Әліпби мен емлені тең ұстау

Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген сұраныс артып, керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамып келеді. Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай мінсіз болып келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отырғаны баршаға аян. Сондықтан осы мәселеге байланысты өткізілген шараларда түрлі кәсіп мамандары латын негізді қазақ тілі әліпбиіне алынатын әріптердің тіліміздегі дыбысқа сай келуін және қосымша белгілер алғанда ерекше мұқият болу туралы ұсыныстар көп айтылды. Олар қазақ әліпбиінің «бір әріп-бір дыбыс» ұстанымға сай жасалуын жақтап отырды. Жұртшылықтың қатысуымен өткізілген талқылаулар нәтижесінде әліпби нұсқалары да жетілдіріле түсті. Мүмкіндігінше, «бір әріп - бір дыбыс» деген ұстанымда тұрсақ, оқу-жазуға жеңіл болатыны, цифрлық технология деп компьютер пернетақтасының жағдайын алға ұстап, тілдің оқу-жазу мәселелерін одан кейін қоюға болмайтыны туралы әр түрлі басқосуларда мамандар тарапынан айтылды. Әліпбиге диграфтарды алмауға қалай қарсы болсақ, дәйекшіні қолдану да өткен кезең үшін жетістік болғанмен, қазіргі графикалық лингвистика жетістіктері «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымын жақтайтынын ғалымдар қайта-қайта айтып келеді. Бүгінгі таңда әліпбиде әр дыбыстың өз таңбасы болмаса, олар жаһандану екпініне қарсы тұра алмай қалады. Жазу тарихына зер салсақ, әліпбилерде алғашқы кезде ағылшын жазуындағыдай қосарланған таңбалар қолданылса, одан кейін жазу жетілген кезеңде әліпби қабылдаған елдер диграфтан бас тартып, диакритика қолданғаны байқалады. Себебі екі әріппен бір дыбысты таңбалау оқу- жазуға салмақ түсірді, ал оған қарағанда түрлі қосымша белгілермен (диакритикамен) өзгертіп алынған әріптер тиімді болды екен. Ал кейбір жерлерде әліпбиде апостроф пайдаланылды. Бірақ бұның әріптен тыс белгі ретінде ұмыт қалатын кездері көп еді. Одан кейін «бір әріп -бір дыбыс» графикасын ұстанған нағыз жетілген әліпбилер дүниеге келді. Бұл жетістікке ие болғандар қатарында орыстың қазіргі кирилл әліпбиін айтуға болды. Кирилл таңбалары арқылы алынған біздің де төл дыбыстардың таңбаларындағы қосымша белгілері сол әріптермен жалғасып жатқандықтан олар бір бүтін ретінде танылды. Мысалы, «ө» дыбысына алынған «о» таңбасының ортасы сызылып, бүтін бір әріп болып қабылданып тұрады. Бүгінгі күні компьютерде жоқ таңбаны алмаймыз деп, төл дыбыстарымызды таңбалауды қиындатып жіберуіміз мүмкін. Бас-басына таңбасы болмағандықтан күнделікті жазылымда адамдар апострофты немесе әріпүсті белгіні бірде жазып, бірде қалдырып жазуға жол беруі мүмкін. Осылай болса, әрі тартсақ, компьютер пернетақтасына сыймаймыз, бері тартсақ, «бір әріп - бір дыбысқа» келмей қалады. Қалай болғанда да, әріпүсті белгіні алудан басқа шара жоқ, сондықтан ендігі жұмыс, шама келгенше, әріпүсті белгіні жүйелі түрде қолдануға және азайтуға көңіл бөлінуі керек.

