Артқа

Дефис

 

Дефистің қойылатын жерлері:
1. Қайталама қос сөз бен қосарлама қос сөздерде сөз аралығына қойылады: ауыл-аймақ, туған-туыс, қайта-қайта, шоқ-шоқ т.с.с.
2. Күшейтпелі шырай түзетін күшейткіш буыннан кейін қойылады: қып-қызыл, әп-әсем, жап-жақсы т.с.с. Алайда ақ, көк сөздеріне күшейткіш буын үстелгенде, дефис қойылмайды: аппақ, көкпеңбек (ап-ақ, көп-көк емес).
3. Реттік сан есім араб цифрымен берілсе, одан кейін келетін зат есімнің алдынан дефис қойылады: 5-сынып, 6-қабат, 1-орын т.с.с. Сондай-ақ сан есімнен кейін -ыншы/-інші қосымшасы жалғанса да, арасына дефис қойылады: 6-ыншы, 7-інші т.с.с. Алайда сан есім рим цифрларымен берілсе, дефис қойылмайды: ХХІ ғасыр, ІІІ сессия т.с.с.
4. Сан есім затсымақтанып (А.Байтұрсынұлының термині), одан кейін септік жалғаулары жалғанса, арасына дефис қойылады: 5-ке 4-ті қосса, 20-ны 2-ге бөлсе т.с.с.
5. Топтау үстеулері немесе топтық сан есімдерден кейін дефис қойылады: алты-алтыдан, екі-екіден, бір-бірлеп т.с.с.
6. Екі сан есімнің тіркесуінен жасалған болжалды сан есімдердің арасына дефис қойылады: екі-үштерде, отыз-қырықтарда, үш-төрт т.с.с.
7. Басқы әріп түрінде қысқарған сөзден кейін жалғанатын қосымшаның алдынан қойылады: ҚазҰУ-ға, БҰҰ-дан т.с.с. Алайда буын түрінде қысқарған сөздерден кейін келген қосымшаның алдынан дефис қойылмайды: ауаткомға, ұжымшарда т.б.
8. Шетелдік компания немесе шетелдік тауар (өзге тілдің әріптерімен жазылған) атауларынан кейін қосымша жалғанғанда дефис қойылады: Toshіba-ға, «Henkel»-ден т.с.с.
9. Техника маркаларын көрсететін шартты белгілерден кейін жалғанатын қосымшаның алдынан дефис қойылады: ТУ-104-ті, ДТ-54-пен т.с.с.
10. Ұзындық, салмақ т.б. өлшемдер қысқартылып берілген кезде шартты белгілерден кейін жалғанатын қосымшаның алдынан дефис қойылады: см-дей, кг-нан, 10°-қа т.с.с.
11. Нысан ретінде қолданылған жеке әріп немесе қосымшадан кейін дефис қойылады: ә-нің сөз соңында келмейтіні, а-дан басталатын сөздер, - да-ға жалғанады, -ық/-ік-пен салыстырғанда т.с.с.
12. Араб тілінен енген әл артиклінен кейін дефис қойылады: Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни т.б. Алайда хан, би, бек, шешен т.б. сөздерінің алдынан дефис қойылмайды: Абылай хан, Әйтеке би, Жиренше шешен т.с.с.
13. -мыс, -ақ, -ау, -ай демеулік шылауларынан бұрын дефис қойылады: келіпті-мыс, айтады-ақ, сен-ақ, сәулем-ау, қалқам-ай т.с.с.
14. Есімше тұлғаларынан кейін келетін өткен шақ қосымшаларының (-ды, -ді) алдынан дефис қойылады: келетін-ді, баратын-ды т.с.с.
15. Қосымшалар жеке-дара қолданылғанда алдынан дефис қойылады: - лар/-лер жалғауы, -ын/-ін қосымшасы, - лы/-лі жұрнағы т.с.с.
16. Парсы тілінен енген беймаза, бейбақ, бейшара, намағлұм т.с.с. сөздердің құрамындағы бей-, на- префикстері сөзге жалғанбай, жеке қолданылғанда, дефис қойылады.
17. Е көмекші етістігі жеке келгенде, дефис қойылады: е- етістігімен тіркеседі, е- етістігінен кейін т.с.с.
18. Сөз жолға сыймай қалған кезде тасымалдау үшін дефис қойылады: Темірқа-зықтан, шаруашы-лық т.с.с.
19. Мәтіннің соңында пайдаланған әдебиетті көрсетуде дефис шартты белгі ретінде қолданылады.
 
 

Алматы, 2016. - 267-б.; - Астана, 2015. - 368 б.
ZERO.kz