Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Жазу ережелері тақырыбты Елдестің байандамасы

Жазу ережелерін тілдің сөз жүйесіне кетіріп түзеуге де болады, дыбыс жүйесінше де түзеуге болады, Иауропа халықтарының көбінде жазу сөз жүйесінше түзелген; біз білетін орыс халқының жазуы да сөз жүйесінше. Біздің жазуымыз бұл уақытқа шейін дыбыс жүйесінше болып келді.

Жазу сөз жүйесінше болса, туынды сөздер түбірінше жазылады, көмескі дыбыстар сөздің екпінін сол дыбысқа кетіріп өзгерткенде естілетін түрінде жазылады, мәселен орысша "просьба", "ног","вода" деп жазылатұн сөздер "прозьба", "нок","вада" болып оқылады, бұл сөздердің жазылуы естілуінен басқаша болатұны - орысша жазудың сөз жүйесінше болғанынан: "просьба"-ның "просить"-ке, "ног"-дің "нога"-ға, "вода"-ның "воды"-ға ұқсап жазылуы үшін. Орысша жазу, олай болмай, дыбыс жүйесінше болса, қиын болар еді: орысша сөздер өзгергенде түбірімен қопарылып өзгереді; орысша жазу дыбыс жүйесінше болса, бір түбірден шыққан сөздердің әр қайсысын өз алдына, біріне бірін ұсатпай, естілуінше жазыу керек болар еді. Түбірі бір сөздердің сүгіреттері біріне бірі ұқсамай жазылатұн болса,- оны жазуда олай жазылғанды оқуда қиын болады. Жазу дыбыс жүйесінше болса,- әр сөз өзінің естілуінше жазылады. Біздің жазуымыз дыбыс жүйесінше. Бірақ қазақша жазу олай дыбыс жүйесінше болғаннан қиындамайды, қайта оңайланады. Қазақша сөздер өзгергенде түбірімен қопарылып өзгермейді, бір түбірге түрлі жалғау, жұрнақтар жалғанып өзгереді,- сондықтан біздің дыбыс жүйесіне келтіріп жазған сөздеріміз түбірлерінен басқаша болып шықпайды. Қазақша сөздердің дыбыс жүйесінше жазылғанда, түбіріне аз-мұз ұқсамай жазылатындары-тек "қ" мен "к" ге тынатын түбірлерден туған сөздер: ондай түбірлерге дауысты дыбысбен басталатын жалғау жұрнақтар қосылса, "қ" өзгеріп "ғ" болады, "к" өзгеріп "г" болады. Біз ондай сөздерді де естілуінше дыбыс жүйесінше келтіріп жазамыз. "оқ", "жек", "қазақ" түбірлерден болған "оғы", "жегемін", "қазағы" - лар, дыбыс жүйесінше осы жазылған түбірінде жазылады; бұларды сөз жүйесінше жазсақ "оқы", "жекемін", "қазақы" болып жазылар еді де, басқаша оқылып, басқа мағынада айтылатұн сөздер мен қатысып кетер еді.

Қазақша жазу жеңіл болу үшін де, дұрыс болу үшін де,- дыбыс жүйесінше болуы керек. Сондықтан біз жазу ережелерін тексеріп түзегенде, оның дыбыс жүйесінше болуын ескеруіміз керек.

Қазақша жазу ережелері тақырыбты бұл уақытқа шейін ұсынылған түрлі жобалар бар. Біз олардың әр қайсысын өз алдына тексеріп шешуіміз керек; ол жобаларды тексергенде, біздің ұстаған негізгі жолымыз дыбыс жүйесі болуға тиіс.

1 - "х", "ш", "ф", "һ" әріптері қазақ әліпбиінен шығарылсын - деген жоба бар. Бұл жобаны ұсынушылардың айтатұны: "әріп" азайса жазу жеңілденеді,- жана бұл төрт дыбыс төртеуі де қазақ тілінде жоқ; "ш" мен "ф" дыбыстары ("ш" ның "ч" дан басқалығы) мүлде жоқ; бірен-сараң "ау-хау", "ахау" , "ах", "үух" сықылды одағайларда болмаса, "х" мен "һ" да кездесе бермейді. Білім кеңесі бұл төрт әріпті қазақша әліпбиге кіргізгенде,- "һә" "харф" "шарт" сықыдды жат сөздер үшін кіргізген. Білім кеңесінің онысы қата. Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де, ішінде жат дыбысы бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат таныйтұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай ойда жоқ бір керемет себептер болып бұқара оқығандарданқалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе,- қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды. Дұрысында қазақ тіліне сіңіп кеткен жат сөздердің ішіндегі жат дыбыстарын бұқара өзінше бұзып дыбыс жүйесіне келтіріп алған,- оны бұзбай айтатын тек оқығандар ғана. " харф" деуге бұқараның тілі келмейді, бұқара оны кей жерде "әріп" дейді, кей жерлерде "қарып" дейді. "һә" деген сөзді бұқара тіпті айтпайды. Дұрысында, сөзді орысша тізу үшін ғана болмаса,- "һә" нің қазақ тіліне түк керегі жоқ. "Ахау" , "халалай", "аһ", "үуһ" сықылды бір-екі сөздер болғаны үшін әліпбиге "х" мен "һ"- ні кіргізу дыбыс жүйесі жағынан керек болғанмен, жеңілдік жағынан үлкен шатақ болады. Қазақта "ә", "мә" деген одағайлар да бар, "іңһі"- дейтін де одағай бар, аттың жүрісін бәсеңдету үшін айтылатын ықылық бар, ондай бірен-саран сөздерде ғана кездесетүн дыбыстардың бәріне де әріп керек десек,- әріптің саны 24 емес 240 болып кетуі мүмкін. Қазақ тілінде "ш" мен "ч" нің айырмасы жоқ; басқа түріктердің "ш" ны да "ч" ны да қазақ "ш" қылып айтады. (көбіне "ш" ны "с" қылып, "ч"ны "ш" қылып айтады).