Елбасының 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 Жарлығымен өзгеріс енгізілген әліпбидің соңғы нұсқасы бұрынғыға қарағанда жетілдіріле түскені көрініп тұр. Әліпбидің бұл нұсқасының ерекшелігі-апостроф орнына әріпүсті ноқат алынуы. Әріпүсті ноқат жазуға, қабылданымға оңтайлы екені байқалады. Бұл әліпбиіміздің жетістігі деп білеміз. Әліпбиде 34 дыбысқа 32 әріп алынған. Оның ішінде кірме сөздердегі 6 фонема (и, в, ф, һ, х, ч), және бір әріппен екі дыбысты таңбалап тұрған Hh-[х], [h] және Ii-[и], [й] екі әріп бар, сонда барлығы 34 дыбыс таңбаланған. Сонымен қатар әліпбидегі 6 дыбыс әріпүсті ноқат арқылы (ә, ө, ү, ғ, ң, у) және екі дыбыс қос әріппен, сh-[ч]; sh-[ш], таңбаланған. Қазақ тілінде «ш» белсенді дыбыс ретінде жазуда көп қолданылатындықтан, оның екі әріппен берілуі жазуымызды қиындата түсуі мүмкін деп ойлаймыз. Кезінде профессор Қ.Жұбанов өзі ұсынған әліпбиінде «ш» дыбысын таңбалау үшін латынның «С» әрпін қосымша белгімен ( Ҫ ) қолданған еді. Әліпбидің бұрынғы нұсқасында I i -[и], [й] апострофпен берілсе, әліпбидің соңғы нұсқасында ешқандай белгісіз таңбаланған екен. Сонда әліпбиде 10-11 қатарда тұрған «і» және «и, й» әріптері ұқсас таңбаланған деуге болады. Бұл жағдай адамды шатастырып, оқу-жазуда қиындық келтіреді.

Жалпы алғанда, әліпбидің соңғы нұсқасы талапқа сай, көңілге қонымды жасалғанмен әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Сондықтан бұл әліпбиді жетілдіре түсу үшін төмендегідей ұсыныс айтқым келеді. Әліпбидегі әріптер дыбыстардың өзіндік фонетикалық ерекшеліктеріне сай жүйелі таңбалануы тиіс. Әліпбиде өздерінің жуан-жіңішкелігімен бір-біріне қарама-қарсы қойылатын дауысты дыбыстар «А» мен «Ә», «О» мен «Ө», «Ұ» мен «Ү» тек әріпүсті белгілермен ажыратылып, бірдей әріптермен берілуі өте дұрыс жасалған деп есептейміз. Бірақ жуан-жіңішкелі «Ы» мен «І» дауыстыларының I i -[і], Y y- [ы] болып екі түрлі таңбамен берілуі осы жүйеге сай келмей тұр. Сондықтан бұл екі туыс дауысты да Y y- [ы], Y`y`-[і] болып, бірдей әріппен таңбаланып, басқа дауыстылар сияқты жүйемен, тек әріпүсті белгілермен ажыратылуы тиіс. Егер осылай алсақ, қазақ тіліндегі барлық тоғыз дауысты да жүйелі таңбаланар еді: A а - [а], A`а`- [ә]; O o - [о], O`o` - [ө]; U u- [ұ], U`u`-[ү]; Y y- [ы], Y`y`-[і], Ее-[е]; Сонымен қатар дауыссыз дыбыстар жүйесінде бір-біріне жақын дыбыстар да бірдей әріптермен таңбаланып, тек әріпүсті белгілермен ажыратылуы тиіс. Бұл талапқа сай N n - [н], N`n`- [ ң] және G g-[г], G` g` -[ғ] әріптері де дұрыс алынған деп есептейміз. Ал дауыссыз «й», «у», «ш», «ғ», «х», «ч», «Һ» дыбыстарын таңбалауға төмендегі графемаларды қолдануды ұсынамын: I i - [й]; W w- [у]; C c- [ш], C`c`- [ч]; H h- [h]; X x - [x ]; Латын әліпбиіндегі барлық әріптердің қызметі барлық елде бірдей емес, әр ел әріптерді өз тілдерінің дыбыс жүйесіне қарай бейімдеп таңбалаған. Сондықтан латынның «с» әрпін қазақ сөзіндегі «ш» дыбысы үшін алу керек, оны «це» немесе «к» деп оқып кетеді деп қорқуға негіз жоқ.

