Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Емле ережелері қай қағидаға сүйенуі тиіс?

Кез келген тіл – белгілі бір ережеге, заңдылыққа бағынатыны белгілі. Бұл тілдің өзіне тән ұлттық сипатын, сондай-ақ өзге тілдермен салыстыра келгенде ортақ белгілерін айқындауға мүмкіндік береді. Осы ретте біз қазақ тіліндегі емле ережелеріне, қосымшалардың жазылуына тоқталып, кейбір өзекті мәселелерді ортаға салсақ дейміз. Өйткені тілдің сөз жүзінде, жазба түрінде хатқа басылуы, қағаз бетіне түсуі белгілі бір грамматикалық талаптарға негізделеді. Оның сақталмауы немесе қисынсыздыққа жол берілуі тіл талаптарының бұзылуына әкеліп соғады.

1983 жылы ресми түрде бекітіл­ген «Қазақ тілі орфографиясы негізгі ережелерінің» түзетілген (редакция­лан­ған) нұсқасы Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік терминология комиссиясында 2006 жылы бекітілген екен. Бұл күні «Қазақ тілінің негізгі емле ережелері» деген атпен танымал тіл құралы жазуда расында бірден-бір сүйенеріміз болып табылады.
Жалпы, тілді білу, ұғыну, оқыту кезінде жазуға, жазылымға қатысты бірқатар шаралар қолданылады. Бұл орайда емле ережелерінің, соны басшылыққа алып құрастырылған орфографиялық сөздіктің орны айрықша деп білеміз. Түсіндірме, аударма, этимологиялық сияқты барша сөздіктердің де үлгі етері, тірегі де осы – Емле сөздігі екені даусыз.
Қазіргі тілдердің жазылуы мен айтылуын салыстыра отырып, топтастырсақ, екі негізгі топты айқындауға болады:
1. Жазуы мен айтылуы сай келмейтін тілдер.
2. Жазуы мен айтылуы сай келетін тілдер.
Бірінші топқа ағылшын, француз, орыс, ал екінші топқа қазақ, қырғыз сияқты түркі тілдерін, неміс және т.б. тілдерді жатқызуға болады. Бұл тұста нақты хабарымыз бар тілдерді мысалға алдық.
Қазақ тілі жазылуы мен айтылуы сай келетін тілдер тобында болғаны ғылыми бақытымыз. Айта кету керек, айтылымы мен жазылымы екі бөлек тілдерді оқытуда, үйретуде басым бағыт айтылымға қарай ойысуы керек, әйтпесе алданыш шеңберді айнала шиыр­лай береміз.
Емле ережелерінің алғашқы ресми нұсқасы «Бәріміз бір тілде сөй­легенде коммунизмге жетеміз» де­генді ұстанған Кеңестік кезеңде құрас­ты­ры­лып қалыптастырылған еді. Мұның із­дері жаңартылған нұсқасында да өзгертілмей қалып қойыпты.
§4… (әрі қарай «орыс тілінен енген сөздер» дегенде интернационалдық сөздерді ұғу қажет)…
§18. Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады. . .
Бұл жайтты айтып қана қоя салу бар, сондай-ақ оның дұрыс жолын анықтап үлгі етіп көрсету де бар. Осы орайда «Қазақ тілінің негізгі емле ережелерінің» бәрін қамти жалпылама сөз етпей, «VI. Қосымшалардың жазылуы» бөліміне тоқталып, сол жөнінде ой өрбітейік.
§34. Қосымшалар сөздің соңғы буы­нындағы дауысты дыбыстың әуе­ніне қарай буын үндестігі бойынша я жуан, я жіңішке болып жазылады. Мысалы: жұмыс-шы-лар-дың, инсти-тут-тар, пле-нум-да, бюлле-тень-дер, мұға-лім-ге, по-ляк-тар.
