Пунктуация – тыныс белгілері туралы ілім, ол айтылмақшы ойды екі ұшты етпей, дәл, түсінікті де тиянақты етіп білдіру үшін қолданылады. Бұл – тыныс белгілерінің негізгі қызметі. Тыныс белгілері бір сөйлемдерді немесе сөздер тобын айтқанда, оқығанда, ауызекі тілде болатын кідірісті де, дауыстың қалай құбылуын да білдіреді. Бұл – тыныс белгілерінің қосымша, көмекші қызметі. Жазба тілде де, ауызекі тілде де тыныс белгілерінің үлкен маңызы бар. Тыныс белгілері мүлдем қойылмаған сөйлемді немесе тексті оқу да, оның мағынасын түсіну де қиын. Сөйлемнің немесе текстің тыныс белгілері дұрыс қойылмаса, ондағы айтылған ой да дұрыс ұғылмайды.
Тыныс белгілерін дұрыс қолданудың негізгі жолдарын, сөйлемнің синтаксистік ерекшелігін және сөйлемдегі кейбір сөздердің мағынасын, сөйлемнің интонациясын оқытқанда, тыныс белгілерін жете меңгерту үшін, біріншіден, қандай грамматикалық заңдылықтарға байланысты қандай тыныс белгілерінің қойылатындығын және соған байланысты ережелерді, екіншіден, қандай тыныс белгілерінің мағынаға байланысты қойылатындығын, үшіншіден, қандай тыныс белгілерінің интонацияға ғана негізделетінін білгізу қажет.
Сөйлемнің немесе бүтіндей мәтіннің тыныс белігілерін дұрыс қою үшін, үш түрлі негізге сүйенеміз. Олар мыналар:
- Сөйлемнің синтаксистік ерекшелігі.
- Сөйлемнің мағынасы.
- Сөйлемнің интонациясы.
Кез келген сөйлем: жай сөйлем немесе құрмалас сөйлем, бір сөзді не көп сөзді сөйлем – аталған үш принциптің тұтасқан бірлігі негізінде жасалады. Белгілі мағынаны білдіріп, арнайы интонациямен айтылатын тіліміздегі алуан түрлі синтаксистік құрылымдардың өзіндік ерекшеліктеріне сай, қазақ тілі пунктуациясын құрайтын тыныс белгілері мынадай екі түрлі қызмет атқарады:
- мәтіндегі әрбір сөйлемнің /жай не құрмалас/ шекарасын белгілеп, сөйлем компоненттерінің жігін ажырату;
- күрделенген сөйлем ішіне кірістірілген түрлі синтаксистік оралымдарды ерекшелеп, ондай сөйлемдердің тура және қосымша синтаксистік байланыс белгілерін айқындау. Осыған орай, тыныс белгілері ажыратушы және бөлуші тыныс белгілері болып үлкен екі топқа бөлінеді. Ажыратушы және бөлуші тыныс белгілерінің қолданылуындағы бір ерекшелік мынадай: ажыратушы тыныс белгілері сыңар жақты, жеке-дара жұмсалады (Жем көп болса, мал да күйлі болады); бөлуші тыныс белгілері көбінесе екі жақты, жұп болып қолданылады (Біздерді, жастарды, қызу еңбек күтеді).
Ажыратушы тыныс белгілері мәтіндегі бір сөйлем мен екінші сөйлемнің шекарасын ажырату үшін, синтаксистік тура мағынада келген өзара тең дәрежелес синтаксистік компоненттердің (сөйлем мүшелерінің, құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің) ара-жігін көрсету үшін қолданылады. Ажыратушы тыныс белгілерінің жиі қолданылатын екі түрін атап өтуге болады:
1) сөйлем соңына қойылатын тыныс белгілері (нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі, көп нүкте, бұлардың қабаттаса қолданылған түрлері);
2) бірыңғай мүшелерді және құрмалас сөйлем компоненттерін ажыратушы тыныс белгілері (үтір, сызықша, қос нүкте, нүктелі үтір). Сөйлем соңына қойылатын ажыратушы тыныс белгілерінің жазу мәдениетін қалыптастырып, пунктуациялық сауаттылықты арттыруда атқаратын ролі зор. Бұл топтағы тыныс белгілері жазба жұмыстарында өте жиі қолданылып, қажетті қызмет атқарады. Олар мәтіндегі әрбір жеке сөйлем аралығын белгілеп, бір ойды алдыңғы не соңғы оймен шатастырмауға мүмкіндік жасайды, сөйлемнің синтаксистік құрылым ерекшелігін, интонациясын еркін байқауға көмектеседі. Оқушы сөйлем соңына қойылған ажыратушы нүкте, сұрау белгісі немесе леп белгісін оқи отырып берілген сөйлемдердің хабарлы, сұраулы, лепті сөйлем екенін, олардың қандай интонациямен айтылатынын бірден көреді. Бірыңғай мүшелерді және құрмалас сөйлем компоненттерін ажыратушы тыныс белгілерінің қолданылуы тура желіде келген жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлемдердің мағыналық және синтаксистік құрылым ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік беріп, сөйлемді дұрыс оқуда интонацияның қажеттігін ескертеді. Аталған тыныс белгілері арқылы ажыратылушы компоненттер біртұтас синтаксистік топтың жеке және өзара тең дәрежелес сыңарлары болып табылады.
Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасындағы ажыратушы тыныс белгілерінің қолданысын қарастырған уақытта, негізінен, ажыратушы үтір, ажыратушы қос нүкте, ажыратушы сызықша, ажыратушы нүктелі үтірге байланысты сөйлем құрылымдарын көптеп кездестіреміз. Соның негізгісі – оңашаланған айқындауыш пен жалпылауыш сөздердің қолданысындағы ажыратушы тыныс белгілері.
Тыныс белгілерінің шешілмей, қиындық келтіріп жүрген басты-басты мәселесі - оңашаланған айқындауыштың тыныс белгісі. Сөйлемде белгілі бір мүшенің мағынасын басқа сөзбен түсіндіріп, нақтылап сипаттайтын мүше де болады. Айқындауыш екі түрі бар: 1) оңашаланған айқындауыш, 2) қосарлы айқындауыш.
Өзінен бұрын тұрған сөзді айқындап, дәлдеп түсіндіретін бір я бірнеше сөзді оңашаланған айқындауыш дейміз. Романда автор оңашаланған айқындауыштарды да жиі қолданған. Соған тоқталсақ,
1) Оңашаланған айқындауыш мүше екі жағынан үтірмен бөлініп жазылады. Мысалы, Тура өз ауылым, ошағыма, Қамқа әжеме қайтып оралғандай.../273-бет/
2) Оңашаланған айқындауыштың алдынан ғана сызықша қойылатын сөйлемдер де бар. Мысалы: Арқасын қара орманы – қалың еліне тіреп қойып соғысатын майдан емес, оңы мен солы, алды мен арты айнала жау, орман паналап, сай сағалап, түн жамылып соғысып жүрген жандар /282-бет/. Света келіп есік жақ бұрышқа – менің қасыма орналасты /71-бет/.
3) Оңашаланған айқындауыш сөйлемнің соңында келсе, айқындалатын сөзден кейін сызықша қойылады. Мысалы: Бұл үйдегі менің тағы да бір көз тоқтататын жиһазым бұрышта ілулі тұрған кішілеу икона – құдайдың суреті /185-бет/.
Оңашаланған айқындауыш өзі айқындайтын мүшесімен қызметтес әрі тұлғалас болады. Ол әрқашан өзі айқындайтын мүшесінен соң орналасады.
Кейбір оңашаланған айқындауыштар өзінің түсіндіретін сөзімен яғни, яки, не болмаса, мысалы, әсіресе, басқаша айтқанда, т.б. сияқты сөздер арқылы байланысады. Мұндайда оңашаланған айқындауыш сөздермен қоса екі жағынан тиісті тыныс белгілерімен айырылады. Мысалы: Ол қазіргі мүшкіл халімді алдыма көлденең тосып, еріксіз ертеңгі күнімді, яғни болашағымды ойлатады /156-бет/. Бұл өңірде, әсіресе өзеннің бер жағында, Носовец айтқандай, табиғаты тамаша жер осы екен /357-бет/.
Романда ажыратушы қызмет атқаратын тыныс белгілері бірыңғай мүшемен байланысқан – жалпылауыш сөздермен , екіншісі – жалпылауыш сөздерден басқа грамматикалық тұлғаларда қолданылады. Жалпылауыш сөздерден басқа бірыңғай мүшелерді жинақтаушы грамматикалық тұлғалар сөйлемнің тура желісін өзгертпейді. Мұндай жағдайда бірыңғай сөздер сөйлемде бірыңғай мүшелер болып қызмет атқарады. Ал сөйлемдегі бірыңғай мүшелерді жинақтаушы жалпылауыш сөздер сөйлемнің тура желісінде жұмсалып, бірыңғай мүшелерді екінші желіге ығыстырады.
Сөйлемде бірыңғай мүшелермен қызметтес және тұлғалас болып, олардың бәріне ортақ жинақтау мағынасын білдіретін сөз болады. Мысалы: Жусан, изен, бұйығын, көкпек, еркекшөп пен ебелек, торғай оты мен ажырық – осының бәрі жер-ананың малға арнаған сыйы есепті. Бұл сөйлемде шөп атаулары бірыңғай бастауыш болса, осының бәрі деген есімдік жалпылауыш сөз болып, ол да бастауыш болып тұр.
