Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВТЫҢ ЕМЛЕ ЖАЙЛЫ ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАРЫ

ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВТЫҢ ЕМЛЕ ЖАЙЛЫ ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАРЫ

Қазақ халқы қай кезде де өзінің біртуар ұлдарын есте сақтап, кейінгі ұрпаққа оның  еңбектері  мен  өмірін, ізденімпаздығын, білімділігін үлгі-өнеге етіп  отырған. Солардың бірі – қазақ тіл  білімінің  негізін  қалаушы, ұлттық  филологиямыздың  тұңғыш  профессоры  Құдайберген  Жұбанов.

  Белгілі  ғалым  өз кезеңінде  тіл  білімінің  барша  саласына өнімді еңбек етіп, туынды-еңбектерін арнаған. Оның қай сала да болмасын еңбектері  әлі күнге  дейін  ғылыми  маңызын  жоғалтқан  емес. Қ.Жұбанов өз кезеңінде қазақ тілінің ғылым ретінде қалыптасуына және оның алғышарттарын жасап, оны жетілдірудің жолдарын белгіледі. Ғалымның педагогика мәселелері жөніндегі еңбектері теориялық жағынан терең, практикалық  жағынан  құнды  тағылымдарға толы. Сонымен бірге ғалымның еңбектерінде дидактикалық ұшан-теңіз деректер баршылық. Өйткені, ол – оқыту  теориясымен  мықты  қаруланған, оның  ішкі  сырларын терең  де,  жан-жақты білген ғалым. Сондай-ақ, профессор  Қ.Жұбанов – қазақ  тілі  тарихындағы  елеулі  бір өзгеріс – араб жазуынан латын әліппесіне көшу ісіне күш-жігерін аямай жұмсаған ғалым. Педагог-ғалым қазақ ұрпақтарының жазу сауаттылығының дамуына арабшаның тигізген қиыншылықтарына төзе алмай, латын жазуын қабылдау, оны қазақ тіліне лайықтап  жетілдіре түсу, емле ережелерін  әрі қарай жақсартып, тиянақтауда да нақты ұсыныстар жасады. Оның «Қосар ма, дара ма?», «Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайлы», «Сауаттылықты жоятын нұсқаушы мектеп» т.б. атаулы  еңбектерінде  оқыту ісін  жүйеге түсіру, бір  жолға  қою  сол дәуірдегі  көкейкесті түйіндерді көтеріп, адамның жазу сауаттылығын әртүрлі амал-тәсілдер арқылы меңгертудің жолдары қарастырылады. Алфавит, орфография, емле  мәселесін қалыпқа түсірмей ешбір халық сауатты бола алмайтынын түсінген профессор өзінің күш-жігерін осы салаға ерекше жұмсаған. Сонымен бірге ғалымның пікірінше, «араб алфавитінің бірінші кемшілігі деп – араб алфавитінің  нашар жақтарын  талғаусыз әкеліп латын  әліппесіне  көшіре  салу  болса,  екінші  кемшілік – араб жазулы  қазақ алфавитінің  жалғыз  жетістігі  саналатын  «жіңішкерткіш  белгіден»  бас  тарту  болып  табылады», –  дейді.  Негізінде  ғалымның  тілді  жетілдірудегі 

келелі жұмысы әліппе, жазу емлесін тұрақтандыру мәселелерімен байланысты. Оның бұл реттегі кесімді пікірлері сонау жиырмасыншы жылдардың ішіндегі араб графикасын тастап, латын әліппесін қабылдау жөніндегі айтыс-тартыстар тұсында-ақ белгілі болған.  Қ.Жұбанов  халықты  сауаттандыруда латын әліппесін қабылдап қана қоймай, «бұқарашыл  жазу  емлесін жасау»  ісіне де  көп  күш  салған. Ғалым-тілші әр тілдің өзіндік ішкі жүйелерін реттестіру, яғни нормаландыру үшін  нағыз  көпшіліктің  хұзырындағы  бұқарашыл  жазу  емлелері  ғана пәрменді  ықпал  ете  алады  деп  көрсетеді. 

  Ғалымның сол кездегі пікірлерінде жазу сауаттылығын реттеуде біріншіден, қазақ орфографиясының принциптерінің қызметінің ерекше екендігі аталып өтіледі.

