Сөз сазына келгенде, мәселе тек үндестік заңдарымен немесе дыбыстар кірігуі (жұтылуы) сияқты құбылыстармен шектелмейді. Ғылыми тұрғыдан келгенде, шешіліп (зерттеліп) жатқан, әлі де қарастырыла түсуге тиісті мәселелер аз емес. Әсіресе тіл-тілдің дыбыстар жүйесін машинаға салып бақылау барысында оны құлақпен есітіп қана талдау әдісі толымсыз екендігі айқындалып отыр. Мамандардың айтуына қарағанда, эксперименттік-фонетикалық әдіс дыбыстаудың құлаққа естілмейтін нәзік сәттерін тануға мүмкіндік береді, осының нәтижесінде құлақпен тыңдағанда тұтас дүние болып естілетін кейбір дыбыстар артикуляция (айтылуы) жағынан бірнеше элементтен тұратындығы байқалады екен. Сөздің жеке тұрғандағы дыбыстық құрылымы мен фразадағы құрылымында айтарлықтай өзгешелік бар екендігі тек қазақ тілі бойынша емес, өзге тілдердің материалдары бойынша да дәлелденуде. Зерттеуші Мұхаметжан Исаев қазақ тілінде сөздердің сөйлем ішінде орналасуы (айналасы) олардағы дауыстылардың айтылуына әсер етеді дейді.
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеуде дифтонгоидтық деп аталатын құбылысқа ерекше назар аударылады. Бұл – е, о, ө сияқты дауыстылардың алдында й, у деген қосамжар дыбыстардың айтылуы (естілуі). Әдетте мектеп оқулықтары мен орфоэпиялық ережелерімізде е, о, ө дауыстыларының қосарланып дыбысталуы, яғни олардың алдында й, у қосамжар элементтерінің айқын байқалатын жері сөздің басында келуі деп айтылып жүр. Ал қазақ фонетикасын эксперименттік әдіспен зерттеуші маман Ә.Жүнісбековтің көрсетуі бойынша е дыбысынын дифтонгоидтық сипаты дауыссыздан кейін тұрғанда едәуір әлсірейтіндігімен, мүлде жойылып кетпейді екен , яғни бес, бет, бер сияқты сөздердің айтылуында да е дыбысы э-ге жуықтап емес, алдынан сәл й қосамжар элементі қатысатындығы машинаның (эксперименттің) көрсетуінен ғана байқалмайды, тіпті ауызша айту мен құлақпен естуде де байқалады. Мысалы, орыс тіліндегі бес (жын, сиқыршы) сөзі мен қазақ тіліндегі бес (сан) сөзін әр тілдің өз орфоэпиялық заңымен дұрыс айтып көріңіз. Зерттеушілер аталған дыбыстың дифтонгоидтық сипаты орыс тіліне қарағанда, әлдеқайда күшті болғандықтан, қазақ тіліндегі е дыбысымен келген кейбір есімдерді орысша таңбалауда оның естілуіндегі дифтонгоидтік сазы (йе болып айтылуы) әсер етіп, е-мен жазылуға тиісті тұстарында и әрпі жазылып кеткенін көрсетеді. Мысалы, Алматы маңындағы үстіне тау құлап, жоғалып кеткен Есік көлін Иссык деп, Шелек деген жер атауын Чилик деп жазылып жүргенін білеміз.