Осы ретпен өзгеріске түсірілсе, әліпбидегі дыбыстардың таңбалары да қолдануға жүйелі болар еді. Бұл жерде әріпүсті белгі тек бір-біріне жақын дауыссыздарды ажыратуға қызмет етеді. Сонымен қатар C`c`- [ч] кірме дыбыс мақсатты түрде әдейі әріпүсті белгімен алынды, себебі бұл кірме дыбыс өз тіліміздегі дауыссыздарға қарағанда белсенді қолданылмайтыны ескерілді. C`c`- [ч] қолданысында әріпүсті белгі қойылмай қалған жағдайда да, «чемодан-шемодан-шабадан», «чемпион-шемпион», «чайник-шайнек» болып оқылып, қазақы айтылымға ыңғайлана түседі. Жоғарыда айтылған ұсыныстарым бойынша әліпбиге төмендегідей өзгеріс енгізу керек:

Жазылуы

дыбысталуы

1

Ii

[й]

2

Y` y`

[і]

3

Сс

[ш]

4

С`с`

[ч]

5

Ww

[у]

6

Hh

[h]

7

Хх

[х]

Қазіргі кезде әліпби құрамына енетін дыбыстар мен олардың таңбасы туралы мәселелер біраз талқыланғанын білеміз. Енді әліпбиге тағы да өзгеріс енгізбестен бұрын жазу емлесінде қандай ұстанымдар бар екенін байқау керек. Себебі емле жасаушылар әліпбидегі кейбір дыбыстарды әлі де қысқартуды ұсынуы да мүмкін ғой. Мысалы, тіліміздегі одағай сөздерде және араб тілінен енген сөздерде ғана кездесетін «h» дыбысын әліпбиден шығарып тастап, оны «қ» немесе «х» дыбысымен жазуды ұсынатындар да бар. Ал кейбір ғалымдарымыз тілімізде аз қолданылса да, бар дыбысты жоғалтпау керектігін айтады. Бұрынғы әліпбиімізде қазақ тілінің қазіргі артикуляциялық базасында жоқ дыбыстардың көп болуы тіліміздің өзіндік фонологиялық заңдылықтарын бұзып келгені баршаға аян. Мысалы, жаңа әліпбиіміздегі бір таңбаға матап қойылған Hh - [х] мен [h] дыбыстары өзіміздің төл «қ» дыбысымызбен қапталдаса жарысып, қазақ жазуында «қ» арқылы айтылатын кейбір сөздер орыстың «х» және арабтың «Һ» дыбыстарымен жазылып келді. Мысалы, қабар-хабар, қош келдің-хош келдің, қат жазу -хат жазу. Сол сияқты араб тілінен келіп, қазақша игерілген сөздерде Хадиша-Қадиша; Хакім- Кәкім, әкім, Хамит-Қамит-Әмит, Хорлан-Қорлан болып «х» мен «қ» жарыса қолданылса, қаһарман- қақарман, мәшһр- мәшқұр, шаһар - шақар, жиһаз-жиқаз-жихаз болып «Һ-қ-х» дыбыстарын жарыстыра айтып келеміз. Қазіргі кезде кейбір ғалымдар қазақ тіліндегі «х» дыбысының фонемалық қызметі артып, «қ» дыбысынан арасы алшақтап, оның өз алдына сөз түзу қабілеті күшейе түсті деп көрсетеді. Оған «х» дыбысының арқасында «хат жаздым- қат болып тұр», «халық ақыны- сағаты қалық», «хал-жағдай – қалы бар екен» деген сияқты сөздердің мағыналарын ажыратуға мүмкіндік болғанын алға тартады. Ал «Һ» көмей дыбысы қазақ тілінде тек «аһ, оһ, аһыла-үһіле» сияқты одағай сөздерде ғана кездеседі.

Жаңа әліпбидегі дыбыстарға қандай таңба алуды қарастырып қана қоймай, осы әріптермен болашақта қалай жазуымыз керектігі туралы емле жасаушылар тарапынан да көбірек сөз қозғалуы тиіс. Содан кейін барып емле жасаушылардың шешімдеріне сай қылып әліпбиге соңғы өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. Әліпби ауыстыру нәтижесінде сөздерімізді тіліміздің үндесім ерекшеліктеріне сай жазатын боламыз деп жатырмыз. Ол өзгерістер қалай болатынын да білуіміз керек. Егер емле мазмұны бұрынғысынша өзгеріссіз қалса, онда әліпби алмастырудың пайдасы сезілмей қалады. Себебі бұл адамның қызыл шапанын тастап, көк шапан кигенімен бірдей, сырты емес, мазмұны өзгеруі тиіс. Яғни, әліпбиден қалмай, емлемізде де көп өзгеріс жасауымыз қажет.

