Орфоэпиялық ережелер немесе сөз сазын келтіру қағидалары (1-9 параграфтар (баптар))

Орфоэпиялық ережелерді ұсынбас бұрын олардың берілу тәртібі жайында бірер ескертпе айтуға тура келеді.

Орфоэпиялық қағидалардың ұсынылу қалпы (тәртібі, әдісі, стилі) емле ережелерінің берілу тәртібінен біраз өзгешелеу болады. Бұл құрал, бір жағынан, мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне, мектеп оқушылары мен студенттерге ұсынылғандықтан, осы ережелерді жақсы игертулері және игерулері үшін, олар кеңірек дәлелденіп, түсіндірілді. Мысалдар да көбірек келтірілді. Оның үстіне үйренушілер жаттыға түсулері үшін бұл ережелерге сөйлеу тәжірибесінде тапсырмалар беріліп отырды. Ол тапсырмаларды тек сөз сазын үйретуші мұғалімдер, консультанттар т.т. ғана емес, орфоэпия ережелерін өз бетімен игеремін деген жеке адамдар да орындауларына болады, өйткені мұндай жаттығулар ережені іс-жүзінде игере түсуге әбден көмектеседі. Ережені теория жүзінде біліп алу бар да, оны іс жүзінде пайдалана білу бар ғой. Сөзді дұрыс жазу мен сөзді дұрыс айтуға келгенде, жалаң теорияны, яғни ережелерді білу ғана емес, тәжірибенің де, яғни жазу мен сөйлеудің мәні зор.

Екінші бір ескертетін нәрсе – әрбір бапта (параграфта) ұсынылған ереженің жалғасы ретінде ережеге қатысты айтылатын қосымша түсіндірулер, дәлелдемелер беріледі. Оларды да ереже бөлігі деп тану қажет.

Сөзді дұрыс айту ережелерін, олардың түсіндірмелерін, дәлелдемелерін ұсыну үстінде сөздердің жазылуы да жиі көрсетіліп отырылады, оның себебі, бір жағынан, қазақ тілінде сөздің жазылуы мен айтылуы әрдайым бірдей түсіп отырмайтындығын ескертуде болса, екінші жағынан, жазуға қарап оқып (айтып, дыбыстап), оқуға (айтуға, дыбыстауға) қарап жазып шатасу қаупінен сақтандыруда болып отыр.

Сөз сазы ережелері, емле ережелері сияқты баптарға (параграфтарға) ажыратылып берілді. Алды-артындағы түсіндірмелер мен жаттығу материалдарынан бөліп көрсету үшін, ереженің өзі жалпы текстен сәл шегіндіріліп терілді.

§ 1. Қазақ тілінде дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, өзара үйлесетін, үндесетін тұстарының бірі – қатаң дыбыстардың ұяңдайтын жерлері.

Ырғақтық топ құрайтын сөздердің алғашқысы дауысты а, е, ы, і, у (ұу, үу), и (ый, ій) дыбыстарының біріне аяқталса, екінші сөз қ, к дыбыстарынан басталса, соңғылар ұяңдап, ғ, г болып айтылады.

Мысалдар: 1) Сөйлеу үстінде ырғақтық топ құрайтын анықтауыш пен анықталғыштардың қатаң қ, кдыбыстарының ұяңдауы:

жазылуы:

бала кезде

ала көлеңке

ата қоныс

жаңа қала

ескі киім

қысқы киім

қыли көз

айтылуы:

балагезде

алагөлеңке

атағоныс

жаңағала

ескігійім

қысқыгійім

қылигөз

Мәтінмен келтірілген мысалдың айтылуы (оқылуы):

Білектей / арқасында / өргенбұрұм /

Шолпұсұ / сылдырғағып / жүрсақырын //

Кәмшәтбөрүк / ақтамақ / қарағасты /

Сұлұуғыздың / көрүппең / мұндайтүрүн // (Абай)

Мұнда өрген бұрым, кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, сұлу қыз, мұндай түр деген сөздер – анықтауышты тіркестер, бұлар бір ырғақпен айтылады. Осылардың ішінде жоғарғы ережеге мысал болатындары сұлуғыз, қарағасты болып айтылады.