Өзімізде "ш" мен "ч" нің айырмасы болмаған соң оның екеуін бірдей әліпбиге кіргізудің керегі жоқ,- оны жеңілдік те көтермейді, дыбыс жүйесі де көтермейді. Басқа түріктерден алыстап кетпеуі үшін "ш"-дін орнына "ч" алған қолайлы. - Сөйтіп, бұл төрт әріп- "х", "ш", "ф", "һ" қазақша әліпбиден шығарылу керек деген жоба қисынды, бұл төрт әріп бізде болмасқа керек.

2- Сүйеу таяқ ("а") жойылсын деген жоба бар. Сүйеу таяқ өз адына бір дыбыс белгісі, оны әліпбиден шығаруға болмайды деушілер де бар. Жұбанұлы Құдайберген,- сөздің басында айтылатұн "аа", "ы", "ұ" - лардың алдында көмескі естілетін дауыссыз дыбыс бар,-деп, оған "әмзе" деп ат қойып отыр; сөздің басында келетін "о" ның алдында естілетін дыбыс онан басқа,- кәдімгі жарты дауысты "у"-деп, "от", "өгіз", "орақ" сықылды сөздерді "уот", "уөгіз", "уорақ", деп жазу керек - дейді, сөз басындағы әріптің алдына жарты дауысты "й" болады - деп, "екеу", "ел" сықылды сөздер "йекеу", "йел" болып жазылсын дейді. Дыбыс жүйесінше Құдайбергендікі дұрыс та болар (шынында сөздің басындағы "о", "е" лердің алдындағы дыбыс "у" мен "й" емес) бірақ сөздің басында айтылатұн дауысты дыбысбен сөз ортасындағы дауысты дыбыстың айырмасы аз; ондай айырмалардың бәрін де таңбалай береміз десек әрпіміздің саны 240 тан да асып кетуі мүмкін,- ол жазуға үлкен қиындық болады. "Ол" дың "о" сы мен "жол" дағы "о" ның басқалығы болса,- болар болмас қана,- оны да, бір аса сергек құлақ болмаса, айыру қыйын. Сөз басындағы "аа" мен сөздің ортасындағы "а" ның айырмасы да сондай-ақ, ондай айырмаларды таңбалаудың қыйсыны жоқ. Соңдықтан сүйеу таяқты жоғалту керек.

3- "ы" тақырыпты бітеу буын ережесі бұзылсын, "ы" бар жерінде қалмай жазылатын болрын деген жоба бар. "ы" ны сөз басындағы дауысты дыбыстардың алдындағы көмескі дыбыстардай көріп, менсінбейтүндер де бар. Дұрысында "ы" көмескі дыбыс емес, "о", "у", "е", "а" лар сықылды дауысты дыбыс, қазақ тілінде "ы" дан жиі айтылатын дыбыс жоқ. "ы" ның бітеу буында жазылмай қалғандай түк жазығы жоқ. "ы" ны бітеу буында да қалдырмай жазатұн болғанда, оны жазбай үйренгендерге қиын болатұны ырас, бірақ жеңілдік үшін бар дыбысты (көмескі емес анық естілетін дауысты дыбысты) жазбаудың түк қыйсыны жоқ. Ондай жеңілдікке қызығатұн болсақ, бітеу буында басқа дауысты дабыстарды да жазбауымыз керек.

Қазақ тілінде "сарқ", "қорқ", "жұлқ", "үст", "жорт" сықылды көп сөздер бар, бұлардың дауыссыз дыбыстары (екеуі) арасына дауысты дыбыс салмай жалғанған. "ы"-ны бітеу буында жазбаған соң бір буынды "сарқ"-ты ("сарқады»-ның түбірін) - екі буынды "сарық"-қа ("қойдың сарығына»| ұқсатып жазамыз; " қорқ" бен ("қорқады"-ның түбірі). "Қорық" ("қоры"-дан болған туынды сөз), "жұлқ" бен (жолқады-ның түбірі) "жұлық" ("мәстің жұлығы), "үст" бен (нәрсенің үсті) "үсіт" (үсітеді)-нің түбірі) "жорт" бен("жортады"ның түбірі) "жорыт" ("жорытады" ның түбірі) бірінен бірінің естілуі де мәнісі де басқаша бола тұрып, бітеубуын ережесі болған соң жазылуы бірдей болып жүр. Бұл үлкен кемшілік. Мұнан құтылу үшін бітеу буын ережесін бұзып "ы" ны бітеу буында да, ашық буында да қалдырмай жазып отыру керек.

