Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы



Орфоэпиялық ережелер немесе сөз сазын келтіру қағидалары (20-29 параграфтар (баптар))

§20. Қазақ тілінде сөз соңында екі дауыссыз қатар келетін сөздер бар. Бірақ кез келген дауыссыздар сөз соңында қатар келе бермейді. Тек алғашқысы л, р, м, н, ң деген сонор дыбыстар, соңғысы т, с, п, ш, қ, к деген қатаң дыбыстар болып тіркесіп келеді. Мысалы: жалт, қалт-құлт, қарт, қант, ант, қарс (қарс айырылды дегендегі), күмп (суға күмп берді), қарш-қарш, дүңк (дүңк етті), қарқ-қарқ (қарқ-қарқ күлді) т.б. Мұндай сөздердің басым көпшілігі жалт-жұлт, қарқ-қарқ, күңк (етті) сияқты еліктеуіш сөздерде екі дауыссыз қатар айтылып, қатар жазылады.

Бұл сөздерді айтуда сөз соңындағы екі дауыссыз күрт, шұғыл дыбысталады, яғни араларына ы, і сияқты дауыстыларды салмайды: жалт (жалыт емес), күрт-күрт (күріт-күріт емес), жалт-жұлт (жалыт-жұлыт емес) т.т.

Қазақ тілінде сөздің үш дауыссызға аяқталуы – мүлде жоқ құбылыс. Сондай-ақ жоғарыда көрсетілгендей, сонорлар мен қатаңдардың қабаттасуынан өзге дауыссыздардың қатар келуі де – орын алмайтын құбылыс. Қазақ тіліне енген орыс және интернационалдық сөздер, әсіресе жер-су, қала аттары қатарынан бірнеше дауыссыз дыбысқа аяқталып келе бермейді. Мысалы: пункт, Омск, фонд, митинг, штамп, шланг, факт, рецепт, экспромт, киоск, лифт. Бұл сөздер қазақ тілінде жеке айтылғанда, соңғы қатар келген екі-үш дауыссыздың не сондарынан, не орталарында ы, і дәнекер дыбыстар салып айтылады: пункіт, Омскі, фонды, митингі, штампы, шлаңгі, факті, рецепті, экспромты, киоскі, лифті. Бұлардың ішінде қатаң дыбыста (факт, рецепт, киоск, лифт), сонор мен қатаң да (шланг, штамп, экспромт), сонор мен ұяң дыбыс та (фонд, митинг), тіпті үш дыбыс та (алдыңғысы сонор, қалған екеуі қатаң – пункт) қатар келген.

Қазақ тілі үшін үйреншікті емес (яғни фонетикалық жүйесіне сай келмейтін) дыбыстарға аяқталатын мұндай сөздердің бірқатарына, атап айтқанда: нд, мп, кт, нк, нг, мб, ск, фт, пт, мт дыбыстарына аяқталатындарына қазақ тілінің қосымшалары жалғанғанда, сөз бен қосымшаңың аралығына дәнекер ы, і дыбыстары қосылып айтылады және солай жазылады. Мысалы: киоск+ке – киоск+і+ге (киоскке емес), бұл жерде дәнекер ы, і болғандықтан, қосымшалар ұяңдап кетеді (-ке емес, -ге, -тар, -тер емес, -лар, -лер деген сияқты), митинг+тер – митинг+і+лер (митингтер емес), Омск+тен – Омск+і+ден (Омсктен емес), сол сияқты фактілер, фактіге, фактісі (факттер, фактке, факті емес), штампылар, штампыны, штампысы, штампыға (штамптар, штампты, штампы, штампқа емес), объектілер, объектіге, объектісі (объектер, объектке, объекті емес). Үш дауыссызға аяқталған сөздер қазақ қосымшаларын дәнекер ы, і дыбыстарынсыз қабылдайды, өйткені айтуда алдыңғы дауыссыз бір буынға кетеді де, соңғы екі дауыссыз айтуда өздері бір буын болып айтылады: пунк(і)т, пункітке, пункіттер, пункіті (пунктіге, пунктілер, пунктісі емес), сфинкіс, сфинкістер, сфинкістің (сфинксілер, сфинкісінің емес). Ал бұлардың жазылуы: пункт, пунктке, пункттер, сфинкс, сфинкске, сфинкстің.

