Нүкте

§ 1. Нүкте хабарлы сөйлемдерден және екпінсіз айтылған бұйрық, тілек мәнді сөйлемдерден кейін қойылады (§1, 3, 7, 10, 13-тарды қараңыз, мұндағы жақша ішінде көрсетілген цифрлар II тараудағы “Пунктуация ережелерінің” параграфтарына сілтейді[1]).

§ 2. Нүкте әрі қарай кең түрде баяндау болатынын ескертетін сөйлемнен кейін қойылады (II тараудағы §2-ты қараңыз).

§ 3. Қыстырма сөйлемді алу үшін ашылған жақшаның алдындағы сөйлем аяқталып, оған тиісті тыныс белгілерінің бірі қойылған болса, қыстырма сөйлемнен кейін жақшаның ішінен нүкте қойылады.

Мысалы: Ендеше, егер рұқсат етсе, сонда түсейік. Бүгін ас ішетін жеріміз де жоқ. Жататын қуысы болса болады. (Итбайдың бұлай деуіне себеп – қызын көрейін дегендік еді.) (С.Мұқанов).

§ 4. Драмалық шығармаларда әр сөйлеуші кейіпкердің атынан кейін нүкте қойылады. Мысалы:

Петр. Бұл немене?

Амангелді. Біле алмадым... Сақал мен мұртқа бір кезек келген сияқты (Ғ.Мүсірепов).

Кейіпкердің атынан кейін ремарка (автордың түсіндірме сөздері) келсе, ол кіші әріппен жақша ішіне алынады да, нүкте жабылған жақшадан кейін қойылады:

Амангелді (атып тұрып). Кешігіп қалыпсыз, мырза! (Ғ.Мүсірепов).

С ә у л е (аз уақыт үнсіз). Перизат, сен байқайсың ба?(Ә.Әбішев).

Пьесадағы кейіпкердің сөзінің ішінде келген ремаркаға байланысты тыныс белгісі былайша қойылады:

а) Ремарка екі сөйлемнің арасында тұрып, өзінен кейін айтылған сөйлемге (не сөйлемдерге) байланысты болса, кейіпкер сөзінің ремаркаға дейінгі сөйлемінен кейін (яғни ашылатын жақшаның алдынан) сол сөйлемге тиісті тыныс белгісі қойылады. Ремарка жақшаға алынады да, бас әріптен басталып жазылады, жабылған жақшаның ішінен нүкте қойылады, жақшаның сыртынан ешқандай тыныс белгісі қойылмайды, кейіпкер сөзінің екінші бөлігі бас әріптен басталып жазылады:

Петр.Ендеше, жөніңді біл, шығарма үніңді. (Амангелдіге.) Сен бара тұр, мерген, бір айналып соғарсың.(Ғ.Мүсірепов).

Т е м і р. Еһ, тентек қарындасым! (Қол алысып.) Ризамын, жаным, бәрін де естідім.(Ә.Әбішев).

ә) Ремарка кейіпкер сөзінің ішіндегі бір сөйлемнің арасында болса және мағына жағынан соған тікелей қатысты болса, жақшаға алынып, кіші әріптен басталып жазылады, жақшаның алды-артына және ішіне ешқандай тыныс белгісі қойылмайды. Кейіпкер сөзінің ремаркадан кейінгі жалғасы кіші әріптен басталып жазылады:

Амангелді.Жоқ, қарағым, ескі еншіден құтылғалы келдік де. Бірақ (әйелге жақындап) жаңа еншіні тізе бүгіп, жалынып сұрап аламыз ба? (Ғ.Мүсірепов).

§ 5. Кейіпкердің айтқан сөзіне тікелей қатысы жоқ, автордың түсінігі ретінде айтылған ремаркадан кейін, көбінесе, жақша ішіне нүкте қойылады:

М ы р қ а л. Інісі бар болсын! Менде Абзалдан басқа іні бар ма? (Телефон шырылдайды.) (Ә.Әбішев).

Қ о з ы. Кіре бер шатырға. Күткенін естіртуім керек. (Баян шатырға кіреді. Қозы Қодарға келеді.) Амандық ағадан емес пе еді, Қодар мырза! (Ғ.Мүсірепов).

Е с к е р т у. Мұндайда нүкте жақшаның сыртына қойылуы да мүмкін.