Қазақ жазуындағы ұу/үу, ый/ій қосар әріптерді бір ғана «у» мен «и» таңбалары арқылы беруді кезінде профессор Қ.Жұбанов ұсынған болатын. Оның бұл ұсынысын кейінгі ғалымдар қолдап, жүзеге асырғанын білеміз. Бұлай таңбалау жазуда әріп үнемділігіне де пайдалы болғандығы айтылып келді. Бірақ осылай таңбалану сыры дұрыс түсіндірілмей, бұл жағдай дыбыс пен әріпті шатастырып айтуға жол бергеніне де куәмыз. Алдағы уақытта тіліміздің үндесімін сақтаймыз деп фонетикалық ұстаныммен жазуға бет бұрсақ, тағы қандай қиындықтар болуы мүмкіндігін алдын ала зерделеу қажет. Бұрынғы әліпбиіміздегі «и», «у» айту мен жазуымызда түрлі қиындық келтіргені белгілі жай. Енді бұл әріптер жаңа әліпбиге тағы да еніп тұр, олардың емлесі қалай болар екен. Қазақ жазуында «и» мен «у» - орыс тіліндегі сөздер құрамында келетін дауысты дыбыс, қазақ тіліне кірме дыбыстар деп есептеледі. Бұл дыбыстар орыс тілінен енген «университет», «институт» сияқты сөздер құрамында ғана дауысты болады, ал қазақтың «су, бу, тиын, киін» деген сөздерінде қосар дыбысты таңбалайтын әріп қана, ол дауысты бола алмайды. Қазақ тілінің төл сөздерінің құрамында дауысты «и», «у» дыбысы жоқ. Егер осы «университет» сөзін- «үнүйверсійтөт», «институт» сөзін «іністійтөт» деп жазсақ, ал жоғарыда айтқан өз тіліміздегі сөздерді айтылымы бойынша «су-сұу, бу-бұу, тиын-тыйын, киін-кійін» деп жазсақ, онда «и» мен «у» керек болмай қалады. Ал осылай айту мен жазуды жақындата түсер болсақ, өзгертетіндеріміз де көбейе түседі. Бұның да өз қиындықтары туындайды. Егер орыс тілінен енген сөздерді фонетикалық ұстаныммен, қазақ тіліндегі сөздерді морфологиялық ұстаныммен жазсақ қалай болады деген ойлар да бар. Қазақы айтамын деп сөздерімізді өзіміз танымастай өзгертіп жатқандармен де келісе беруге болмайды. Кейбір ғалымдар үндестік заңын алға тартып сөзді өзгертіп айтуға қарсылық білдіріп, бүгінгі ұрпақ аралас буынды сөздерді де айтуға бейімделген деген уәж айтады. Сондықтан бүгінгі жастар, мысалы, «бидай» деген сияқты аралас буынды сөздерді осы күйінде, жазылуы бойынша, айтатынын, сондықтан үндестік заңы деп тілдің даму жағдайын кері кетірмеуді ескертеді. Ал қазақы ортада өскен жастар бұл сөзді «бійдәй» деп үндесімге сай айтатынын да ескеру керек сияқты.

Енді бір айтатын мәселе, бір сөзімізді орфоэпия-орфография деп бөліп қарау орыс тілінің әсерінен келген деген көзқарас бар. Қалай десе де, айту мен жазу бірдей болмасы анық. Әсіресе, дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ілгерінді – кейінді ықпал етіп, ассимиляция талаптарына сай айтылымын жоққа шығара алмаймыз. Ал көпшілік жағдайда бұл талаптардың толық орындалмайтынын байқаймыз. Мысалы, «аман келді» деген сөзді «амаңгелді» деп тоғыспалы ықпалмен айту орнына, «аман келді», «аман гелді», «амаң келді» деп әр түрлі айту кездеседі. Сондықтан айту мен жазу заңдылықтары емледе нақты айқындалуы керек. Біз өзге тілдің сөздерін дұрыс айтуға күш салып қана қоймай, ең алдымен өз сөзіміздің табиғи қалпын, үндесім заңдылығын, сақтауға тиіспіз. Қазіргі кезде біздің жазуымызда екі түрлі әліпби, екі түрлі орфография, яғни қазақша жазу барысында ана тіліміздегі сөздерді жазу және өзге тілден енген сөздерді жазу емлесі екі түрлі қолданылады. Енді жаңа әліпби қабылдаған соң жазу емлеміз қандай ұстанымда болуы керек?.. Сондықтан қазіргі міндет әліпби мен емле қатар алынып, осы екеуін байланыста қарастыру керек деп ойлаймыз. Себебі жазу емлеміз әліпби құрамындағы барлық дыбыстарды құптап отыр ма, әлде әлі де басы артық дыбыстар бар шығар. Мұны жазу емлесі барысында анықтай түсуге болады. Әрине, енді әліпби құрамын осы күйінде ұстап тұрған дұрыс сияқты.