Бірыңғай мүшелермен қызметтес, тұлғалас болып, оларға ортақ жинақтау мәнін білдіретін сөзді жалпылауыш сөз дейміз. Жалпылауыш сөз сілтеу (мыналар), жалпылау (бәрі, баршасы, барлығы) есімдіктерінен, жинақтау сан есімінен (екеуі, үшеуі, т.б.) және зат есімнен болады. Мысалы: Жұрт тарай бастағанда Айдынғали, Жақсылық, Михаил – үшеуі оңаша қалған еді.
Жалпылауыш сөздің орын тәртібіне қарай бірыңғай мүшелермен байланысын мынадай екі түрде көрсетуге болады:
1. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшеден бұрын қолданылады;
2. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден кейін қолданылады.
Бірыңғай мүшелер жекеше үш жақта келген сөздер болса, сөйлем мүшесі болған жалпылауыш сөз көпше бірінші жақта тұрады; бірыңғай сөздер екінші және үшінші жақта келсе, сөйлем мүшесі болған жалпылауыш сөз көпше екінші жақта тұрады; бірыңғай сөздер үшінші жақта келсе, айқындалушы жалпылауыш сөзден болған мүше үшінші жақта тұрады.
Қазақ тіліндегі жалпылауыш сөз сөйлем құрамындағы түрлі мүшелерді айқындап, онымен қабаттаса қолданылуға тым икем синтаксистік категория болып табылады. Сондықтан бұлардың қатысымен түзілетін сөйлем құрылымдарының түр-түрі өте көп болуы ықтимал. Осындай категориялардың бірі – сөйлем басында келген бірыңғай мүшелерден жасалған құрылымның қазақ тілінде өнімді қолданылатын негізгі үш түрін сөз етуге болады:
Біріншісі – жалпылау есімдігіне қатысты бірыңғай мүшелерден. Мұндай сөйлем құрылымдарындағы компонент зат есім немесе субстантивтенген есім сөздерден жасалған бірыңғай сөздерден түзіледі; ал жалпылауыш компонент тәуелденген жалпылау есімдігінен жасалады. Мысалы: Еден жуатын шүберек, шелек, сыпырғыш – бәрі бір бұрышта, шамасы, үйді осыларға даярлап жақында ғана жудырып шықса керек /137-бет/.
Екіншісі – жинақтық сан есімге қатысты бірыңғай мүшелермен байланысқан жалпылауыш мүше. Мұндай сөйлем құрылымдарындағы айқындаушы компонент бірыңғай жұмсалған жіктеу есімдіктерінен, кісі аттарын білдіретін жалқы есімдердің санамалануынан немесе олардың аралас қолданылуынан жасалады; ал айқындалушы компонент тәуелденген жинақтық сан есімнен болады. Мысалы: Мен, сен, Қасымбек – үшеуіміз бір үйде тұра аламыз /43-бет/. Ираида Ивановнаның күйеуі, Николай және Қасымбек – үшеуі жиналыстан соң орталыққа аттанды /47-бет/.
Үшіншісі – қысқасы, бір сөзбен айтқанда, не керек, әйтеуір сияқты жинақтаушы қыстырма сөздердің қатысымен жұмсалған есім сөздерден болатын жалпылауыш сөзге қатысты бірыңғай мүшелерден жасалған сөйлем құрылымдары да кездеседі. Мысалы: Мәдениет сарайына жұмысшы жастар, студенттер, оқушылар – бір сөзбен айтқанда, кілең жастар жиналды. Кілең әйелдер айқайлап, шабалаңдап, тұс-тұстан бажылдап – қысқасы, күзетшінің бес тиынға керегі жоқ екен /73-бет/.
Бұл шығармада жалпылауыш сөздердің тыныс белгілері мынадай жағдайда қойылған:
1. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшеден бұрын тұрса, соңынан қос нүкте қойылады. Мысалы: Сырт кескінінде «мен мұндалап» көзге түсер ешнәрсе жоқ: орта бойлы, кеуделі, толықша денелі, кішілеу қайқы тұмсық, аққұба әйел /73-бет/. Менің бір байқағаным, үлкен станцияларда абыр-сабыр, аласапыран: артынып-тартынып, чемодан, түйіншегін арқаланып, жанығып жүрген халық /80-бет/.