Ал тр, зм, рг, рд, лк, кс, дж, фр, рв, кт, дз, фм сияқты дауыссыз дыбыстар тіркесіне аяқталған кірме сөздерде айтылуда соңғы екі дауыссыздың арасына ы, і дыбыстары қосылып айтылады: метір, оркестір, альпинизім, колледіж.

Соңғы екі-үш дауыссыздың біреуі к, г дыбыстары болып келсе, ол сөзге қазақ қосымшалары тек қана жіңішке жалғанып, жіңішке айтылады (түбірдегі дауысты мейлі жуан болсын, мейлі жіңішке болсын). Мысалы: пунктке (айтылуы: пункітке), паркке, парктер, паркі (айтылуы: парікке, паріктер, паркі), митингіге, митингілер, киоскінің, киоскілер. Ал к, г дыбыстары жоқ жерде қосымша сөз түбірінің немесе түбірдің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанып, сол жалғанған түрінде айтылады. Мысалы: лифтілер, лифтісі, лифтіге (мұнда қосымша жіңішке, өйткені түбірдің дауысты дыбысы и – жіңішке), штампыға, штампылар, штампысы (мұнда түбірдегі дауысты а жуан болғандықтан, қосымша да жуан жалғанып тұр).

Осы ережеге сай етіп мына сөздерге қазақша қосымшалар (септік, тәуелдік, көптік жалғауларын) жалғап көріңдер де, дұрыс айтып беріңдер:

Антракт, металлург, анонс, бланк, контракт, бумеранг, почтамт, дифирамб, интеллект, катафалк, комплекс, комплект, конспект, кзендз, лаборант, ландшафт, логарифм, манускрипт, медпункт, моллюск, пакт, прейскурант, раунд, рецепт, рислинг, такт, экспромт, цифр.

§21.Кірме сөздердің ішінде ст, сть, зд, кст, вт, сс, лл, мм, тт, пп дыбыстарына аяқталғандарына қазақ тілінің қосымшалары жалғанғанда, ең соңғы дауыссыздар түсіріліп айтылады және солай жазылады. Мысалы: коммунист+тер – коммунистер (коммунисттер емес), коммунист+ке – коммуниске (коммунистке емес), коммунист+тік – коммунистік (коммунисттік емес),съезд+ге – съезге (съездге емес), съезд+дің – съездің (съезддің емес), съезд+і – съезі (съезді емес), ведомостъ+қа – ведомосқа (ведомостьқа емес), металл+дар – металдар (металлдар емес), терапевт+ке – терапевке (терапевтке емес).

Осы ережені ескеріп, мына сөздерге қосымшалар жалғап айтыңдар және жазыңдар.

Кросс, грамм, гимнаст, грипп, киловатт, эхинококк, хлорофилл, фармацевт, авиапост.

§22. Орыс тілі жұрнақтары жалғанғанда, жіңішкелік белгісі (ь) жазылатын және л дыбысына аяқталатын сөздерге қазақ тілі жұрнақтары жалғанғанда, жіңішкелік белгісі жазылмайды және л дыбысы жуан айтылады. Мысалы:

орысша жазылуы:

материальный

феодальный

коммунальный

қазақша жазылуы

әрі айтылуы:

материалдық (материальдық емес)

феодалдық (феодальдық емес)

коммуналдық (коммунальдық емес)

Ал жұрнақтар жалғанбай-ақ түбірдің өзінде л дыбысы жіңішке сөздерде (яғни түбірдің өзінде жінішкелік белгісі жазылатын сөздерде) ь таңбасы сақталып жазылады және л дыбысы жіңішке айтылады: моральный – моральдық (сөз түбірі – мораль), артельный – артельдік (сөз түбірі – артель). Мұндайда көбінесе сөздердің қазақша айтылуы жазылуына сай келеді: ь тұрса, л дыбысын жіңішке айту керек те, ь жоқ болса жуан айту керек.

