ОРАЗБАЕВА Ф. Ш.,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің
Қазіргі қазақ тілі теориясы
және оқыту әдістемесі
кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының
докторы
Профессор Қ.Жұбановтың педагогикалық мұрасы
ХХ ғасырдың басы қазақ топырағында ұлтты тану мен ұлтты танытудың үлгісін жасаған, ғасыр жүгін арқалаған тұғырлы тұлғаларды өмірге әкелді. Өмірінің соңғы төрт жылы осы ғасырдың еншісіне тиген ғұлама ойшыл, терең философ, елтану тамырын сонау алыста қалған ғасырлар қойнауынан іздей отырып, оны әлемдік деңгейге көтерген ұлы Абай мектебінің ғасыр жүгін көтерген айтулы тұлғаларға қаншама игі ықпал жасағанын уақыт озған сайын түсінудеміз. Солардың қатарында Алаш арыстары мен алыптары арасынан айырықша орын алатын Құдайберген Жұбанов есімін ерекше атау ләзім. Отыздан асар-аспас жасында өзінің дарын қуаты мен елжандылық қасиетін ғажайып білімдарлығымен, таным тереңдігімен, ойының беріктігімен дәлелдеген, қазақ тіл ғылымының мақтанышына айналған Құдайберген Қуанұлы Жұбанов еңбектерінің әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймауының сыры неде?
Қ.Жұбановтың артында қалған мұраларына жалпы шолу жасасақ, ғалымның еңбектері ұлт тілі, сауаттылық, қазақ өнері, әдебиет, музыка, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, т.б. көптеген салаларды қамтитынын көреміз. Бұл салалардың әрқайсысы ұлт үшін айрықша маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ғалым бұл мәселелердің түбірлі арналарын қарастыру барысында аталмыш проблемаларға қатысты кемелді ой айтумен қатар, жаңа ғылыми бағыттардың негізін қалады. Сондықтан жыл өткен сайын ғалым мұрасының жаңа қырлары ашылып, тың зерттеулерге жол салып келеді.
Тілшінің лингвистикалық мұрасы тіл білімінің фонетика, лексикология, грамматика, морфология, әліпби, емле, терминология, синтаксис, әдеби тіл мәселелеріне арнала отырып, тіл ғылымының іргелі проблемаларын сөз етеді. Қазіргі таңда бұл мәселелер Қ.Жұбановтың ғылыми көзқарастары мен пікірлерін танып білуде арнайы зерттеу нысаналарына алынып, жан-жақты қарастырыла бастады. Сонымен қатар ғалым-тілшінің ғылыми мұрасын зерделеуде ерекше маңызды орын алатын лингводидактикалық және әдістемелік пікірлері – арнайы талдап-тануды қажет ететін іргелі проблемалардың бірі.
Педагог-ғалымның ағартушылық қызметі мен әдістеме мәселелеріне қатысты еңбектерін жүйелі түрде тұңғыш рет сөз еткен ғылыми зерттеу – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Мүслима Құдайбергенқызы Жұбанованың «Құдайберген Жұбанов ұлттық дидактика проблемалары хақында» (Алматы, 2002) атты кітабы. М.Жұбанова тілші-ғалымның дидактикалық тұжырымдарын қазіргі уақыт сұранысымен салыстыра-салғастыра келіп, профессор Қ.Жұбановтың әдістемелік пікірлері мен лингводидактикалық ойларының дұрыстығын бүгінгі оқу жүйесімен сабақтастыра отырып, жан-жақты дәлелдеген. М.Жұбанованың еңбегі – ойшыл-ғалымның педагогикалық мұрасын зерттеп-тануға бағыт-бағдар беретін, тілшінің лингводидактикалық көзқарастарын саралап көрсеткен, жаңашыл пікірлерін талдап түсіндірген, ана тілін сапалы оқытуға игі әсер ететін өзіндік ізденістерін баяндап-бағалаған, ғалым мұрасының тың беттерін ашып берген, педагогика іліміне үлес болып қосылатын игілігі мол еңбек.