  Ғалым жазу сауаттылығын арттыруда фонетикалық принципті ұсынып, «Емле негізінде қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуға керек. Тіліміздің жаратылысына қарасақ, емле дыбыс негізде болуға керек». Ал шындығында морфологиялық принцип бойынша көп нұсқалы қосымшалардың бір ғана нұсқасы таңбалануы керек те, қалғандары еленбеуі тиіс. Бұл бағыт әрине, жазба тілдегі шарттылықты көрсетеді. Сауаттану жұмысы тезірек жүру үшін оған жазу да жақын болуы керек.

  Қазіргі жазу нормасында жалпы фонетикалық алмасуларға қатысты дыбыстық өзгерістер жазуда арнайы таңбаланбайды да, бұдан керісінше, морфологиялық алмасулар жазуда жүйелі түрде бейнеленіп отыратындығын мектеп мұғалімдері оқыту процесінде дұрыс түсініп, шәкірттеріне үйретіп отыруы тиіс» (1, 336) деген пікір айтқанда ұрпақтың сауаттануы үшін ұстаздарға да үлкен жауапкершілікті артады. Сол жауапкершіліктің негізінде зор жетістікке жетуді көздейді.

  Профессор Қ.Жұбанов жазу сауаттылығын арттыруда дидактиканың түсініктілік принципін қолданудың тиімділігін де атап өтеді. Түсініктілік принципімен  бірге жүйелілік пен сабақтастық принципі жүзеге келтірілген білімдер негізімен қаруландыру мұғалім жұмысының жүйесін, оқушылардың тиянақты іс-әрекетін айқындайды. Осыған орай қазақ тілінің бағдарламасында да, оқу құралында да ана тілі сабағының емле, грамматика тарауларын оқытуда оқушыларға талап қойылады, оларды балаларға түсіндіріп  өтуі  керек. Әйтпесе ана  тілі  сабағынан нәтиже шықпақшы емес», – деп Қ.Жұбанов оқытуда кететін қателік баланың өміріне, оның үстіне тіл білімінің  жетілуіне  үлкен  кесел екенін мұғалімдер зердесіне салады (1, 338).

  Адамның  білімі  молайған  сайын  ол  соншама терең ойлауға қабілетті. Осы орайда профессор Қ.Жұбановтың білімді сатылап беру шәкірттерге  бірте-бірте  жүйелі  түрде  білдіру, өз білгенін, көргенін талғамай баланың білім деңгейін, жас шамасын ескермей мұғалім балаға үйіп-төгіп берсе, баланың  ешнәрсе  ұқпайтынын,  сауаттылығының  нашарлайтынын атап көрсетті: «Мұғалімніңі міндеті программадағы мөлшерден озбай буын жайын қате ұқтырмай, дұрыс түрінде, барды бақылата  отырып,  бірте-бірте жүйелі түрде әкеліп салу керек» (1, 340). Міне, ғалым дидактикасының жүйелілік принципін оқыту процесіне берік ұсынуды  парыздайды.

  Профессор Қ.Жұбанов ана тілінің ерекшеліктеріне негізделген қазақ жазуының орфографиясы мен графикасын жасау жолында көп жұмыстар атқарды. Ең алдымен, қазақ жазуының латын алфавитіне көшірілуі оның тікелей араласуымен жүзеге асты.

  Қ.Жұбанов араб алфавитінің кемшілік жақтарын дәлелдей отырып, жаңадан енгізіліп жатқан жазуды жетілдіруге күш салды. Емле мәселесіне ерекше назар аударып, қазақ тілінің орфографиялық принциптерін тұрақтандырды. Қ.Жұбановтың тіл білімі ғылымының негізін салушы ғана емес, қазақ  лингводидактикасының  да  іргетасын қалаушылардың бірі. Оның  бүкіл  өмірі  халық ағарту ісіне арналады. Оның қаламынан туған қазақ орфографиялық заңдылықтар, әдістемелік мақалалар мен еңбектер, ол оқыған лекциялар мен баяндамалар Қазақстанда педагогикалық  және әдістемелік  ой-пікірдің  қалыптасып, дамуына  үлкен  септігін  тигізеді. Ғалымның сол бір кездегі әрбір ой-тұжырымдары кейінгі ұрпақ үшін құнды дүние, оның жетістіктерін әлі де болса қажетімізге жарата аламыз. Сондықтан ғалымның оқыту саласындағы өзіндік әдіс-тәсілдерін, жаңа тұжырымдамаларын ұлттық дидактикаға бағытталған сара жол деп қарауға әбден болады. 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Құдайберген Жұбанов және қазақ совет тіл білімі (жауапты редактор Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова). – Алма-Ата: Ғылым, 1990. – 368 б.

2. Құдайберген Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. – 581 б.