2) Қатар келіп ырғақтық топ құрайтын толықтауыш пен баяндауыш, пысықтауыш пен баяндауыш, бастауыш пен баяндауыштардың араларындағы қатаң дыбыстар ұяңдап айтылады. Мысалы: мен киноға бармай, үйге келдім; ол кітап оқығанды жақсы көреді; ол шақыртпай өзі келді деген сөйлемдердегі курсивпен көрсетілген сөйлем мүшелері бір ырғақтық топ құрайды, сондықтан олар үйгөгелдім, жақсыгөрөд, өзүгелд(і) болып айтылады.

3) Біріккен сөздердің бөліктері (компоненттері) де бір ырғақпен айтылады, сондықтан бұлардың екінші бөлігінің басындағы қ, к дыбыстары алдыңғы компоненттің соңы дауысты дыбыстарға аяқталып тұрса, ұяңдап айтылады:

жазылуы:

Талдықорған

қаракүйе

қарақұрт

алакөз (құс атауы)

Меңдіқыз

Сарыкөл

айтылуы:

Талдығорған

қарагүйө

қарағұрт

алагөз

Мендіғыз

Сарыгөл

4) Қос сөздердің сыңарлары да осы заңға бағынады:

жазылуы:

баса-көктеп

қара-құра

келе-келе

қора-қопсық

айтылуы:

басагөктеп

қарағұра

келегеле

қорағопсұ

5) Сөйлем ішінде сөз дауысты дыбыстарға аяқталып, оған қатысты шылаулар қ дыбысынан басталса, шылаудың басқы дыбысы ұяң айтылады:

жазылуы:

желге қарсы

үйге қарай

елу қаралы

екі қайтара

үй қасында

айтылуы:

желгеғарсы

үйгөғарай

елүуғаралы

екіғайтаранемесе

екқайтара

үйғасында

1-баптағы (параграфтағы) ережеге қарап мына өлең шумағының дұрыс айтылуын (оқылуын) көрсетіндер, ол үшін, әрине, мұндағы сөздерді ырғақтық топтарға бөліңдер; бұл мәтінде ырғақтық топтардың қайсысының айтылуы берілген ережеге қатысты екенін айтыңдар.

Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген,

Қыз қайда құдашадай көзі күлген.

Алыстан ат арытып келгенімде,

Шақыртпай еш адамға өзі келген.

§ 2. Ырғақтық топ құрайтын екі сөздің алдыңғысы з, ж, р, л, м, н, ң, й, үнді у (тау, бау деген сөздердегі) дыбыстарына аяқталса, келесі сөздің басындағы қ, к дыбыстары ұяңдап, ғ, г болып айтылады.

Ырғақтық

жазылуы:

айтылуы:

топтар:

  

жез қазған

Жезқазған

Жезғазған

өнер кәсіп

өнеркәсіп

өнөргәсіп

бал қаймақ

бал қаймақ

балғаймақ

тай келтір

Тайкелтір

Тайгелтір

аман келді

Амангелді

Амаңгелді

қаз қатар

қаз-қатар

қазғатар

азан қазан

азан-қазан

азаңғазан

жылан көз

жылан көз

жылаңгөз

сонымен қатар

сонымен қатар

сонұмеңғатар

қой көз

қой көз

қойгөз

қай қайдағы

қай-қайдағы

қайғайдағы

Бұл ережеге мысал ретінде мына үзінділердің дұрыс айтылу түріне назар аударыңыз:

Қарағым / айналайын / келдіңғайдан //

Алүйрек / алмамойұн / ұшарсайдан //

Ейғалқа / мекеніңді / айтыпқойшұ //

Адамның / жатполмағы / осұндайдан // (Халық өлеңі)

Мына шумақтарды ырғақтық топтарға ажыратып, дұрыс айтылуын көрсетіңдер, жоғарғы ережеге сай келетін сөздерді табыңдар:

Салмасам, Айнамкөзге ән болмайды,

Кимесем екі бешпент сән болмайды,

Ойнасаң, өзің теңдес жаспен ойна,

О дағы алғаныңнан кем болмайды,

Айнамкөз, сен қайдағы, мен қайдағы,

Біреудің мен де өзіңдей боз тайлағы.