Ескерту. Күнә, кінә, шүбә, куә, іңкәр, күмән, Күләш, Күләй, Мүтән сияқты соңғы буынында жіңішке ә әрпі жазылатын сөздерге қосымшалар жіңішке жалғанады, тек барыс, жатыс, шығыс жалғаулары мен етістік тудыратын -ла жұрнағы жуан айтылып, жуан жалғанады. Мысалы: күнәсіз, күнәлі (бірақ кінәға, кінәдан, кінәсіна, күнәлау), шүбәсіз, шүбәлі (бірақ шүбәлану, шүбәға, шүбәсінан), куәсі, куәлік (бірақ куәға, куәдан, куәда), күмәнсіз (бірақ күмәндану, күмәнға, күмәнінан), Күләштің (бірақ Күләшқа).
Енді келтірілген ереженің бұрыс тұстарына ретімен тоқталайық. Сөздің соңғы буыны жұмысшы-лар, пол-як деп берілуі керек еді. . . як (иәк)-тер. . . Бұл шет жағы.
Мәселенің үлкені – жалғаулы алты септіктің екіге жарылуы, сөз септелуінің бірізділіктен айырылуы, бір арна, жүйеден табылмауы. Әлде бұл екіжақтылыққа ереже арқылы өзіміз жол салып беріп отырмыз ба?
Көмектес септігінің жалғауы -мен, -бен, -пен, оның жуанды нұсқасы (-ман, -бан, -пан) жоқ, сондықтан қашанда жіңішке тұрғыда жалғанады.
Жоғарыда тізбектелген сөздердің кейбірінің сыни, т.б. сипатының басымдығы байқалады, яғни зат есім екені айқын емес. Алайда тапсырма сол – бұл сөздердің баршасы септеліп тұруы керек екен. Ендеше, екіге жарылған септік жалғауын қайырып әкеп бір ізге түсірейік, енді септеп көрейік, барыс, жатыс, шығыс, септіктерінің ала қойды бөле қырқуына жол бермейік: күнәге, кінәге, шүбәге, куәге, іңкәрге, күмәнге, Күләшке, Күләйге, Мүтәнге; күнәде, кінәде, шүбәде, куәде, іңкәрде, күмәнде, Күләште, Күләйде, Мүтәнде; күнәден, кінәден, шүбәден, куәден, іңкәрден, күмәннен, Күләштен, Күләйден, Мүтәннен. Әлгі айтылған үш септігіміз – осылар. «Сонда бұлай септелуден кейін қисайып, бұралып қалғаны не екен?!» деген ой келеді.
Аталмыш сөздер соңғы буындарынан мән және тән жеке тұрып сөз де бола алады. Демек, бұлар барыс септігінде мәнға, тәнға, жатыс септігінде мәнда, тәнда, шығыс септігінде мәннан, тәннан болса құптауымыз керек пе? Мысалы:1) Тәнге түскен жараны емдеді. 2) Тәнға түскен жараны емдеді. Дұрысы: тәнге.
Егер мұндай сөздерге септік жалғауының жуан дауысты нұсқасын қосып көрсетуге күна, кіна, шүба, куа, күман, Күлаш, Күлай, Мүтан деп жазып барып жалғай аламыз. Бұдан қазіргі қазақ тілінің табиғатына нұқсан келмейді әрі септік жалғауларының бірізділігін де жоғалтпаймыз, іштей ала-құлалыққа ұрынбаймыз. Бұл қатарға іңкәр сөзі ғана қосылмайды. Қазақ тілінің буынның дыбыстық үндесім заңдылығы бойынша ка (ко, кұ, кы) дыбыстық тіркесімі болмауы тиіс.
Ал енді «…етістік тудыратын -ла жұрнағы», оның қолданысы туралы бірер сөз. Аталмыш жұрнақ негізінен зат есімнен етістік тудыратыны белгілі: бұрғы-ла, шеге-ле, арқан-да, көген-де, сап-та, кілт-те (-ла , -ле, -да, -де, -та, -те). Тоғыз сөздің етістік тудыратын -ла жұрнағымен қолданыс табатыны тек кінә сөзі ғана: кінәла. Өзгесін, яғни күнәла, шүбәла, куәла, іңкәрла, күмәнда, т.б. деген қимыл мәнді сөз қолданысты кездестірген жоқпыз. Жалпы қай қосымшаның болмасын ә дыбысымен келетін нұсқасы қазақ тілінде қалыптаспаған.
Қорыта айтқанда, емлелер мен қосымшалардың жазылуына байланыс­ты кейбір қарама-қайшылықтарды өзара талқыға салып, ой бөлісіп отыр­сақ, тіліміздің жүйесін нұқсан келтіруі мүмкін жағдайлардан сақтар едік.

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=30884