4- "қ" мен "к" бір дыбыс, "ғ" мен "г" бір дыбыс, "қ" мең "к" -нің орнына бір әріп, "ғ" мен "г" нің орнына бір әріп, болса жарайды, - "к" мен "г", "қ" бен "ғ" ның жұмсақ түрі- "қ'' бен "ғ" ды дәйекшісіз, "к" бен "г" ні сөздің алдына дәйекші қойып жазатұн болсақ, әріптің саны кеміп жазу жеңілденеді деушілер бар. Дыбыс жүйесі жағынан тексергенде,- "к" бен"г" , "қ" бен "ғ" нің жіңішке түрі деуге болмайды. Қазақ тілінде "қ" бен "ғ" нің жіңішке түрі де жоқ, "к" бен "г" жуан түрі де жоқ. Орыс түрінде "к" бен "г" нің екі түрі де бар: "Кот", "Дуга" лардағы "к" мен "г" жуан да, "Кит", лердегі "к" мен "г" жіңішке айтылады; "ғ"- нің жіңішке түрі араптың жұмсақ "ғ"-ні "к" пен "г"-ні жоғалтып олардың орнына сөз алдына дәйекші қойып "қ" бен "ғ" жазу жеңілдік жағынан да қолайлы болмайды: "қаныкей", қайткенде "қызметкер", "бірақ" сықылды үндестік заңына келмейтүн көп сөздер бар; оларды "қаны - қей", "қайт - қенде", "қыз - меткер", "бір - ақ" деп сызықшамен бөліп бір бөлегіне дәйекші қойып, екінші бөлегін дәйекшісіз жазып жатқаннан да, осы күнгідей қосып жазған көп жеңіл. Бұл төрт дыбыстың таңбаларын өзгертпей бұрынғыша төртеуіне әріп арнағанымыз дұрыс.

5- Біздің "ұу", "ыу", "ій" болып бір дауысты бен бір дауыссыз дыбыстың тізілгенінен болған сөз буынын орыстың ұзын "у"-і мен ұзын "и" -не ұқсатып екі дыбысты бір әріппен жазуды қолайлаушылар бар. Бірсыпыра азаматтарымыздың бұл үшін ұсынып жүрген жобасы : "у" мен "и" дауысты дыбыстардан соң жарты дауысты делінсін де, дауыссыз дыбыстардан соң дауысты делініп, орыстың дауысты "у" мен "и"-інше оқылсын- деген жоба. Бұл жобаны ұсынушылар оның дыбыс жүйесінше қыйсынсыз екені мен таласбайды, тек: солай болса жазу жеңілденеді дейді. Дұрысында бұл жоба жеңілдік жағынан да қыйсынды бола қоймайды.

Ол жобаны қабыл алсақ: "сүу", "тіиіу" сықылды сөздерді "су", "тиу" деп жазуымыз керек де, "сүуат", "тіиіуі" деген сөздерді я естілуінше осы калыпты жазбақшымыз, я болмаса жеңіл жазылсын деп, "суат", "тиуі" деп жазбақшымыз; "сұуат", "тіиіуі" деп жазсақ, сөз өзінің түбірінен басқаша болып жазылады, сөздің түбірінде жоқ дыбыстардың сөз өзгергенде қайдан келгенін балаларға түсіндіру керек болады. Оны оқушыға түсіндіре қою да оңай жұмыс емес, жаңа туынды сөзді түбірінен басқаша қылып жазуда оңай болмайды: "сөз" деген сөзге дәйекшімен жазып үйреніп кеттік, "сөзден" деген сөзді жазғанда да көбіне қаталасып алдына дәйекші қойып алып, "д" дан соң "е" бар екенін білген соң барып түзетеміз. "Суат", "тиу" деп жазсақ, сөздің ішінде ап анық естіліп тұрған "сүуат"- дағы "ү" мен "тіиіуі"- дегі екі "і"-ні неге жазылмайтынын түсіндіріп бермей, бұл сөздердің сүгіреті осылай болады дегенге оқушы қанағаттанбайтұн болады. Бұл жобаны қуаттаушылар дәлелге латын жазуын ұстап, баяғыда латынша сондай ереже болған дейді. Латын әріпіне қызыққан мен жазу ережесін ойламай үлгіге алу орынсыз. "Латын" әлібпиінде даусты "ы" мен "ғ" ға арналған әріптері жоқ, тіліңде "сұуат","тіиуі" сықылды сөздердің де болмауы мүмкін, сондықтан латынның "и" мен "у" тақырыпты ережесі бізге үлгі бола алмайды.

Жаңа "сұуат", "тіиіуі" лерді "суат", "тиуі" деп жазатын болған соң дыбыстары дәл солардай болып тізілген "жұуан", "іиіні" сықылды сөздерді де жеңілдетіп "жуан", "иіні" деп жазуымыз керек. "Сұуат" бен "тіиіуі" лерді түбіріне ұқсатамыз деп "суат", "тіиуі" дейді екенбіз, "жұуан" мен "іиіні" нің түк жазығы жоқ қой. "Тиуі" ні "ти-у-і" деп буындап үш буынды сөздей алғанмен (дұрысында мұндағы "у"-ды өз алдына бір буын деуіміз латыннан қызығып алған ережеге де көнбей шығады: "у"-дың алдындағы дыбыс дауысты ұзын "и" болған соң "у" жарты дауысты болуға тиіс), "ійіні"-ні үш буынды дей алмаймыз,- үш буынды "іиіні"-ні "біні" деп жазған соң оны "ій-ні" деп қана буындайтын боламыз. Қазақша "ійін" деп де айтады "ійн" деп де айтады, "ійін" деп жаза алмай тек "ійін" деп қана жазатұн болған соң "ійін" деген сөз кағаз бетіне түспейтүн бір түрлі ерсі сөз болып қалады. Я болмаса ондай сөздерді жазу үшін тағы да бір өзгеше ережелеріміз болуы керек. Ереже көбейген соң, әсіресе тілдің заңына сай келмейтүн ережелер көбейген соң, жазу қиындай бермек.

