап құюшы деген мағынаны білдіреді. Шәкәрімде ел, жұрт, халық, қауым сөздері жарыса қолданылып, бірінің орнына бірі жұмсала береді. Дегенмен халық сөзі жиі ұшырасады. Қазақ сөзінің ұлт атауы ретінде тұрақты қолданыс тапқанын көреміз. Құқықпен байланысты сот, би, соттық, барымта, барымташы, бітіс, бітім, тергеу, абақ, жазалы, жаза, куә, би, закон, билік, дау, заң, даугер сияқты т.б. сөздер бар. Шәкәрім соттық сөзін судья орнына қолданған. Сондай-ақ заседатель, протокол, пәбеске, аппеляция, оязной сот, исправник, приказной сияқтыт.б. орыс сөздері де аудармаларына ұшырасады. Төңкеріс кезіндегі замана шындығынан хабар беретін балшабек, меншебек, ақ, қызыл, ауылатком, уәкіл, комсомол, жолдас, бостандық сияқты т.б. сөздер Шәкәрім шығармаларында қолданылған. Ақ, қызыл сөздері сын есім ретінде ғана емес, төңкеріс жылдарында бір-біріне қарсы күрескен әлеуметтік топтарды білдіру үшін де сол кездегі жалпыхалықтық тілдегі мағынасында жұмсалады. Жолдас сөзі де дос мағынасында қолданылумен бірге, жаңа мағынада большевиктердің бір-біріне айтатын қаратпа сөз ретінде де жұмсалған. Мысалы, «Қай жолдассың, айтшы сен? Адамды аңша атасың» дегенде большевиктерге қаратыла айтылып тұр. Ұлтшыл сөзін де Кеңестік дәуірде қолданылған мағынасында алады. Шәкәрім тілінде дінмен, наным-сеніммен байланысты сөздер де елеулі орын алады: молда, имам, поп, дін, иман, Құран, аят, хадис, күнә, сауап, садақа, ғибадат, тәпсірші, ишан, абыз, бақсы, диуана, ғибадат, мінәжат, жайнамаз, мешіт, еншалла, астаппралла, әулие, монастыр, Адам-Ата, Хауа Ана, Алла, тәңірі, құдай, расул, Таурат, Зәрдөш, Будда, шіркеу, алтарь, фахир, фахиризм, кәпір, бақсы, лама сияқты т.б. Құдайға қатысты Алла, хақ, тәңір сөздерімен бірге, Жаратушы, Ие, Хақ сияқты т.б. сөздер де қолданылады. Молда деген сөзді Шәкәрім екі түрлі мағынада қолданады: 1. дін қызметкері. Мысалы, «Құранның шын мағынасын шатақ ұғып, Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат»; 2. мұғалім. Мысалы, «Оқытқан молда қыздың Мими аты, Француз жұрты еді оның заты». Молда сөзінің бұл мағыналары ХІХ ғасырдағы қазақ тілінде бар.
Шәкәрім шығармаларының үлкен саласы оқу-ағарту, өнер-ғылыммен байланысты болып келеді. Сөздік қорынан да оқу-біліммен, өнермен байланысты лексика мол орын алады: ғылым, білім, оқу, өнер, сабақ, мектеп, медресе, университет, пән, ғалым, ойшыл, пәншіл, діншіл, пәнші, дінші, ғұлама, данышпан, художник, психолог, шәкірт, философ, философия, химия, оқымысты, тарих сияқты т.б. Шәкәрімде білім сөзі кеңінен қолданылып, одан жасалған білімсіз, білімді туынды сөздері де ұшырасады. Ғылым сөзі кей жағдайда білім сөзінің баламасы ретінде жұмсалғанмен, негізінен, екеуінің ара жігін ажыратып жеке-жеке ұғымдарды білдіретін сөздер ретінде қарайды. Пәншіл, діншіл сөздерімен қоса, пәнші, дінші туынды сөздері жиі қолданылған. Пәнші, дінші деп қолдану Шәкәрім тіліне тән болып келеді. Әрі бұл сөздерді ерекше термин ретінде пайдаланған. Пәнші – зайырлы ғылым жолын ұстанған адам; дінші – дін ғылымын ұстанған адам. Бұларға қатысты ғалым деген сөзді қолдануды Шәкәрім дұрыс көрмеген. Шәкәрім тілінде арнаулы лексика қабаты, яғни термин сөздер, ерекше орын алады. Атом, мадда, жаратылыс, тіршілік, нұр, айналыс, барлық, қуатты дене, газ, жаралыс, тұқымдастық, магнетизм, жан, физика сияқты т.