2. Бірыңғай мүшелердің алдында жалпылауыш сөз тұрып, соңында сөйлемнің басқа мүшелері келсе, бірыңғай мүшелерден бұрын қос нүкте, олардан кейін сызықша қойылады. Мысалы: Емшектегі баласы бар екі келіншек: Наташа мен Валя – тіпті олақ екен /107-бет/. Сонау, көз ұшындағы көкжиекке дейін жердің беті: қарайған дүние, қыбырлаған мал – ап-анық мөлдіреп тұрады /131-бет/.
3. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден кейін келсе, оның алдына сызықша қойылады. Мысалы: Тұла бойым тітіркеніп, тісім тісіме тимей дірдек қағам, үрей мен аяз – бәрі бүгін айрықша /144-бет/. Ұзынша сопақ беті төрт бұрышты, терең әжім тіліп өткен бет бедерінің қыры сынбаған, толыспаған тарамыс тұлғасы қатаң – барлығы бір қарағанда, түрі кісіге түрпідей тиетін адам екен /152-бет/.
Бірыңғай мүшелермен байланысқан жалпылауыш мүшелердің алдыңғы екі түріне тән нәрсе – мұндай тура желілі сөйлемдегі жалпылауыш сөзден жасалған бастауышты, анықтауышты, толықтауышты және баяндауышты ғана айқындап, пысықтауышқа қатыссыз болады. Бұл жағдай аталған сөйлем құрылымдарына жұмсалатын жалпылауыш сөздердің атқаратын синтаксистік қызметіне байланысты сияқты.
Аталған сөйлем құрылымдарындағы айқындалушы мүше зат есім немесе зат есім мағынасында жұмсалған есімдерден болған жалпылауыш сөзден жасалады да, айқындаушы мүше өзара тұлғалас, дәрежелес бірыңғай есім сөздерден түзіледі. Мысалы: Мал басы кеткесін, Қамқа әжемнің, қайтыс болған шешемнің бұйымдарын: сақина, білезік, сырға, шашбау, шолпы – күмістен болған соң өткізіп, соған берген азын-аулақ азықты қорек етіп келіп едік, енді о да таусылды /174-бет/. Кей үйде тіпті екеуден: Құдайдың өз суреті, баласын кеудесіне қысып тұрған құдайдың шешесі Мариям ананың суреті – икона қалыпты /185-бет/.
Айқындалушы сөзден бұрын келген бірыңғай мүшелерден жасалған оңашаланған айқындауыш жалпылауыш сөзден болған айқындалушы тура желілі сөйлем мүшесімен түсіндірмелі-жалпылама қатынаста жұмсалады. Бұл жағдай аталған синтаксистік категорияның сөйлемнің тура желісінен бөлуші сызықша арқылы ерекшеленуін керек етеді. Мұндай сызықша түсіндірмелі-жалпылама қатынасты көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар сөйлемнің синтаксистік құрылым өзгешеліктерін де, ондағы интонациялық ерекшеліктерді де айқын көрсете алады.
Айқындалатын сөзден соң келген бірыңғай мүшелерден жасалған жалпылауыш сөзден болған айқындалушы тура желілі сөйлем мүшесімен жалпылама-түсіндірмелі қатынаста жұмсалады. Мұндай қатынас аталған синтаксистік категорияның сөйлемдегі жалпылауыш сөзден жасалған айқындалушы компоненттен қос нүкте арқылы бөлінуін қажет етеді. Сөйлем ішінде келген мұндай бірыңғай мүшелерден жасалған сөйлемнің тура желісінен бөліп көрсету үшін қос нүкте жеткіліксіз, сондықтан ондай оралымның екінші жағынан ажыратушы сызықша қойылады. Демек, аталған сөйлем құрылымдарындағы сөйлемнің тура желісінен ерекшелейтін тыныс белгілері екі жақты болып келеді. Атап айтқанда, мұндай синтаксистік оралымның алдынан – ажыратушы қос нүкте, соңынан ажыратушы сызықша қойылады (мысалдар жоғарыда берілді). Аталған ажыратушы тыныс белгілері құрмаласушы сөйлемдер арасындағы жалпылама-түсіндірмелі қатынасты белгілеп қана қоймайды, берілген сөйлемнің синтаксистік құрылым өзгешеліктері мен оған тән интонациялық ерекшеліктерін де айқын көрсете алады.
Әдебиеттер:
- Ахтанов Т. Шырағың сөнбесін. –Алматы, Жазушы, 1983.
- Әуелбаева Ш. Қазақ тілі синтаксисі мен пунктуациясын оқытуға арналған құрылымдық схемалар. –Алматы, Мектеп, 1973.
- Мұсабекова Ф. Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы. –Алматы, Ана тілі, 1991.
- Ғабдулина М.Ғ., Есматова М.Т. Қазақ пунктуациясының теориялық және практикалық мәселелері. –Петропавл, 2007.