Қазіргі жазу емлесіндегі кейбір қиындықтар латын жазуына көшу кезінде жетілдірілетіні айтылып келеді. Жазу емлесіне қатысты сөз болғанда, қазақ тіліндегі қысаң «ы», «і» дауыстыларының жазылуына байланысты шешімін күткен мәселе бар екендігін байқаймыз. Қазіргі жазуымызда қысаң «ы», «і» дауыстыларының ешбір естілмейтін тұстарда да үстемелеп жазылып, сөздің айтылымын қиындататын тұстары көп екендігі айтылады. Қазақ жазуы тарихына зер салсақ, «ы», «і» әріптерін қысқартып жазу мәселесіне көбірек назар аударылғанын байқаймыз. Кезінде А.Байтұрсынұлы: «ы»- «жаны, малы, тары» деген сөздерде «н, л, р» - дың соңынан естілетін дыбыс белгісі. Сөздің басында, ортасында қысқа һәм көмескі естіліп, бар жоғы еленбейтін орындарда жазбаймыз. Мысалы, «қын, қыр, жылым, қырын» деген сөздердің ішіндегі «ы»-ның барлығы сезіледі, хатта сезілмейді деп айтуға болады. Бұл сөздерді «ы»-ны жазғанда да, жазбағанда да осылай оқимыз. Жазбағанда оқуымызға кемшілігі болмаса, оны жазуға да қажет жоқ. «Қаны, жаны, малы» деген сөздерде «ы»-ны жазбай, солай оқи алмаймыз, сөздің аяғында «ы»-ны жазу қажет»,-деп, «ы» әрпі бас буында, барша бітеу буында жазылмайды, ал ашық буында қалмай жазылады деген ұстанымда болды. Ал Қ.Жұбанов та өз кезегінде А.Байтұрсынұлының көзқарастарын одан әрі дамыта жалғап, оны ғылыми тұрғыда жүйелей түседі. Ол қазақ жазуы мен әліпбиіне өзгеріс енгізу туралы жазған жобасында жазу барысында нағыз қажеттігі болмаған жағдайда қысаң «ы» дауысты дыбысын таңбаламау арқылы оның қолданысын шектеу керектігі туралы ережелер ұсынады: а) кейінгі буында дауысты «а, о, е, і» дыбыстары келсе, сөз басындағы ашық буында «ы» дауысты дыбысын таңбаламау (бұрынғы жылан, жылау, білек, піризма, т.б. сөздерді жлан, жлау, блек, призма деп жазу); Ал кейінгі буында да «ы» дауысты дыбысы келетін болса, алғашқы буындағы «ы» дыбысын түсірмеу: жырт, былт, қырқ, сырқ, зырқ, зығр; б) барлық тұйық және бітеу буындарда: балқ, серт, бөрк, қрман, брде, жұмс; в) жазуда «ы» әрпінің жоқтығы барлық ашық буындарда басқа мағынада оқылмаса: асра (асыра) , aзрақ (азырақ), жағна (жағына), бақла (бақыла), батрақ (батырақ), алнады(алынады); г) сөз мағынасына әсер етпесе, сөз басындағы «р, у, і, ы» алдында жазылмауы: рурод, ұру – бить (рұу емес), рет(ірет емес), ал ірет-мал терісін сыпырту (рет емес); Қ.Жұбановтың «ы, і» дыбыстарына қатысты айтылған осындай ұстанымдарының кейбірі қазіргі қазақ жазуында ескерілген. Мысалы, сөз басындағы «р» дыбысынан кейін «ы, і» дауыстыларынан басқа дауыстылар келсе, сөз басындағы «ы, і» әріптері жазылмайды (рақмет, рұқсат, рас, ру, рет, рең), ал «р» дыбысынан кейін «ы, і» қысаң дауыстылары келсе, олар сөз басында да жазылады (ырыс, ырық, ырым, ырыл, ірі, іріткі, ірілік). Сонымен бірге тек ілу, іліну, ілесу, ілім сияқты сөздерден басқа «л»-дан келетін сөздерде сөз басында «ы, і» таңбаланбауы да Қ.Жұбанов ұстанымдарынан бастау алады. Сөздің мағынасына әсер етпейтін тұстарда «ы», «і» дыбыстарын таңбаламауды кезінде академик І.Кеңесбаев та айтқан болатын. Бұл ойды ғалым Қ.Аманжолов та қолдаған болса, ғалым М.Балақаев «ы», «і» дыбыстары естілген жердің бәрінде жазылуы тиіс деген көзқараста болған екен.