Түбінде баланы әмрикеше оқытатын боламыз, мұнан соң сөзді буындаудың керегі болмайды деушілер бар. Олай болғанда да буыннан құтылу мүмкін емес. Қазақтың әндетіп айтатұн өлендері болды; өлеңнің ұйқасуы буынмен болады; өлең болып тізілген сөздердің буыны тиісті санынан артық иә кем болса, өлең болмай шығады.

Қаршыға сөзін есітіп

Жібек енді түйінді

Асыл киім киінді.

деген өлеңнің "Асыл киім киінді" деген жолындағы буындардың саны жеті; "киім"-ді "ким" деп, "кіиінді"-ні "кинді" деп жазсақ ол екеуінде үш ақ буын болады да жеті буынды жолымыз бес буын болады. "і"-ні бітеу буында да жазатын болған соң "кіиім"-ді "киім" деп жазып, "киім" деп буындаймыз десек сөзді үзіп буындайтұн боламыз. Оны қазақ тілінің өздіксіздік қасиеті көтермейді. Өленді әнге салып айтқанда "кіиім" анықталып "кіиім", "кіиінді", "кі- иін-ді" болыб буындалады.

Сондықтан "кіиім"-ді "ким" деп жазған соң оны буындағанда "и" екі бөлініп кетеді деген тағы бір шатақ ережеміз болу керек. Шатақ көбейген сайын жазу қиындай береді. "ұу" мен "іу"-дің естіліуі бірдей, сондықтан мұның екеуін де бірдей қылып "ұ у"- деп жазған жеңіл болады деушілер бар (Манайұлы Нұғман, Бегалыұлы Ғали), "карыу", "келіу", "ійіу"- лерді де "бұу" "жұуларға" ұсатып "қарұу", "келүу", "ійүу"- деп жазсақ жазудың жеңілденетүні ырас. Олай болғанда "қарыуы", !'келіуі", "ійіуі"-лерді "қарұуы", "келүуі", "ійүуі" деп жазуымыз керек . "і" мен "ү" көбіне көмескіленіп бірдей болып естіледі, көмескі естілген жерде олардың бірінің орнына бірін жазғаннан зор кемшілік болмас деп жоруға болады. Бірақ "і" мен "ү" бітеу буында көмескі болғанмен ашық буында бірінен-бірі айырылып шығады. "келіуі" деген сөздегі "л" нен соңғы дауысты дыбыс "ү" емес "і" екені ап-анық, соңдықган оны "келүуі" деп жазу қата болады.

Дұрысында жат елдің жазуын еліктеушілерге болмаса, жасынан бастап оқығанда қазақ тілінде оқып жазып үйренген кісіге "оу" дан "ыу"ды айырып жазудың да "ій" ді "й" демей дұрысынша жазудың да еш қыйындағы болмасқа тійіс.

6- "б", "д", "ғ", "г" дыбыстары, артында дауысты дыбыс болмаса, тұйықталып п", "т", "қ", "к" болып айтылады- тұйық буынның соңғы дыбысы еш уақытта да "б", "д", "г", "г"болмайды, "п", "т", "қ", "к" болады. Тұйық буын ашылып бұл дыбыстарға дауысты дыбыс жалғанса: "п", "қ", "к" дыбыстары өзгеріп "б", "ғ", "г" болады,- бірақ "т" өзгеріп "д" болмайды, сол "т" күйінде қалады. "Қазақ", "қалмақ", "төк" деген сөздерді өзгертіп "қазағы", "қалмағы", "төгеді" деп, "қ", "к", терге дауысты дыбыс жалғасақ: "қ" өзгеріп "ғ" болады, "к" өзгеріп "г" болады. Бұларды дыбыс жүйесіне келтіріп естілуінше жазамыз "қап", "топ", "тап" деген сөздердің аяғындағы дыбыстары "п"; бұларды өзгертіп, "қабы", "тобы", "табады" десек: "п" өзгеріп "б" болады артынан дауысты дыбыс түскенде "б" болып шығады, бұл дыбыстардың асылы "п" емес "б" болуға тиіс деп, "қап", "топ", "тап" - тарды "қаб", "таб", "топ" деп, "б" мен жазамыз.

Мұнымыз дыбыстың асылын зерттегеніміз; бірақ бұлай жазу дыбыс жүйесінше де жеңілдік жағынан да қолайсыз.