Осы ережені ескеріп, мына сөздерді дұрыс айтып көріңдер:

Патриархалдық, акварельді, спектакльдік, артельдік, номиналдық,вассалдық, вокальды.

§23. Қазақ тілінде қ, к, п деген қатаң дауыссыз дыбыстарға аяқталған сөздерге дауысты дыбыстан басталатын қосымшалар жалғанған кезде, сөз соңындағы қатаң дыбыстар ұяңдап, ғ, г, б (кейде у) дыбыстарына айналатыны мәлім. Бұл өзгеріс жазуда да, айтуда да ескеріледі. Мысалы: тарақ+ым – тарағым, күрек+і – күрегі, доп+ы- мыз – добымыз, тап+ып – тауып, кеп+у – кебу, кеп+іп – кеуіп т.б.

Бұл ережеге орыс тілі арқылы енген сөздердің де бірқатары бағынады: ток – тогы (айтуда тогі), блок – блогы (айтуда блогі). Ал п, х дыбыстарына аяқталатын бірқатар кірме сөздер бұл ережеге бағынбай, соңғы қатаң дыбыс ұяңдамай айтылады және солай жазылады. Мысалы: принцип+і – принципі (принцибі емес), грипп+і – грипі (оның грипі жұқты, грибі емес), тип+і – типі (тибі емес), кинескоп+ы – кинескопы (кинескобы емес), цех+ы – цехы (цеғы емес), шейх+ы – шейхы (шейығы емес), шах+ы – шахы (шағы емес).

§24. Жіңішкелік белгісіне аяқталатын көп буынды кірме сөздерге қазақ тілі қосымшалары буын үндестігі бойынша жалғанады, яғни сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыс жіңішке болса, қосымша да жіңішке, жуан дауысты дыбыс болса, қосымша да жуан болып айтылады және солай жазылады, ль дыбысына аяқталған кірме сөздерге тек қана тәуелдіктің ІІІ жағында жіңішке қосымша жалғанып, жіңішке айтылады. Мысалы: фестиваль+ға – фестивальға, бірақ фестивалі, календарь+ға – календарьға, календары.

Кль, брь, бль тәрізді дауыссыз дыбыстар мен жіңішкелік белгісіне аяқталған сөздерге және жіңішкелік белгісіне аяқталған бір буынды сөздерге қазақ тілі қосымшалары әрдайым жіңішке жалғанады, яғни сөздің соңғы буыны тұтас өзі жуан болса да, қосымша буын үндестік заңына бағынбай жалғанады және жіңішке айтылады (әрі солай жазылады). Ансамбілге (жазылуы: ансамбльге), ансамбілдер (жазылуы: ансамбльдер), ансамбілі (жазылуы: ансамблі, мұнда сөз түгелімен жуан, тек соңғы дауыссызы жіңішке ль), бинокльдің (айтылуы: бинокілдің), биноклім (айтылуы: бинокілім), бинокльдер (айтылуы: бинокілдер). Мұнда сөздің соңғы буыны нокльжуан. Тюль, тюльдің (айтылуы: тюлдің), тюльге, тюлі (сөз бір буынды, бірақ жіңішке ль дыбысына аяқталған), князьдің, князьдер, князі (сөз зь дыбысына аяқталған және бір буынды болғандықтан, қосымша жіңішке жалғанып тұр).