Есіме, беу қарағым, сен түскенде,

Қайнайды зығырданым қай-қайдағы(Мұхит)

§ 3. Ырғақтық топқа енетін сөздердің бірінші сыңары қ, к, п деген қатаң дыбыстарға аяқталса, келесі сөз дауысты дыбыстардың біреуінен немесе ж, з сияқты ұяң дыбыстардан және р, л, м, н, й, у деген сонорлардан басталып тұрса, алдыңғы қатаң дауыссыздар ұяңдап ғ, г, б болып айтылады. Мысалы, шекара, сатып алды, қонақ үйі, кәсіподақ, келіп еді, қашық жер, бекзат, көк орамал деген сөздер айтылуда: шегара, сатыбалды, қонағұйү, кәсібодақ, келібеді, қашығжер, бегзат, көгорамал болып дыбысталады.

Бұл ережеге мысал ретінде мына шумақтардың дұрыс оқылуына назар аударыңыздар және жазылуын көрсетіңіздер:

Атеді / бұләнімнің / Жонұбалды //

Алғандай / сұлужонұп / ерімталды //

Жасымнан / сүйібайтқан / ән болған соң //

Жаңылмай / әлігүнге / естеғалды //

Жанедім / әсемәнді / сүйүбайтқан //

Жағымды / көпкебірдей / жұрт ұнатқан //

Келетін / нақысына / жүзғұбұлұп //

Кейдөрлеп кейдешалқып / баяулатқан // (Біржан)

§ 4. Бір ырғақпен айтылатын сөздердің алдыңғы сыңары с, ш дыбыстарына аяқталса, келесі сөз ж, ш дыбыстарынан басталса, екі сөз аралығында қос шш дыбысы айтылады. Мысалы, Досжан, сөзшең, бос шылбыр, жас жаным деген сөздердің айтылуы: Дошшан, сөшшең, бошшылбыр, жашшаным. Сол сияқты алдыңғы сыңар з дыбысына аяқталса, келесі сыңар ж дыбысынан басталса, қос жж айтылады. Мысалы, ғазиз жан, тоғыз жерде дегендердің айтылуы: ғазижжан, тоғұжжерде.

Осы ережеге байланыстырып, “Абай” операсындағы Абай мен Ажардың арияларынан алынған мына шумақтардың орфоэпиясын талдап көрелік:

жазылуы:

Бауырым жара, сөзім нала,

Дертпен келем мен бүгін.

Аямас жау мені айнала

Салды салмақ сұмдығын.

Қараңғыда жалғыз жарық

Әлсіз қолда өшер ме?

Айдарым жоқ, жеке қалып,

Зұлмат жаншып өтер ме?

айтылуы:

Бауұрұмжара / сөзүмнала/

Дертпеңгелем / мембүгүн/

Айамашшау / менайнала //

Салдысалмақ / сұмдұғұн //

Қараңғыда / жалғыжжарық /

Әлсізғолда / өшерме //

Айдарымжоқ / жекеғалып

Зұлматжаншып / өтөрме //

Бұл заң екі сөздің аралығында ғана емес, түбір мен қосымшаның түйіскен жерінде де болады. Мысалы, жұмысшы, қосшы, басшы деген сөздер айтылуда жұмұшшы, қошшұ, башшы болып естіледі.

Осы ережені ескеріп, мына сөздердің дұрыс айтылуын жазып және оқып көрсетіңдер.