"Тап" тағы "п" ның асылы "б" деп, оны "б" мен жазған соң, "ток" тегі "к" ні де "г" қылып "тог" деп жазуымыз керек еді. "қ", "к" мен "п" нің ережесі біріне бірі үйлеспейді: "қ", "к" нің ережесі дыбыс жүйесіншеде, "п" нің ережесі асылын зерттеумен болған; "қ", "к" нің ережесі жеңіл де, "п" нің ережесі қыйын, "п" ережесін асылын зерттеу жағынан тексергенде де дұрыс болып шықпайды. "жерп", "серп", "өрп" сықылды, "п"-сы артынан дауысты дыбыс жалғағанда да өзгермей "п" болып қала беретін сөздер бар: олар "желпемін" (желбемін емес), "серпеді", "өрпі" болып өзгереді. "П"-ның ережесінше "желп", "серп"- терді "п"-мен жазамызда, "қап", "топ"-тарға "б"жазамыз, - "п"-мен "б"- ның асылын айырамыз. Бұл дұрыс емес, тұйық буынның соңындағы "қ", "к", "п"- лар екі дауысты дыбыстың ортасына түскенде ғана "ғ", "г", "б" болып өзгереді, олардың алдындағы дыбыс дауыссыз болса, артынан дауысты дыбыс жалғағанмен өзгермейді. "Қорқ", "үрк"-тердегі "қ", "к"-нің алдындағы дыбыстары дауысты емес, сондықтан олардың артына дауысты дыбыс салып, "қорқамын", "үркеді" дегенде де "қ" мен "к" өзгермейді. "П"-ның өзгеріп "б" болуы: дәл "қ" мен "к"-нің "ғ", "г" болуы сыкылды; Сондықтан бұлардың ережелерінде де басқалық болмауы тиіс; "П"-ні де дыбыс жүйесінше жазуымыз керек.

7- "Тіл құрал"-да қазақ тіліндегі дыбыстар: 1-дауысты, 2- жарты дауысты, 3- дауыссыз - болып үш тапқа бөлінгенде дауыссыз дыбыстар: қатаң, ұяң болып тағы екіге бөлінген; ұяң дыбыстар ымыралы, ымырасыз болып жаңа екі бөлінген. Қазақша дыбыстарды бұлай жіктеудің қолайсыз жері бар: "р" мен "л" ымыралы дыбыстардың ержесіне келмейді. Сөздің соңғы дыбысы "з" мен "ж" болғанда, "л" мен басталатын жалғау жұрнақтар "д" болып өзгерді де, "м" мен басталатұн жалғау жұрнақтар "б" болып өзгереді: "тұз" - "тұздық", "тұзды", "тұздар"; "Аз", "азбын", "азбыз", "қаз", "қазба", "қазбақ" болады. Сөздің аяғы "р" болғанда жұрнақ, жалғаулардың басындағы "л", "м" дар сол күйінде ("д", "б" болады) қалады: "қар", "қарлы", "қарлар"; "жүр", "жүрмін", "жүрміз", "жүрмек" болады. Сөздің аяғы "л" болғанда да "м"-мен басталатын жалғау, жұрнақтардың "м"- ы "б" болып өзгермейді: "ұл", "ұлмын", "ұлмыз"; "кел", "келме", "келмек" болады; "Л"- мен басталатын жалғау, жұрнақтардың "л"-і "д" өзгереді: "қол"-"қолдар", "қолда", "қолдық" болады. Ымыралы атанған төрт дыбыстың қасиеттері үш түрлі болады. Дыбысты тап-тапқа бөліп жіктегенде, әр таптың ортақ ережесі болу керек- әр таптағы дыбыстардың ортақ қасиеттері болу керек.

Дыбыстардың мектеп үшін керек қасиеттері сөздің аяғындағы дыбыстың жұрнақ, жалғау, демеу, жалғаулықтарға тигізетүн салдары болуға тиіс.

Қазақша дыбыстарды бұл жағынан тексергенде, бұлай жіктеген қолайлы болады:

І. дауысты: а, о, ұ, ы, е;

ІІ. жарты дауысты: у, и, р;

ІІІ. дауысссыз:

1.қатаң: б, п, т, ч, д, с, ғ, қ, к, г;

2.ұяң: м, н, ң;

3.ымыралы: ж, з;

4.ымырасыз: л.

Қазақша дыбыстарды бұлай жіктесек; демеу, жалғау, жұрнақ, жалғаулықтар тақырыпты ережелеріміз тұрлаулы болады. "Л"-ді жеке қалдыру ерсі десек: оны ымыралы дыбыстарға қосып, "мін", "міз", "ма", "мақ", "мен" сықылды жалғау жұрнақ, жалғаулықтар сөз аяғы "л" болғанда "бын", "біз", "ба", "бақ", "бен" болып өзгермейді, "м" мен басталған күйінде қалады деген ескерту керек болды. "Л"-ды жарты дауысты дыбыстарға да қосуға болады: Өйткенде "л" қосарланып шықпау үшін, сөз аяғы "л" болғанда "л"мен басталатын жалғау, жұрнақтардың "л"-ы "д" болып өзгереді- деп ескертуіміз керек.