Қосамжар дыбыстар көрінісі, яғни протеза құбылысы ы, і қысаң дауыстыларының жазылу-жазылмау, соған орай айтылу-айтылмау мәселесін де қамтиды. Бұл мәселеге арнайы назар аударған зерттеушілер (Ш.Сарыбаев, Б.Қалиев, С.Кеңесбаев, И.Ұйықбаев т.б.) қолданылып жүрген емле ережелерімізде сөз ішінде және сөз басында ы, і әріптерінің жазылу-жазылмауында қайшылықтар бар екенін айтады. Шынында да солай. Әрине, сөздің жазылуы, яғни орфография ережелері – өз алдына бөлек дүние, бірақ біз әңгіме өзегі етіп отырған сөз сазына, яғни орфоэпияға қатысы зор, әсері бар мәселе. Сондықтан емле заңдылықтарының бірізді болып келуі сөздерді дұрыс дыбыстауға жәрдемін тигізеді. Дегенмен сөз сазының, яғни графема мен фонеманың әрдайым үйлес келе бермейтіндігі белгілі, сондықтан қалай жазылса, солай оқу мүмкін емес болады. Қазіргі емле ережесі бойынша сахна, рахмет, ресми сияқты бес-он сөздің екі буынының ортасына ы, і әріптерін кірістірмей жазып жүрміз. Сондай-ақ ерін, орын, халық, ауыл, әріп, көрік, құлық сияқты сөздерге -ым, -ың, -ы (-ім, -ің, -і) деген тәуелдік жалғаулары жалғанғанда, екінші буындағы ы, і дыбыстары “сусып түсіп қалады” деп, олардың таңбаларын жазбаймыз: орным, орның, орны, халқы, халқымыз, аулым, аулың, әрпі, көркі, құлқы (мінез-құлқы) т.т. Ал осыған ұқсас екінші буыны ы, і дыбыстарымен келетін сөздердің енді бір тобында тәуелдік жалғаулары жалғанғанда, ы, і әріптерін түсірмей жазып жүрміз: дауыл – дауылы, қайыс – қайысы, бауыр – бауыры, ойын – ойыны, құйын – құйыны. Екінші буыны ы, і дыбыстарымен келетін сөздер қ, к сияқты қатаң дыбыстарға аяқталған болса және тәуелдік жалғаулары жалғанғанда, бұл қатаң дыбыстар ұяндап кететін болса, ол күнде ы, і дыбыстары түсірілмейтіндігі тіпті даусыз: қайық – қайығы, түлік – түлігі, қорық – қорығы, көрік – ұстаның көрігі, қалып (форма) – қалыбы. Мұндай сөздерге тәуелдік жалғаулары жалғанғанда, олардың соңғы қатаң дыбысы ұяңдамаса, ы, і әріптерін түсіріп жазамыз: “әдемі жүз, шырай” мағынасындағы көрік сөзі тәуелденгенде, көркім, көркің, көркі болады, “мінез-құлық” дегендегі құлық сөзі құлқы болып тәуелденеді де, құлақтың құлығы дегендегі құлық сөзі құлығы болып өзгереді.
Дауысты дыбыстарға аяқталатын сөздерге дауыстыдан тұратын немесе дауыстыдан басталатын қосымшалар жалғанғанда, я болмаса дауыстыдан басталатын сөз тіркес құрай ұласа айтылғанда, қысаң ұ, і дыбыстары айтуда да, кейде жазуда да түсіп қалады: жеті+еу – жетеу, қара+ағаш – қарағаш, сары+алтын – саралтын (айтылуы).
Осы реттегі қысаң ы, і дыбыстары түсіріліп не сақталып жазылатын сөздердің қай-қайсысын айтуда да біздің “сусып түсіп қалады” деп жүрген құбылысымыз абсолюттік емес, яғни сөздің айтылуында ы, і дыбыстары мүлде “ғайып” болмайды, олардың сарқыншағы сақталады. Атап айтсақ, ерні, халқы, ауру, уақтылы, қаупі, ойна деп жазылған сөздер (айтылар-айтылмас, естілер-естілмес ілеспе-протезалық ы, і дыбыстарын жақша ішіне алып таңбаласақ) ер[і]ні, хал[ы]қы, ау[ы]ру, уақ[ы]тылы, қау[ы]пы, ой[ы]на болып айтылады. Тіпті Сарағаш, Сарөзек, саралтын сияқты ы дыбысы мүлде “жұтылып” кететін сөздердің өзін дыбыстауда да оның “ілеспе” түрі (орысша: призвук) сақталады: Сар[ы]өзек, Сар[ы]ағаш, сар[ы]алтын. Егер (бұл сөздерде ы, і қысаң дыбыстары мүлде “жұтылып” (сусып, жоғалып) кеткен болса, ер//ні (осылайша екі бөліп айтып көріңіз), хал/ /қы, Сар//ағаш, сар//алтын деп айтылуға тиіс болар еді.