Қыз Жібек, Бозжігіт, ауызша, орысша, көзсіз (батыр),құшсаң, көшсін, қас жақсы, қас жаман, жас жарым, Көзжақсым, еш жұмысы (жоқ), бес жылдық (оқу), үш жылдық жоспар, қазша (мамырлаған), қасша (дұшпанша), жазшы, тас жер.

§ 5. Бір ырғақпен айтылатын сөздердің алғашқысы з деген ұяң дыбысқа аяқталса, келесі сөз с деген қатаң дыбыстан басталса, айтылуда қос сс болып естіледі. Бұл заң түбір мен қосымшаның аралығына да тән. Мысалдар: жүз сом, жаз сайын, сөзсіз, бұлардың айтылуы: жүссом, жассайын, сөссүз.

Бұл ережеге жаттығу ретінде “Айман-Шолпан” пъесасынан Жарастың мына сөзін келтірейік:

жазылуы:

Құдаға кел, жамағат, көз

салайық,

Жарасқан сән-тұрманын

біз санайық.

Маржаны құмалақтан,

құрымжелек,

Қамшыны жібек бауға

шамалайық.

айтылуы:

Құдағагел / жамағат / көссалайық /

Жарасқан / сәнтұрманын /

біссанайық //

Маржаны / құмалақтан /

құрұмжелек

Қамшыны / жібекпауға /

шамалайық //

§ 6.Бір ырғақпен айтылатын сөздердің алдыңғы сыңары н дыбысына аяқталса, келесі сыңары қ, к, ғ, г дыбыстарының бірінен басталса, н өзгеріп, ң болып айтылады. Мысалы: Аман+келді, айтылуы Амаңгелді (бұл жерде ілгерінді-кейінді ықпал болып тұр: ілгергі н дыбысы кейінгі к дыбысын г дыбысына айналдырса, г дыбысы н дыбысын ң-ға айналдырып тұр). Осы сияқты бөкен қабақ, жан қалқа, Айманкүл, Боранғали деген сөздердің айтылуы: бөкеңғабақ, жаңғалқа, Аймаңгүл (бұл Аймаңкүл болып та айтылады), Бораңғали.

Бұл ереже түбір мен қосымшаның арасындағы дыбыстар өзгерісіне де жатады. Мысалы: қашанғы (қашан+ғы), түнгі (түн+гі), зиянкес (зиян+кес), құйынға (құйын+ға) сияқты қосымшалы сөздер қашаңғы, түңгі, зыйаңкес, құйұңға болып айтылады.

Мына мәтінді дұрыс оқып көрелік:

жазылуы:

Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге деймін-ау.

Бүгінгі дос – ертең жау,

Мен не қылдым, япырмау?!

Жан қысылса, жайтаңдап,

Жанды еріткен жайдары-ау.

Жан жай тапса, сен неге

Жат мінезсің, жабырқау.

айтылуы:

Ішімөлген / сыртымсау /

Көрүңгеңге / деймінау //

Бүгүңгүдос / ертеңжау // Меннеғылдым / йапырмау //

Жаңғысылса / жайтаңдап /

Жандеріткен / жайдарау //

Жанжайтапса сеннеге //

Жатмінессің / жабырқау //

(Абай)

Бірінші сөз н дыбысына аяқталып, келесі сөз қ, к, ғ, г дыбыстарынан басталып тұрған сәттің кез келгенінде мұндай өзгеріс бола бермейді, яғни олар бір топқа енбей, екі бөлек топта тұрса, бір-біріне әсер етпейді. Мысалы, “Қарақыпшақ Қобыланды” пьесасынан Қобыландының мына бір сөзінің дұрыс айтылуын көрелік:

жазылуы:

Ұлын құл ғып, қызын күң,

Қақсатып болған қызылбас.