8 – Қазақ тілінде артықша ымыра бар: Қазақ тілін басқа түркі тілімен салыстырып тексерсек: Қазақ тілі жат тілдердің ықпалынан аман сақталып, еркінше өсіп алға кеткенін көреміз. Басқа түріктерде дыбыс қазақша дыбыстарға ұсаб, тап-тапқа бөлінбеген. Мәселен: ноғайларда жалғау жұрнақтар түбір сөздің аяғындағы дыбыс бен қазақ тіліндегідей, ымыраласпайды. Ноғайша: "Арба"- "арбаның", "арбаны", "арбалы", "арбалар" болып өзгереді. Аяғындағы дыбысы қатаң "ат"да солар "атының", "атны", "атлы", "атлар" болып өзгереді. Казақ тілінде жалғау жұрнақтар түгіл, демеу, жалғаулық сықылды бүтін сөздер де алдындағы сөздердің соңғы дыбысы мен ымыраласып, өзгеріп отырады. Тіліміздің бұл қасиетін ескерусіз қалдыруға болмайды. Қазақша дыбыстарды тілдің осы қасиетіне келтіріп, тап-тапқа бөлген соң, жазу әр таптың өзіне меншікті қасиетін бұлжытпай көрсетіп отыратұн болуға керек. "М" мен басталатын жалғау жұрнақтар ымыралы дыбысбен тынатұн сөзге жалғанғанда "б" мен басталып жалғанады: "Мін", "міз", "ма", "мақ" тар "бін", "біз", "ба", "бақ" болып өзгереді. Бұлар сөздің аяғы қатаң дыбыс болғанда басындағы "м" ы "б" болып өзгермейді, "п" болып өзгереді. Сондықтан қатаң дыбысбен тынған сөздер "м" мен басталған жалғау жұрнақтармен қосылған да, жалғау жұрнақтардың "м"-ы, "б" болады, "п" болып өзгереді деп оларды дыбыс жүйесіне келтіріп, бұрынғыдай "б" мен жазбай "п" мен жазуымыз керек: "жұртпыз", "ақпын", "төкпе", "төкпек", "еппен" сықылды сөздерді, бұрынғыдай "б"мен жазбай естілуінше "п" мен жазу керек.

Жарты дауысты дыбыстармен ымыралы дыбыстарға "д" мен басталып жалғанатұн жалғау, жіктеулерді қатаң дыбыстарға да сол күйінде "д" жазып жалғаймыз бұлда қыйсынсыз ереже; Қатаң дыбыстардың айқын көрініп тұрған қасиетін ескермеудің жөні жоқ. Сөздің аяғы қатаң дыбыс болғанда оған жалғанған жалғау жіктеулердің "т"- сын "д" қылып өзгертпей, "т" қылып жазу керек: бұрынғыдай "атдың", "атды", "атда", "атдан", "атдар" демей, дыбыс жүйесінше "аттың", "атты", "атта", "аттан", "аттар" деп жазу керек. "ішдім", "ішдің" демей, "іштің", "іштім" деп жазу керек. "дікі", "дағы", "дай" сықылды жұрнақтар, "да" сықылды демеулер де қатаң дыбысқа жалғағанда дыбыс жүйесінше "тікі", "тағы", "тай", "та" болып жазылуы керек: "аттікі", "аттағы", "аттай", "атта", "арбада" керек делініп жазылу керек.

9 - демеу, жалғаулықтар: жұрнақ жалғаулардай мағанасыз болғанымен олардай алдындағы сөзбен бір болып жалғанбайды, өз алдына бөлек сөз болып тұрады.

"Атда" жал бар, өзгізде мүйіз бар" дегенде "ат" пен "өгіз"- ге жалғанған "да"-жалғау: "атда", "өгіз де" деген сөздердің екпіндері "д"-дан соңғы "а" мен "е"-де,-"өгізде" деген екі сөз болса "г"-ден соңғы "ы"-да да екпін болар еді. "Ат да көлік, өгіз де көлік" дегенде "ат да" да екі сөз, "өгізде" де екі сөз болады: "ат"-тың екпіні басындағы "а" да да, "өгіз"-дің; екпіні "г" мен "з"-дің арасындағы "ы"-да. Сондықтан демеу жалғаулықтарды алдындағы сөзбен қосып жазуға болмайды. Арасына сызықша қойып жазудың да керегі жоқ. Бірақ кейбір демеулер түбір сөзбен жалғаудың арасына кіріп кетеді; онда да түбір екпіні өзгермей бөлек сөз болып тұра береді. Ондайда түбір тұқыл сөзді бөлек жазып, жалғауды демеуге қосып жазған дұрыс болады "жақсы мысын", "жақсы ақ бысын" деп жазу керек.

10- қазақ тілінде "дікі","кер", "қор" сықылды үндестік заңына келмейтұн жұрнақтар бар; олар түбірмен бір сөз болып жалғанады. "Дікі", "кер"-лер жуан сөзге жалғанғанда да, жіңішке болып жалғанады; Оны қосып жазғанда, сөздің ішінде жұмсақ "е" мен "к" болған соң, ережемізше түбірді де жұмсақ қылып оқуымыз керек болады.