Бұл сияқты дауыссыз дыбыстары, әсіресе сөз соңындағы дауыссызы орыс тілінде жіңішке айтылатын сөздердің қазақша дыбысталуында дауыстылардың ыңғайы (жуан-жіңішкелігі) емес, дауыссыздардың айтылу ыңғайы шешуші рөл атқарады.

Осы ережені ескеріп, мына сөздерге қазақша қосымша жалғап, дұрыс айтып көріңдер:

Капсюль, бандероль, ноябрь, верфь, автомобиль, акрополь, бронь, водевиль, виолончель, вестибюль, госпиталь.

§25.Соңғы буынында ë, э, ю дыбыстары бар кірме сөздерге қазақ тілі қосымшалары әрдайым жіңішке жалғанып, солай айтылады әрі жазылады. Мысалы: актëрлер, актëрге, актëрі, дирижëрлер, дирижëрі, Пëтрге, Пëтрден, дуэтке, дуэті, полюске, полюстер, парашютке, парашюті, дуэльге, дуэлі, велюрдің, велюрі, дебютке, дебюті.

§26. Ер адамның фамилиясы -ов, -ев, -ин жұрнақтары арқылы жасалған болса, -ов, -ев жұрнақты фамилияларға қазақ тілінің қосымшалары түбірдің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жуан не жіңішке түрде жалғанып айтылады (және солай жазылады). Мысалы: Омаровтың, Омаровқа (сөз түбірі О-мар, соңғы мар буыны жуан), Әуезовтің, Әуезовке (сөз түбірі Ә-уез, соңғы уез буыны жіңішке), Мұсаевқа, Мұсаевтан (сөз түбірі Мұ-са, соңғы буыны жуан), Құдайбердиевке, Құдайбердиевтен (сөздің соңғы буыны ді жіңішке). Ал -ин жұрнағымен жасалған фамилияларға қазақ тілі қосымшалары әрдайым жіңішке жалғанып, жіңішке айтылады: Оразалинге, Дербісалинге, Сембинге.

§27. Кейбір өлшем атаулары жазылуда шартты түрде қысқартылып беріледі. Ал қысқартулар не әріптерден, не арнайы алынған өзгеше белгілерден тұрады.

Мысалы: 10 см, 5 га, 3 мм, 10°, 40м, 100%, 220V, 70W. Бұларды ауызша айтқанда қысқартылып берілген әріптерді емес, сол әріптер білдіріп тұрған сөзді толық айту керек: он сантиметр, бес гектар, үш миллиметр, он градус жылы, қырық метр, жүз пайыз, екі жүз жиырма вольт, жетпіс ватт. Бұларға жалғанып тұрған қосымшаларды (олар дефис арқылы жазылып беріледі) оқығанда, белгілерге тіркеп емес, тұтас сөзге тіркеп айту керек. Мысалы:көйлегімнің етегін 5 эсэмге немесе сымыға ұзарттым деп емес,бес сантиметрге ұзарттымдеп айту керек. Сол сияқты:машина сағатына 60 км-ден жүріп отырды деп жазылғандыалпыс километрден (алпыс ка-эмнен немесе алпыс км-нен емес) жүріп отырды, комбайыншы 400 гектардай (га-дай емес) жердің егінін ордыдеп айту керек.

§28. Жекеше II жақтағы жіктік жалғауы тек қана -сың, -сіңтүрінде (яғни соңғы дыбысы ңболып) айтылады және солай жазылады. Мысалы: есімдерге жалғанған жіктік жалғаулары (жекеше түрі):

І жақ мен мұғаліммін, диктормын

ІІ жақ сен мұғалімсің, дикторсың

ІІІ жақ ол мұғалім, диктор.