Қ.Жұбановтың педагогика саласына қатысты зерттеулері оның психолог-ғалым екендігін де танытады. Ол лингводидактиканың методологиялық негіздерін психология ілімімен тығыз байланыста қарастырады. Оның «Сөйлеуші бірдеменің жайын хабарлай тұрып, сонымен бірге, сол хабары өз басына қандай әсер ететінін де – қайғыратынын, қуанатынын, опындыратынын, т.т. да, көбінесе қоса білдіреді. Өйткені сөйлеуші – тірі адам, сезімі бар, жүрегі бар адам. Сондықтан оған дүниедегі болып жатқан әртүрлі құбылыстар әртүрлі әсер етпей қоймайды» [1, 216-б.] немесе «Сөйлем дегеніміз бұрын логика сөйлеміне, психология коммуникациясына тура келетін, сөзбен айтылған лебіз болатын (аяқталған ойды білдіретін сөздер)», «Бір сөздің өзін қандай көңілмен айтуымызға қарай, әртүрлі сазбен айта аламыз» [1, 216-б.], – деген ой-тұжырымдары тіл білімінің салалары мен жеке нысаналарын меңгеру үшін «адамның жанын қарайтын ғылымға» ден қою керектігіне назар аудартады.
Оқу үрдісін оқушының танымы мен қабілетіне қарай ұйымдастыру жайына барынша мән беруі де оның педагогикалық психологияны жетік білгеніне дәлел болады. Мысалы, тілші-ғалым: «Буын жүйесін жақсы білмей тұрып, ана тілі сабағын басқаруға болмайды…» [1, 364-б.], «Буынды жіктеу, оның формулаларын беру – бастауыш мектепке ауыр келетін жұмыс. Буынды жүйелі түрде топтастырып айыру бесінші жылда ғана мүмкін. Соның үшін әзірге мұғалімнің міндеті – программадағы мөлшерден озбай, буын жайын қате ұқтырмай, дұрыс түсіндіре, барды бақылата отырып, бірте-бірте жүйелі түрде әкеліп сала білу керек», – дейді [1, 374-б.]. Осы орайда оқытудың әдіс-тәсілдеріне қатысты пікірлері де оның оқу үдерісінің түпкі мақсатын дәл анықтап, көре білетін ғалымдық парасат-пайымын айқындай түседі.
Қ.Жұбановтың лингводидактикалық және әдістемелік көзқарастарын зерделеп қарағанда ерекше мән беретін басты мәселе ретінде тіл теориясы мен әдістеме теориясын ұштастыруға мән беріп, ана тілін жетік білгізу мен сауаттылықты қалыптастырудың алғышарттарын дәл танып, айтып қана қоймай, сұрыптап түсіндіріп беруі де ғалымның бұл саланы терең меңгергенінің дәлелі. Мысалы, ол ХХ ғасырдың 20-жылдарының өзінде-ақ тілді меңгеруде кешендік амал-тәсілдердің ұтымдылығы туралы ой түйіндейді. Соның ішінде барлық білімді меңгерудің кілтін ұстататын ана тілін меңгертудің маңызына айрықша тоқталады. Ғалым: «Қандай болмасын ғылым, ең алдымен, адамзатқа пайдалы ілім болу керек. Адамзатқа қажет ілім тіл арқылы беріледі, сондықтан тілді оқытуға ерекше көңіл бөліну керек. Тіл құбылыстарын жалаң түр жағын ғана зерттеумен біліп болмайды… Түр-форма деген – тілде жоқ белгі емес, бар нәрсе. Бар қасиетін көрсетушілік қашан да пайда болмаса, зиян келтірмейді. Бірақ жеткіліксіз, өйткені түр тілдің бар тарауы емес, бір тарауы. Әр нәрсенің, әр құбылыстың да әлденеше қыры, сыры, сипаты болмақ. Дұрыс білім – сол қыры, сыры, сипатының бәрін болмағанмен, барлығын түгел қамтып болмайды, ұшы-қиыры көп, көбін, негізділерін көрсетіп бере алумен ғана табылмақ » - дейді [1,34-бет]. Осы мақсатқа жетудің барынша тиімді әдіс-тәсілдерін да саралап береді. Ол әдістердің ерекшелігі оқушының білімді өздігінен, саналы меңгеруіне бағытталатындығынан байқалады.