Л, р әріптерінен басталып жазылып жүрген сөздердегі сөз басындағы ілеспе (немесе қосамжар) ы, і дыбыстары да назар аударады. Бұл күнде лақ, рет, рас, ру, лас, лек деп жазып жүрген сөздеріміз бір кездерде ылақ, ірет, ырыс, ұру, ылас, ілек түрінде жазылып жүрді. Бұлайша жазудың, шынында да, қисыны бар еді, өйткені осы сөздердің алдында айтылуда ілеспе ы, і дыбыстарының бары даусыз.
Мамандардың зерттеулеріне қарағанда, р дыбысы түркі сөздерінің басында келмейді. Көне түркі ескерткіштері тілінде кездесетін р-дан басталатын 50 шақты сөздің бәрі араб, парсы, санскрит тілдерінен енген кірме сөздер екендігі көрінеді. “Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде” (3-басылым, 1988) және осы “Анықтағышта” ұсынылған орфографиялық сөздікте р әрпінен басталып жазылып берілген сөздердің барлығы дерлік – кірме тұлғалар, басым көпшілігі радар, радио, ракета, ревизор, рельс сияқты орыс тілі арқылы енген сөздер, қалғандары – разы, рақым, рақат, рәсуа, рия сияқты араб, парсы сөздері, тек ру, рет, рас, рай тәрізді 5-6 тұлға ғана – ұру, ірет, ырас, ырай деген төл сөздердің жоғарғы топқа қолдан жетелеп әкеп қосылғандары.
Бұлардың барлығында, тіпті орыс тілі арқылы енген радио, рельс, роман сияқты сөздердің өзін қазақша сөйлеу актісінде айтуда сөз басындағы р дыбысының алдында ілеспе ы, і дыбыстары орын алады. Л-дан бастап жазып жүрген сөздеріміз де осы сияқты: көбі кірме сөздер (лаборант, лазер, лексика), ал араб, парсы тілдерінен еніп “қазақыланып кеткен” немесе қазақтың төл сөзі деп табылатын тұлғалардың да жазылуы қолдан жасалынды, сондықтан айтылуда ылай, ылақ, ылау болып айтылады. Бұл топтағы лүп, лүпіл, лық (толы), лып-лып сияқты ү, ы, і дыбыстарымен буын құрайтын сөздердің басындағы ілеспе дауыстылардың айтылу (естілу) сапасы (күші) алдыңғы топтан төмендеу екенін жай құлақпен де байқаймыз.
Сөздің жазылуы мен айтылуына келгенде, қайшылығы көрініп, біраз пікір таласын туғызып келе жатқан тұстың бірі – ж, ш дыбыстарынан кейінгі а, ә дыбыстарының орфограммасы мен орфоэпиясы. Тек қазақ тілі емес, жалпы түркі тілдерін зерттеген мамандар сөз басындағы ш, ж (дж) мен й дыбыстарының ортасында келген а дыбысы жіңішке айтылатындығын көрсетеді. Қазақ тілінде де солай: шай, жай және жай буынынан басталатын көп буынды жайғасу, жайдақ, жайдарлы, жайнақы, жайнаң т.б. сияқты сөздер шәй, жәй, жәйдақ, жәйдарлы...болып айтылады, ал шай, жай деген бір буынды сөздерге қосымша жуан жалғанады: шәй+ғакел (шәй+гекел емес), жәй+ы+ң+ақара (жәйіңе қара емес). Жай дегеннен басталатын көп буынды сөздердің барлығы да – жуан сөздер, яғни екінші, үшінші... буындары а, ы жуан дауыстыларымен келеді. Осы зандылықты ескеріп, емле сөздігінде шай, жай деген бір буынды сөздерді жуан а дыбыс әрпімен жазу ұсынылған. Соған қарамастан, айтылу (естілу) заңдылығына қарай осы сөздер жеке бір буынды болып тұрғанда, кейде тіпті оларға жуан қосымшалар жалғанып тұрған күннің өзінде шәй, жәй, жәйдан-жәй, жәйғасу деп жазу жиі кездеседі. Сингармонизм заңы бойынша, сөз тұтас не жуан, не жіңішке айтылуға тиіс болса, қазақ тілінде мұндай үндестік қатардың көрнекті түрде бұзылатын тұсы осы жерде тәрізді. Мысалы, жайдақ шам деп жазылғанды жәйдақ шам деп айтамыз, ал үндестік заңы бойынша бұл сөз не жайдақ, не жәйдек болып дыбысталуы қажет қой.