§ 6. Дәйексөздің, келтірілген мысалдың қайдан екенін, иесін көрсететін сөздер жақшаға алынады. Егер ашылған жақшаның алдында ешқандай тыныс белгісі болмаса, жақша жабылған жерге нүкте қойылады:

Қансонарда бүркітші шығады аңға (Абай).

Егер ашылған жақшаның алдында нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі не көп нүкте тұрса, нүкте жақшаның ішіне қойылуы мүмкін:

Егер жау берілмесе, оны құртар болар! (М.Горький.) Бұлақты таудан арна ақса, Теңіз болар аяғы.(Жамбыл).

§ 7. Бас әріптерінен немесе басқы буынынан шартты түрде қысқартылып алынған адам, кітап, газет, журнал, шығарма т.б. аттарының сол қысқартылған әрпінен не буынынан соң нүкте қойылады: Н.В.Гоголь, Конс.Симонов, С.Мұқанов, А.Құнанбаев, Шығ., I том.

§ 8. Тағысын тағы, тағы сондайлар, тағы басқа деген сөздер қысқартылып қолданылғанда, олардан кейін нүкте қойылады: т.б., т.с., т.т.

Бұлардан басқа қысқартылып нүкте қойылатын сөздер: ж.жыл; ғ. – ғасыр; сек. – секунд; мин. – минут; сағ. – сағат.

§ 9. Мынадай қысқартуларға нүкте қойылмайды:

а) Бас әріптерден және буындардан қысқарған сөздердің әріптерінің немесе буындарының арасына нүкте қойылмайды: КазМУ, ауатком.

ә) Ұзындық, көлем өлшемдерінің және басқаларының қысқартылып қолданылатын шартты белгілерінен кейін нүкте қойылмайды: км, м, см, га, л, V (вольт), А (ампер), С (Цельсий).

§ 10. Санамалы нөмірді (ол нөмірдің алдынан кей жағдайларда § белгісі тұруы да мүмкін) белгілейтін айшықсыз (жарты жақшасыз) қолданылған цифр не әріптен кейін нүкте қойылады.

Ш.Уәлиханов өзінің “Қарқаралы округы болысының қыстаулары” атты мақаласында кісі аттарынан қойылған микротопонимдерінің әрбір руға тәндігін айтқан.

1.Надан Тобықтының қыстаулары: Қошқар, Қазанқап сайы, Көрпетай т.б.

2. Төлеңгіттер қыстауы: Төлебике сайы...

3. Тарақты руының қыстаулары: Матайадыр, Жотан, Текебай... (Т.Жанұзақов).

Цифрдан немесе оның орнына алынған әріптен кейін жарты жақша (айшық) қойылса, одан кейін нүкте қойылмайды:

Теңеу сөзге белгілі бір жұрнақтар қосылу немесе кейбір сөздердің тіркесуі арқылы жасалынады.

а)сөзге -дай, -дей... жұрнақтары жалғануы арқылы...

ә) сөзге -ша, -ше жұрнағы жалғануы арқылы...

б)секілді, сықылды, тәрізді... сөздерінің тіркесуі арқылы...(Қазақ тілі оқулығы.)

§ 11. Кітаптағы тақырыптардың атынан кейін нүкте қойылуы да мүмкін.



[1] “Анықтағыштағы” пунктуация ережелері синтаксистік құрылысқа қарай (мысалы, сөйлемнің соңына қойылатын тыныс белгілері, оңашаланған айқындауыштың тыныс белгілері т.б.) баяндалды. Мына “Қосымшада” әрбір тыныс белгісінің жалпы қай орындарда қолданылатындығы туралы ережелер жинақтап берілді. Жазып отырған адам белгілі бір тыныс белгісінің өзі күдіктенген жеріне қойылатын-қойылмайтындығын осы “Қосымшаға” қарап тауып ала алады. Ал оны дәлірек білгісі келсе, “Пунктуация ережелері” деген тараудан қай бапты (параграфты) қарау керек екендігі көрсетілді. Сонымен қатар “Қосымшада” пунктуация тарауында айтылмаған кейбір ережелер берілді. Мысалы, драмалық шығармалардағы тыныс белгілері, тырнақшаның қолданылуы т.б.

Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б. ISBN: 9965-06-023-1