Жазудың тұрлаусыздығын жою үшін үндестік заңына келмейтүн жұрнақтар "к", "г", "е" дыбыстары жоқ жұмсақ сөздерге жалғанғанда сөздің алдына дәйекші қойып отыруымыз керек; сонда ондай жұрнақпен қосылып жазылған түбірді алдында дәйекші болғанда (иә өзінің ішінде "е", "к", "г" болғанда) жұмсақ қылып оқимыз да, - түбірдің ішінде "е", "к","г"-лерде жоқ, алдында дәйекшісі де жоқ болса,- жуан қылып оқитұн боламыз; "тор"- жуан сөз, "төр" жіңішке сөз; бұларға "дікі" деген жұрнақтарды қосып жазғанда, бұрын екеуінде бірдей қылып "тордікі" деп жазатұн едік,- оның түбірі жуан "тор"-ма, иә жіңішке "төр" ме - оны жазудан айыруға болмайтұн; енді түбірдің дәйекшісін қалдырмай жазатұн болсақ; ол екі сөздің екеуін екі түрлі қылып, жуанын дәйекшісін "тордікі" деп жіңішкесін "төрдікі'' деп дәйекшімен жазатұн боламыз. Үндестік заңына келмейтұн жұрнақтардың ішінде "паз", "уар" сықылды жұрнақтар бар: бұлардың дыбыстары "дікі", "кер", "қор" сықылды бір түрде ғана айтылатұн дыбыстар емес ("к", "е" тек жіңішке түрде ғана айтылады да, "қ" жуан түрде ғана айтылады),- жуан да, жіңішке де айтылуы мүмкін ("п", "а", "з", "у", "р" сықылды "паз" бен "уар"-дағы дыбыстар жуан да, жіңішке де айтылады); Мұндай жұрнақтармен жалғанған сөздердің де дәйекшісін қалдырмай жазу керек. "Атпаз", "аспаз" сықылды сөздердің түбіріде жуан, сондықтан бұларды дәйекшісіз жазамыз; "Білімпаз", "сөзуар" сықылды сөздердің түбірлері жіңішке,- оларды дәйекшімен жазамыз; бұлардың ("білімпаз"-дардың) жұрнағы жұмсақ түбірге қосылған соң (сөз алдында дәйекші тұрған соң ) жұмсақ, оқылуға тиіс деп жоруға мүмкен:бірақ қазақ тілінде сөздің соңғы дыбысы еш уақытта да жұмсақ "ә" болмайды,- иә "е" болады, иә қатты "а" болады, сондықтан "білімпаз", "сөзуар"- лардың алдында дәйекші болғанмен соңғы буындарындағы "а"-ларын жұмсақ қылып оқуға болмайды, бұлардың алдында дәйекші болғанмен ол дәйекшінің әсері түбірден асып ішінде "а"-сы бар жұрнаққа тимейді, сондықтан "сөзуар", "білімпаз"- дардың түбірін жұмсақ оқып, "уар", "паз"-дарын қатты қылып оқитүн боламыз.

11 - өткен жылы білім кеңесі: етістіктің екінші жақ жіктеуі "сың" болмай "сын" болсын деп еді. ("оқисын", "жазасын"). Мұның дұрысы "сың" болуға тиіс: қазақтың көбі "сың" дейді; жана: "сың"-ның "сыңыз" дейтүн сыпайы түрі бар ("оқисыңыз", "жазасыңыз"). Сондықтан етістіктің екінші жақ жіктеуі "сын" емес "сың" деп білуіміз керек.

Баяндаушыға сұраулар беріліп оның жауабын алғаннан кейін баяндама тақырыпты айтыс ашылды.

Мәжіліс ағасы айтысушылардың жазылу ретімен сөзді Мырза ұлы Мұқтарға берді.

Мұқтар: Баяндаушының басқа жобаларын мақұлдап, қазақ тілінде дауысты ұзын "и" мен "у" жоқ - дегеніне, жаңа "к" мен "г" дыбыстары "қ" мен "г"-нің жіңішке түрі емес - дегеніне қарсы сөйлеп, мынадай дәлелдер келтірді "қый", "жый", "бій", "сұу", "жұу", "жазыу" деген сөздердің аяғындағы дыбыстар дауысты ұзын "ы" мен ұзын "у". Елдес бұл дыбыстарды дауысты дыбыстардың ережесіне келмейді деп дауысты емес жарты дауысты, алдындағы дауысты "и", "ұ"-лармен қосылған соң ғана ұзын естіледі дейді. Елдестің дәлелі дауысты дыбыстардың тілейтұн жалғау жұрнақтары "у" мен "и"-ге басқаша,- дауыссыз дыбыстардікінше болып жалғанады, сондықтан "у" мен "и"-ді дауысты десек,- дауысты дыбыстардың ережесі бұзылады, ережені бұзбау үшін бұл екі дыбысты дауысты демеу керек. "У" мен "и"-дің дауысты болмауына Елдестің мұнан басқа дәлелі жоқ. Дұрысында бұл дәлел-дәлел емес: "бій", ""сұу"-лардың ілік жалғауы - "дың" ("бійдің", "сұудың") табыс жалғауы "ды" ("бійді", "сұуды") - екені, - дауысты дыбыстардікіндей "ның", "ні" емес екені рас; бірақ сол бір-екі жалғауға бола "у" мен "и" дауысты емес деуі асығыстық. Дауыссыз дыбыстарға барыс жалғау көбіне "қа", "ке" болып жалғанады ("атқа", "етке") дауысты дыбыстарға ол жалғау "ға", "ге" болып жалғанады ("арбаға", "кісіге"); "у" мен "и"-дің барыс жалғауы да "ға" мен "ге" ("бійге", "сұуға"); дауыссыз дыбыстардың көптік жалғауы "дар", "дер" болады ("күндер", "жылдар"), дауысты дыбыстардың көптік жалғауы "лар", "лер" болады ("арбалар", "кісілер",- "у" мен "и"- дің көптік жалғауы да, "дар", "дер" емес, "лар", "лер" болады ("сұулар", "билер"). "У" мен "и"-дің дауыссыз дыбыстарға ұсайтұн қасиеттері болған мен дауысты дыбыстарға ұсайтұнда қасиеттері бар. Сондықтан "у" мен "и"-ді дауысты дыбыстардың табына кіргізуге болмайды деу - орынсыз. Біз: "у" мен"и"-ді даусты дыбыстардың артынан келгенде ("қой", "тау" сықылды сөздердегі "у" мен "и"-ді) жарты дауысты болады да, дауысты дыбыстарға жалғанғанда дауысты болады дейміз: "сұу", "біи" сықылды сөздердегі "у" мен "и"-ді дауысты дейміз, олардың алдына құлаққа естілмейтүн "ұ", "ы" бар деп, әуреленбей, "сұу", "біи" сықылды сөздерді "су", "би" деп жазамыз, сонда жазу жеңілденеді, мұны балаларға үйретуде оңай болады. "Кіиім", "кіиік" сықылды сөздерді біз, Елдес айтқанша, "ким", "кик" деп жазамыз, "киім", "киік" деп жазамыз,- ондай сөздерді басқаша, мәселен "киик" деп те жазуға болады. Қазақ тілінде дауысты ұзын "у" мен "и" бар- деп білсек,- ондай ("кіиім" сықылды) сөздердің қалай жазылатұнын шешудің қиындығы болмайды.