Қазақ сөздерінде сөз басында немесе ішінде келген ж дыбысының айтылуында да ескеретін жайт бар. Эксперименттік байқау қазақ әдеби тіл нормасында ж дыбысының таза аффрикат дж түрінде айтылмағанымен, ж-ның алдында өте әлсіз ілеспе д жаңғырығының барын айтады. Таза аффрикат дж қазақ тілінде диалектілік ерекшелік ретінде көрсетіледі. Бұл жөнінде кеңінен талданған еңбектер бар. Мысалы, қарақалпақтар арасында тұратын қазақтар сөз басында келген ж дыбысын дж деп айтатындығын (джоқ, джігіт, джантақ) көрсетеді. Бұл ерекшелік Қазақстанның оңтүстігіндегі кейбір аудандардағы қазақтар тілінде де ұшырайтындығы тіркелген. Мысалы, зерттеуші О.Нақысбеков Шу ауданындағы қазақтар тілінде дж аффрикат джайлау, джауын, джүлде сияқты сөздердің басында айтылса, олжа, болджау сияқты сөздердің ортасында қолданылатынын көрсетеді. Бұл құбылыс Сарысу ауданы тұрғындарында (С.Омарбеков), Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Семей облыстарының кейбір аудандарындағы, Моңғолиядағы қазақтар тілінде де байқалады (Ж.Досқараев). Ал әдеби тіліміздің орфоэпиялық нормасы бойынша сөздің басындағы да, ортасындағы да ж дыбысы таза, айқын дыбысталатын дж аффрикаты болып емес, жалаң ж (тіпті алдында өте әлсіз джаңғырығы болған күннің өзінде де) дыбысы болып айтылуға тиіс, яғни ж-ның алдынан жоғарыда көрсетілген жергілікті жердегідей д қосалқы дыбысы айқын айтылмайды.
Қазақ тіліндегі ш дыбысынан басталатын сөздердің ч-мен айтылуы (чал, чатақ, чырақ) да осы іспеттес: ол да – диалектілік ерекшелік. Сөз басында ч дыбысын айту Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс өңірі мен Моңғолия, Шыңжан өлкелеріндегі қазақтардың сөйлеу тілінде орын алады. Ал әдеби тіл нормасы бойынша қазақ сөздері тек шдыбысымен айтылады: шал, шатақ, шырақ. Сөз ортасында және соңында келген шдыбысының осы түрінде айтылуында тіпті дау жоқ: ақша (ақча емес), қанша (қанча емес), қалаш (қалач емес), күш (күч емес). Бұл заңдылық тіпті жергілікті жерлерде сөз басында ч-мен сөйлейтіндердің тіліне де тән.
Сөз сазын, орфоэпиялық норманы әңгіме еткенде, қазақтың өз тілінің дыбыстық жүйесіне тән емес, тек кірме сөздерде жазылатын в, ф, х, һ, ц таңбаларын дыбыстау жайына тоқтауға тура келеді. Бұлардың ішінде һ таңбасы тек араб, парсы тілдерінен енген сөздерде ғана, ал х, ф әріптері араб, парсы тілдері мен орыс тілі арқылы енген сөздерде жазылып жүрсе, в, ч, ц, щ-мен тек орыс тілі арқылы енген халықаралық сөздер мен орыстың өз сөздерінде жазылады. Бұл сөздерді, әсіресе орыс тілі арқылы енгендерді қазақ тілінде негізінен сол әріптер белгілеп тұрған дыбыстарды өзгертпей айтқан жөн: вагон (бәгөн емес), факультет (пәкүлтет емес), химия (қимия емес), гауһар (гауқар немесе гаухар емес), цирк (сирк емес): щ әрпімен келген сөз қай тілдің сөзі болса да ш дыбысымен айтылады: училишше (училище), ашшы (ащы), тұшшы (тұщы).Сөйлеу үстінде һ, х дыбыстарымен келген араб, парсы сөздері қазақша қ дыбысына жуық айтылу фактісі жиірек кездеседі, бұл да қате емес, біріншіден, оның себебі бұл дауыссыздардың қазақ тіліне тән емес екендігінде болса, екіншіден, һ, х дыбысты көптеген араб, парсы сөздерінің ертеректе енген не қ-мен айтылып кеткендігіне немесе олардың түсіп қалу дәстүріне байланысты. Мысалы, хаким сөзі әкім болып, һәр сөзі әр, һәм шылауы әм, рахим сөзі рақым, Зухра жалқы есім Зура (Зәуре), Зере түрінде қалыптасқаны бұл күнде тарихи дәстүрмен Ахмет, Мұхит, сахна деп жазып жүрген сөздерді Ақымет, Мұқыйт, сақына деп айтуға ерік береді.