айтылуы:

Ұлын / құлғып / қызын / күң/

Қақсатыпполған / қызылбас//

Мұнда н - қ, н - к дыбыстары қатар келгенмен, бір-біріне әсер етпейді, өйткені қатар тұрған сөздер екі бөлек ырғақта тұр, сондықтан бұл жерде қ дыбысы ғ-ға, н дыбысы ң-ға айналмайды.

Осы ережеге сай етіп, әрі алдыңғы қағидаларды ескеріп, мына мәтіндерді дұрыс айтып көріңдер. Ол үшін топтарға бөліп алыңдар.

Анталаған жауың көп

Қас қамауда біз қалсақ,

Жан көке, кімге тапсырдың?

Тоғай толған жылқың бар,

Қора толған қойың бар,

Жан көке, кімге тапсырдың?(М. Әуезов)

Жаңа жыл мың тоғыз жүз қырық бесінші,

Құйшы, дос! Қыран көңіл, бір желпінші!

Қан қырғын, қызыл соқта толастар ма?

Жаңа жыл, айт та маған, ал сүйінші! (Қ. Аманжолов)

§ 7. Бір ырғақты топқа енетін сыңарлардың алдыңғысы н дыбысына аяқталса, келесісі б, п дыбыстарынан басталса, н дыбысы м болып айтылады. Бұл заң түбір мен қосымшаның аралығында да болады.

Мысалы, сен бе едің, Құрманбек, Дүйсенбай, Жанпейіс, күнбатыс, күнбағар, жылан бауыр (трактор) деген сөздер сембедің, Құрмамбек, Дүйсембай, Жампейіс, күмбатыс, күмбағар, жыламбауырболып айтылады. Кейбір адам аттары айтылуынша жазылып жүр: Жампейіс, Бейсембай.

§ 8. Бір ырғақтық топтағы компоненттердің алғашқысы с, т, қ, к, п, ш деген қатаң дауыссыз дыбыстарға аяқталса, келесісі б дыбысынан басталса, б дыбысы қатаң п-ға жуықтау болып айтылады: тас бұлақ (айтылуы: таспұлақ), Сәтбай (Сәтпай), ақ берен (ақперен), айтып берді (айтыпперді), кеш бойы (кешпойұ).

Осы ережені және алдыңғыларын ескеріп, мына халық өлеңдерін дұрыс айтып көріңдер. Ырғақтық топтарға бөліңдер және дыбыстары өзгеріп айтылған сөздерді көрсетіңдер.

Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген,

Қыз қайда құдашадай көзі күлген?

Алыстан ат арытып келгеніңде,

Шақыртпай еш адамға өзі келген.

Баянауыл басында балалы құр,

Бір сөз айтам, қалқатай, мойныңды бұр.

Аулыңның тұсынан аттанғанда,

Ақ боз үйге сүйеніп қара да тұр.

§ 9. Орыс тілінен енген сөздердің соңында келетін ұяң б, в, г, д дыбыстары айтылуда қатаң п, ф, к, т болып естіледі. Фамилия соңындағы -ов, -ев жұрнақтары да оф, еф, ыф, іф болып айтылады.

Мысалы: клуп (клуб), педагок (педагог), устаф (устав), Иваноф (Иванов), Жұмашыф (Жұмашев). Бұл сөздердің дыбыстары қатаң естілетін болғандықтан, қатаң дауыссыздан басталатын қосымшалар жалғанады. Мысалы: наградтау (айтылуы: награттау), клубқа (клупқа), Ивановтар (Иванофтар). Араб, парсы тілдерінен енген жад, араб тәрізді бірен-саран сөздер де жат, арап болып айтылады, бұларға да қатаң дыбыстан басталатын қосымшалар жалғанады: жадқа айтты (жазылуы да, айтылуы да: жатқа), арабтар (айтылуда: араптар).

Рәбиға Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Астана: Елорда, 2000, - 532 б. ISBN: 9965-06-023-1 

comments powered by HyperComments

Қосымша материалдар