Қалай жазған дұрыс: "Алла", "Аллаһ", "Аллах"?

Қазіргі БАҚ беттерінде  Алла, Аллаһ атауларының жарыса қолданылып жүргені байқалады. Осымен байланысты оқырмандарға жол сілтеп, жоба көрсетпек болған авторлардың бірі Алла деген дұрыс десе, екінші бір автор Аллаһ деп қолданған жөн деп біледі.

Мұндайда тіл тәртібіне сүйену керектігін көрсетеді. Тіл тәртібі бойынша осы екі нұсқаның бірі норма, екіншісін норма емес деп үзілді-кесілді баға беруге болмайды. Аллаһ нұсқасы ең алдымен діни уағыздарда, діни мазмұндағы мәтіндерде, діни ортадағы қарым-қатынаста жұмсалатын дін қызметшілерінің тілдік тұлғасына тән қолданыс деуге болады. Дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай жұртшылыққа арнап сөйлеген сөзінде Аллаһ нұсқасын қолданады, яғни бұл нұсқаның діни дискурсқа (сөзге) тән сипаты бар. Бұдан Аллаһ сөзінің стильдік реңкі бар екені, осымен байланысты коммуникативтік жағдаят таңдайтыны байқалады. Ал Алла сөзі стильдік мағынасы жағынан бейтарап, сондықтан әртүрлі мазмұндағы, әсіресе дүнияуи мәтіндерде жұмсала береді. Міне, тіл заңдылығына сүйенсек, Алла, Аллаһ сөздерін «Кім?», «Қай жерде?», «Кім кімге?» деген коммуникативтік қағидатқа сай орынды қолдану керек екенін, талғаусыз жұмсай беруге болмайтыны аңғартады.