Демек, сөздің жазылуы мен айтылуы үнемі бірдей түсе бермейді екен, яғни сөз қалай таңбаланса, сол таңбаларды ғана сақтап айту әрдайым шарт та емес, мүмкін де емес. Әрине, қазақ тілінде жазылуы бойынша айтылатын сөздер де аз емес. Мысалы, ара, ала, алау, аламан, алмақ, алғы, алғашқы деген сияқты сөздердің жеке тұрғандағы айтылуы олардың таңбалауымен бірдей.
Міне, қазақ тіліндегі сөз сазының басты-басты құбылыстары жайында жалпы таныстыруды осымен аяқтауға болады. Әрине, бұл жерде біз қазақ орфоэпиялық заңдылықтарын бастан-аяқ түгел баяндап отырған жоқпыз, өйткені бұл заңдылықтардың норма ретіндегі көрінісі осы кітапта ережелер түрінде түгелге жуық ұсынылады. Мұнда көзделген мақсат – тілдің сөздік қазынасы (лексикасы), грамматикасы, дыбыстық жүйесі (фонетикасы), жазу жүйесі (орфографиясы) салаларында өздеріне тән заңдылықтары болатыны сияқты, сөздерді дұрыс айтудың да, дұрыс дыбыстаудың да (орфоэпияның да) табиғи тәртібі, нормалары болатындығына назар аударту.
Өзге салаларға қарағанда, орфоэпия мәселелері назарға кешеңдеп ілініп отыр. Оның да себептері бар. Тіл-тілдің қай-қайсысында да орфоэпиялық нормаларды арнайы сөз ету, яғни оларды көрсету, зерттеу, реттеу кешеңдеп қолға алынады, өйткені ұлттық әдеби тіл әбден қалыптасып, барлық адамдарға, тіл қолданысының барлық саласында, сол ұлт мекендеген барлық өлкеге ортақ, бірдей болған күнде ғана сол тілде ауызша дұрыс сөйлеудің нормасы, оның ішінде орфоэпия тәртіптері баршаға түгел міндетті сипат алады. Қазақ тілінің сөз сазының орфоэпиялық жүйесін арнайы сөз ету кейін, үстіміздегі ғасырдың 60-70-жылдарынан бастап қолға алынды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 60-жылдардың соңғы кезінде “Тіл мәдениеті” деген бөлім ашып, белгілі ғалым М.Балақаев қазақ тілінің сөз мәдениетін, орфографиясы мен орфоэпиясын зерттеуге басшылық етті, өзі де “Қазақ тілінің мәдениеті” (1971), “Қазақ әдеби тілі және оның нормалары” (1984) атты еңбектерді жарыққа шығарды, бөлім қызметкері Қ.Неталиева “Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін” құрастырып, ол 1977 жылы жұртшылық қолына тиді. М.Дүйсебаева “Қазақ әдеби тілі орфоэпиясының кейбір мәселелері” атты еңбегін 1973 жылы ұсынды, мектепке арналған “Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі” (1981) шықты. 1983 жылы және 1995 жылы біз “Сөз сазы” (сөзді дұрыс айту нормалары) атты арнайы кітапша шығарып, оны мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, сахна қайраткерлері мен радио, теледидар дикторларына, комментатор мен журналистерге нақты құрал ретінде ұсындық. Онда тұңғыш рет қазақ тілінің орфоэпиялық ережелері берілді. Бұл ережелер қолданбалылық (практикалық) мақсатта түзілді, сондықтан көрсетілген қағидаларды жаттықтыратын мысалдар мен тапсырмалар беріліп отырды.
Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б. ISBN: 9965-06-023-1