Қ.Жұбанов еңбектеріндегі тұжырымдарға зер салсақ, ғалым ұсынған тиімді әдістердің қатарында түйінді мәселеге көңіл аудару, сөзбен суреттеу, көрнекілік, өмірге үңілдіру, еңбек процесімен байланыс, жүйелі ойға төселдіру, оқушының алдына проблема қоя оқыту, бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету, т.б. – бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштасып қана қоймай, қазіргі кезде басымдылық беріліп отырған іздендіре, дамыта оқытудың ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік негізін қалаған ой-пікірлер болғанын аңғару қиын емес. Мәселен, қазіргі оқыту мәселелеріне байланысты қарастырылып жүрген таным процесі – өмірге үңілдіру; проблемалы оқыту – оқушы алдында проблема қоя оқыту; пәнаралық байланыс – бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету; дамыта оқыту – жүйелі ойға төселдіру; тіл дамыту – сөзбен суреттеп көрсетудің, т.б. негізгі бағыт-бағдарымен сәйкес келеді. Осының өзі де тілші-ғалымның әдістемелік көзқарасы мен жасаған түйіндерінің өміршеңдігін, даналығы мен көрегендігін дәлелдейді.
Ғалымның педагогикалық мұраларын сөз еткенде, басты назар аударатын мәселенің тағы бірі – оқу, оқыту үдерісінің сапасын арттырудың алғышарты ретінде оны оқулықпен қамтамасыз етудің жолдарын қарастыруы, оқулық жасаудың ғылыми негіздерін іс жүзіне асырып, үлгісін көрсете білуі. Мектеп оқулықтарын жазуға атсалыса отырып, ғалымның тілді меңгертуде оның қоғамдық-әлеуметтік мәніне баса көңіл бөлгенін көреміз. Ғалымның тілдің теориясы мен қолданысын қатар игертудің жүйесін танытар тың қадамдар жасалған оқулықтарындағы идеялар қазір де өміршеңдігін жоймай отыр.
Тілшінің педагогикалық мұрасының тағы бір ерекшелігі –білім сапасын көтеру мақсатында оқу-әдістемелік кешеннің қажет екенін сол кездің өзінде-ақ біліп, оқу құралдары мен әдістемелік құралдарды бірге дайындауға ден қоюы. Педагог-ғалым «Қазақ тілінің программасы» (1936 ж), «Қазақ тілінің грамматикасы» (1936 ж)., «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» (1937 ж), т.б. еңбектерінде қазақ тіліне қатысты ғылыми-теориялық тұжырымдарын ұсынумен қатар, осы ғылыми ой-тұжырымдарын қалай түсіну керек, оларды қандай амал-тәсілдерді қолданып оқыту тиімді, тілдік материалдарды игеруге байланысты негізгі ұстанымдар қандай болуы керек деген сияқты сұрақтарға жауап бере отырып, қазақ тілін меңгертудің тұтас оқу-әдістемелік, ғылыми-практикалық кешенін дайындап, талдап жазып шықты.
Қ.Жұбановтың лингводидактика ілімімен байланысты ой-пікірлерінде оның шынайы маман екенін дәлелдейтін басты көрсеткіш ретінде оның психология, педагогика, лингвистика ғылымдарын тең меңгергенін атауға болады. Мәселен, ол тілді дұрыс оқыту, білім беру мен оқытудың негізгі олардың аражігін ажыратып, әрқайсысына лайықты критерийлерді дәл сұрыптап ала білуде деп тұжырымдайды. Осы ретте тілші-ғалым көп еңбектерге талдау жасай келіп былай дейді: «Оқушылар мен оқытушыларды шырғалаңға салғымыз келмеді. Сондықтан тұрлаусыз мүшелерді топтастырғанда, соқырға таяқ ұстатқандай анық критерий беру керек болады» [1, 230-б.].