Қазақ тілінде үндестік заңы бар деп, соның арқасында жазуды жеңілдетіп дыбыстың жуан түрін де жіңішкне түрін де бір әріппен белгілеп, жіңішке сөздің алдына дәйекші қойып жазатұн амалды қолданып отырмыз, солай болған соң "к" мен "г" ні "қ" мен "ғ"-ның жіңішке түрі деп, ол екеуін ("к" мен "г"-ні)әліпбиден шығарып тастаған жөн,- сонда жазу жеңілденіп, ережеміз тілдің үндестік заңынша болады.

Мұнан кейін сөз Досмұғанбетұлы Қалелге тиді.

Қалел:Жазу мәселесі өте зор мәселе; оны жете тексеріп барып шешу керек. Жазу ережелері тақырыпты баяндаушының ұсынған жобалары жөні дұрыс, казақ тілінің зандарына лайықталып жасалған. "У"-дің даусты дыбыс болуына еш дәлел жоқ; біздің "у"-дің орнына басқа түріктерде көбіне дауыссыз дыбыстар айтылады,- мәселен "тау", "сау" сықылды сөздерді бірсыпыра түрік қалықтары "тағ", "сағ"-дейді, "у"-дің ережесі тақырыпты "ұу" мен "ыу"- ды бірінен бірін айырып жатпай-ақ "ыу" орнына да "ұу"жазған қолайлы: "ұ" мен "ы" көмескіленіп келген жерде "ұ" жазған дұрысырақ болады,- біздің қазақ тілінде "ұ" өзгеріп "ы"-ға айналып барады; қырғыз тілінде "ұ" сақталған: біздің "үшін"-ді қырғыздар "үчун" дейді, "оқы"-ны "оқұ"- дейді; дұрысы қырғызша болуға тиіс; "оқыу", "жазыу"-лардағы "у"- дың алдындағы дауысты дыбысты "ы" емес "ұ" дегеннен артық қата болмайды,- дұрысының өзі "ұ" болуға керек: етістіктің екінші жақ жіктеуі "сың" болсын деген дұрыс,- "сын"- билік райдың үшінші жақ жіктеуі ("оқысын", "жазсын"), 2-інші жақ жіктеудің "сың" болуы жөн. "Б"-ны қалдырып "п" жазу орынсыз, "б" тұйықталып келгенде де "п" болып естілмейді, "б" болып естіледі, "болыб", "келіб", "көб" сықылды сөздер де, "б" тұйық буынның соңғы дыбысы бола тұрып "п" болып естілмейді "б" болып естіледі.

Самат ұлы Мұқтар:Арабтың төрт әріпін әліббиден шығарудың жөні жоқ,- ол төрт әріп бізден басқа түріктердің бәрінде де бар,- олар ол төрт әріпті өз әліббилерінен шығармайды, ол төрт әріп бізге де ауырлық қылмауға тиіс,- онсыз басқа түріктерден арамыз алыстаб; біріміздің дауымызды біріміз түсіне алмайтұн боламыз.

Тұрғанбай ұлы Манан: Арабтың төрт әріпі туралы Мұқтардың (Саматұлы) сөзін қуаттады. "Ыу", "үу" деп жазылатұн сөз буындарын бір дыбыс деп біліп, екеуін бір әріппен жазған жеңіл болатынұн айтып, соған арнап жоба шығару керек, ең болмағанда Қалел айтқанша оның екеуін де "ұу" деп жазу керек- дейді.

Мұнан кейін кешкі мәжіліс жабылды.

Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі/ Алматы, 2005.- 21-37 бб.