б. Шәкәрімде жаратылыс, жаралыс түбірлес сөздері жеке-жеке термин ретінде қолданылған. Жаратылыс – табиғат, дәлірек айтқанда қазіргі кездегі болмыс терминіне сәйкес келеді. Ал жаралыс – мироздания, существование сөздерімен сәйкес келеді. Нұр сөзі «Үш анық» кітабында қазіргі жарық терминінің орнына қолданылған. Барлық сөзі де термин ретінде существующее сөзінің баламасы болған. Шәкәрімді адам жан, ұждан қызықтырған. Бұның барлығы антропоцентристік философияның зерттеу нысаны болып табылады. «Үш анық» ғылыми трактатында да, философиялық лирикасында да белгілі бір сөздерді термин ретінде алып адам жаны, ойы, арына қатысты ұғымдар мен категорияларды айқындап береді. «Үш анық» кітабында жанмен байланысты сезімді жан – инстинкт, аңғарарлық жан – сознание, ойлайтын жан – мысль сияқты т.б. ұғымдарды жіктейді. Шәкәрім тілінде жан мен рух бір емес. Шәкәрім «Рух деген – дінсіз таза ақыл». «Нәпсі дер – рухсыз жандарды» деген түрде ұғымдарды нақтылап көрсетіп, сипаты мен қасиеттерін саралап жазып береді. Сондай-ақ ұждан, ар, ынсап, әділет, хақиқат, ақыл сияқты т.б. ұғымдарға мағынасын нақтылай түседі. Шәкәрім философиялық лирикасында сопылық поэзия өкілдері сияқты астарлап айту тәсілін қолданған. Бұл ретте ауыспалы мағынада қолданылған сөздерге түсініктеме беріп кетеді. Мысалы, «Арақ – ақыл, жастық – ой, жар – хақиқат, Жан – нәпсі, шатақ – иман, дін – қиянат, Маскүнем, әйел сүйгіш, дінсіз ғой деп, Сырын білмей сыртымнан қылма ғайбат. Ш. материалдық дүниеге қарағанда, рухани болмысқа баса назар аударғандықтан да арам, адал, ар, ұят, еріншек, жалқаулық, көңіл, талап, ындын, махаббат, асық, зұлымдық, достық, сабыр, пейіл, ниет, құмарлық, ашу, өтірік, мақтан, хайуандық сияқты дерексіз зат есімдерді жиі қолданған. Сонымен бірге әрқайсысын кеңінен талдап, саралап, түсінік беріп отырған. Жүрек зат есімі де тек дененің бір мүшесі мағынасында ғана емес, жанның орны, жан, сезім сияқты дерексіз ұғымды да білдірген.
Шәкәрім шығармаларында момын, жуан, қу, сұм, ұры сияқтылар ерекше әлеуметтік топ болып беріледі. Бұлардың әрқайсысының мінез-құлқы, қоғамдағы орны сараланады.
Шәкәрім тілінде қаржы-қаражат, саудамен байланысты сөздер де көп кездеседі: теңге, қаражат, ақша, пайда, керуен, саудагер, залал, сауда-саттық, тиын, қымбат, арзан, лапке, мал сияқты т.б.
Шәкәрімде туыстық қатынасқа, отбасы, жынысқа байланысты сөздер де ерекше лексикалық қабат құрайды: ұрғашы, қатын, қыз, кемпір, ата-ана, бәйбіше, тоқал, еркек, жігіт, бала, ұл, әже, нағашы, жиен, күйеу, құда, әйел, қарындас, бауыр, құдағи, құда болу, некелесу, құда түсу, жеңге, тетелес, өгей, ұрын келу сияқты т.б. Ұрғашы сөзі тұрмыстық қарапайым лексика қатарына жатса, қатын сол дәуір үшін тілдік норма болып табылады. Қарындас сөзі жалпы туыс, бауыр деген көне мағынасында да қолданылған. Шәкәрімде салтаң, сектену, еркекшора, анда сияқты т.б. көнерген сөздер де ұшырасып отырады. Салтаң сөзі бойдақ орнына жұмсалған. Қазақ тілінде сыбай-салтаң деген қос сөз құрамында кездеседі.