Қ.Жұбановтың педагогикалық мұрасының басты өзегі – сапалы да терең білім беру, оның тиімді жолдарын тынбай іздеу, ұтымды әдіс-тәсілдерді сабақ сайын үзбей бірізділікпен қолдану. «Тілді меңгеру тек біржақты емес, тұтас, жүйелі түрде болу керек»,- деген ғалым пікірі оның педагогикалық көзқарасын нақтылай түседі. Бұл тұжырым қазіргі таңда кең қолданыс тауып отырған оқыту технологиясымен тығыз ұштасып жатқаны даусыз. Өйткені инновациялық технологиялардың түпкі мәні де, олардың дәстүрлі білім беру жүйесінен өзгешелігі де оның осы бітім тұтастығы мен ішкі мазмұн бірлігінің беріктігінен көрінеді. Сондықтан да тілдің жүйелілігіне ерекше ден қоюды қалай отырып, ғалымның айрықша сөз еткен мәселесінің бірі технология болуы заңды. Бұл проблеманың соңғы жылдарда терминдік тұрғыдан да, мазмұндық-сапалық тұрғыдан да айрықша өзекті болып отырғаны барша қауымға аян. Қ.Жұбановтың ойшыл-философиялық тұлғасын осы мәселеге қатысты айтылған тұжырымдары нақтылы дәлелдейді. Мысалы, ғалым: “Бүгіндегі біз біліп, көріп жүрген тілдердің жетіскен, өте игерілген тілдер болушылығы – бүгіндегі еңбек техникасының өркендегенінен әр нәрсеге технология көзімен қараушылығымыз”, – деп [1, 134-б.] отызыншы жылдарда-ақ көрегендік танытып, тілдерді меңгерудегі технологияның, яғни еңбек арқылы жинақталған тиімді амал-тәсілдерді кешенді қолданудың рөлін жоғары бағалайды. Ал келесі бір пікірінде зерттеуші: “Бүгіндегі біздің жазу техникамыз да осы технологияшыл дүниетану жемісінің бірі. Жазу үйренгенде біз бірден сөздерді, сөйлемдерді жазып үйренбейміз, әрбір дыбысқа өз алдына таңба (әріп) белгілеп, сол таңбаларды жазуға, олардың дыбыстық мәндерін айыруға үйретіп аламыз да, содан кейін барып қана сол жеке дыбыс белгілерін қостырып, жалғатып, сөз, сөйлем құрастырамыз”, – дей келіп, технологияны дүниетанымның бір кілті ретінде атап көрсетеді. Бұл ойдың ұлылығы мен өміршеңдігін, шындығын қазіргі ХХІ ғасырдың ғылымы мен ілімінің дамуы дәлелдеп отыр.
Қорыта айтқанда, соңына мол мұра қалдырған Құдайберген Жұбанов сынды әмбебап ғалымның, алып ойшылдың оқыту ісіне байланысты лингводидактикалық және әдістемелік тұжырымдарын тиянақтап, жүйелеу, оның еңбектеріндегі өміршең идеяларды жаңа уақыт тұрғысынан зерделеп, таныту қазіргі заман талабына лайық ұлт зиялылары қалыптастырған қағидаларды қайта жаңғыртып қолдану бағытындағы ұтымды жол болып табылады. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол,»-деп Абай айтқандай, даналығымен даралығын танытқан, тереңдігімен тегеурінді тұжырым жасаған, ұлтының болашағын тәрбиелеуге қатысты қарымды да құнды ой қалдырған Құдайберген Жұбановтың педагогикалық еңбектерін зерделеу нәтижесінде ұлттық педагогика ғылымының қазынасы одан сайын толықтырыла берері даусыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жұбанов Қ. Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар. Алматы, 1966.