Нүктелі үтір

Цифр немесе әріптер арқылы санамаланып айтылған сөйлем¬дерден кейін нүкте, нүктелі үтір, кейде үтір қойылады. Санамалап айтылған бірыңғай сөйлемдердің әрқайсысынан кейін нүкте қойылса, әрқайсысы бас әріптен басталып жазылады. Мысалы: Барлық сілтілердің төмендегідей ортақ. химиялық қасиеттері болады: 1) Олардың концентрациялы ерітіндісі жануарлар мен өсімдіктер тканін бұзады. 2) Сілтілер майларды сабынға айналдырады. 3) Сілтілер ертінділерінде лакмустың және фенолфталеиннің түсі өзгереді (“Химия” оқулығынан). Санамалап айтылған бірыңғай құрылымдардың (конструкциялардың) арасына нүктелі үтір (немесе үтір) қойылса, олардың әрқайсысы кіші әріптен басталып жазылады. Мысалы: Жалпы жанрлар теориясынан фольклорлық проза жанрлары теориясын бөліп алатын болсақ, оның мынадай басты-басты (түбегейлі) міндеттерін атап көрсетуге болады. Олар: а) прозалық фольклорды басқа қара сөздерден, күнделікті жай әңгіме және әдеби көркем прозадан ажыратудың ғылыми негізделген критерийлерін анықтау; ә) прозалық фольклордың өлең үлгісіндегі фольклордан айырмасын белгілеу; б) халық прозасының өз ішіндегі жанрлық топтар мен бөлшектерді айырудың принциптерін айқындау (С.Қасқабасов). Санамаланып келетін конструкциялар бір-бірінен әріптер немесе цифрлар арқылы дараланып көрсетілмеуі де мүмкін. Мысалы: Шешім (орысша развязка) – шығарма сюжетінің де шешуші кезеңдерінің бірі; суреткердің өзі суреттеп отырған өмір шындығына шығарған “үкімі”; адамдар арасындағы қарама-қарсы тайталастардың, күрделі күрестердің бітуі; түрліше тағдырлар тартысынан туған нақты нәтиже; оқиғаға қатысушылардың ең ақырғы хал-күйі; күллі құбылыс-көріністердің соңғы сахнасы (З.Қабдолов). Практикада санамалап айтылған құрылымдардың араларына нүктелі үтір қойылып, келесілері бас әріптен басталып жазылатындары да болады. Санамаланып айтылған конструкциялардың алдында қос нүкте тұрса, одан кейінгі сөйлем екі түрлі басталады: егер араларына нүктелі үтір (немесе үтір) қойылып, әрқайсысы кіші әріптен басталатын болса, біріншісі де кіші әріптен басталады, ал араларына нүкте (кейде нүктелі үтір) қойылып, әрқайсысы бас әріптен басталатын болса, біріншісі де бас әріптен басталады (жоғарыдағы мысалдарды қараңыз). § 4. Мазмұны әуендес болып келетін бірыңғай сөйлемдердің әрқайсысынан кейін нүктелі үтір қойылады: 1) Біз Алатаудай ел едік, – Теңемек болды ойға жау; 2) Біз тасыған теңіз сел едік,– Теңемек болды шөлге жау; 3) Біз атып болған таң едік, – Түн етпекші болды жау; 4) Біз әлемге жарық күн едік, – Өшірмекші болды жау. Жау ма бізді бөгейтін?! Жау ма бізді жеңетін?! (Жамбыл) Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б. ISBN: 9965-06-023-1