Етістікке жалғанған жіктік жалғаулары (жекеше түрі):

І жақ мен білемін, айтамын, барғанмын, барармын

ІІ жақ сен білесің, айтасың, барғансың, барасың

ІІІ жақ ол біледі, айтады, барған, барар

Кейде ауызекі сөйлеу тілінде бұл жалғау -сын, -сін түрінде (сен мұғалімсін, дикторсын) де келеді және солай жазылып та кетуі мүмкін. Бірақ әдеби нормада сөйлегенде, тек -сың, -сің түрінде дыбыстау керек. Ал -сын, -сін қосымшасы етістіктің III жақтағы бұйрық-қалау рай деген түрін білдіреді. Мысалы:

І жақ мен барайын, біз барайық

ІІ жақсен бар, сендер барыңдар

ІІІ жақол барсын, олар барсын

Сондықтан әр түрлі қызмет атқаратын қосымшалардың тұлғаларын да шатастырмай, бірін -сың түрінде, екіншісін -сын түрінде айту керек. Бұл екеуін айыру қиын емес: егер жіктік жалғаулы сөз сен деген есімдікпен айтылуға тиіс болса, -сың түрі, ол деген есімдікпен айтылуға тиіс болса, -сынтүрі жалғанады: сен барасың, ол барсын.

Мына шумақтардағы үш нүкте қойылған сөздерге мағынасына қарай -сыңнемесе -сын қосымшасының қайсысы жалғанып айтылатынын көрсетіңдер:

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап, алдар бірақ.

Ертең өзің қайда..., білемі...,

Өлмек үшін туған..., ойла, шырақ. (Абай)

Досты қайдан табар...

Кеңесерге адам жоқ.

Әрлі-берлі шабар...

Жалғыздықтан жаман жоқ.(Абай)

Өзгеге, көңілім, тояр...

Өлеңді қайтіп қояр...

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жояр...

Сайра да зарла, қызыл тіл,

Қара көңілім оян...

Жыла..., көзден жас ақ...

Омырауым боял...

Тыңдамаса еш адам

Өз жүрегім толған...

Әр сөзіне қара...

Іштегі дертім қозғал... (Абай)

Баса... аяғыңды ырғаң-ырғаң,

Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң.

Жай жүріп шаттана... әсерленіп,

Әсем... жүйрік аттай мойның бұрып.(Халық өлеңі)

§29. Кейбір шылаулардың дыбыстық қатарлары болады, яғни өзіне қатысты алдыңғы сөздің аяқталар дыбысының әуеніне қарай шылау сөздің басқы дыбысы да не ұяң, не қатаң болып құбылып айтылады (және солай жазылады). Мысалы: Ол өлең айтып қанақоймады, домбыра да тартты. Жақып қанажаңа келді, өзгелер әлдеқашан келген-ді. Тек қана бір тілегім бар деген мысалдарда шылау қатаң қ дыбысынан басталады және солай жазылады, өйткені шылаудың алдындағы сөздер (айтып, Жақып, тек) п, к деген қатаң дыбыстарға аяқталып тұр. Ал мына сөйлемдерде шылау ғана түрінде айтылады (және жазылады): жалғыз ғана тілегім бар; жаңа ғана келдім; ол радиодан ғана сөйледі. Бұларда шылаулардың алдындағы сөздерне дауысты дыбысқа (жаңа), не ұяң, сонор дыбыстарға (жалғыз, радиодан) аяқталып тұр.

Осы сияқты мен, бен, пен (домбыра мен қобыз, қобыз бен домбыра, дауыс пен үн), да/де, та/те (барса да, барып та келді), дағы, тағы (барса дағы, айтып тағы үлгерді), ғой, қой (айттың ғой, хат қой менің күткенім), құрлы, ғұрлы (жат құрлы, бала ғұрлы) деген шылаулар да өздерінің алдындағы сөздің соңғы дыбысына қарай бірде ұяң, бірде қатаң дыбыстармен айтыла береді (және солай жазылады). Сондықтан бала құрлы ақылың жоқ, айтарың осы қана ма, келіп де үлгердің бе деген сияқты етіп айтуға, дыбыстауға болмайды. (Бала ғұрлы, келіп те деп айтылуы керек).