Қазіргі таңда қысаң дауыстылардың ешбір естілмейтін тұстарда да үстемелеп жазылып, сөздің айтылымын қиындататын тұстарының емлесіне ерекше назар аударып жүрген ғалымдардың бірі С.Бизақов «сөз құрамында басы артық дыбысты үстемелеп жазу тіліміздің орфографиялық нормасы үшін де, орфоэпия заңдылығының қалыптасуы үшін де қолайлы емес, өйткені басы артық әріппен тілдің табиғи әуезділігінің берекесін кетіруіміз мүмкін», сондықтан «сөз тұлғасын үстеме дыбыстардан аршып, өзінің табиғи дұрыс дыбысталуын сақтау – тіліміздің бүгіні мен ертеңіне жанашырлық білдіргендік» деп, қазіргі емле ережелері тілдің табиғи айтылымына сай емес екендігін айтады. Ғалым табиғи дұрыс айтылуы «аул» болғанымен, «ауыл» деп буын санын өсіріп жазғанға көз үйреніп, дағдыға айналып, қалыптасып кеткенін, «аулы-ауылы», «даусы-дауысы», «қарны-қарыны», «ойны-ойыны» деген секілді біраз сөздің екі нұсқасы да әдеби тілдің нормасына жатқызылуы сауаттылықты кері кетіретінін, дұрыс еместігін айтады. Егер қазір осы қысаң дауыстыларды барынша қысқартып жазуға көшсек, онда тіліміздегі дыбыстар тіркесі заңдылықтары мен сөзіміздің өзіндік үндесіміне сай келе ме? Қазіргі жаһандану заманында бірнеше тілде сөйлеп жүрген жастарымыз қазақ сөзінің үйлесімін бұзып сөйлеп кетпесіне кім кепіл болады. Сөздің айтылымын ескермей, жазылымы бойынша айтуға, көзіне көрсетіп қойған дыбысты дұрыс айтпай, тілді бұзып сөйлеуге бейімделіп бара жатқан жаһандану кезеңінде қысаң дыбыстарды жазу экономиясына салып жіберсек қалай болар екен!?. Қазақ тілін жақсы меңгерген ортада қысаң дыбыстар айтылуы мүмкін де, ал қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде өзге ұлттар да оқитынын ескерсек, олардың сөзімізді ұлттық үйлесіміне сай айтуына қиындық туғызбас па екен деген ой бар. Жазу емлесінде бұдан да басқа шешімін күткен мәселелер бар екендігін білеміз. Мысалы, «ә» әрпінің жазылу емлесінде «бәйшешек-байшешек», «әбіржу-абыржу», «әжім-ажым» варианттарының әдеби қалпына байланысты пікір таласып жатады. Жазу емлемізді дұрыстау барысында сөзіміздің әуезділігін, тіліміздің әсем ырғақпен айтылуын қамтамасыз етудің бір жолы ретінде ерін үндестігіне де назар аудару керек деген мәселеге ғалымдар әр түрлі пікір айтып отыр. Демек, қазақ жазуын жаңғырту үшін әліпби мен емлені тең ұстау керек, себебі әліпбиді өзгертіп, ал емле баяғы қалпында қалса-ештеңе өзгермейді. Қорыта айтқанда, қазіргі кезде, әліпби құрамындағы дыбыстар мен жазу емлесіне қатысты мәселелерді өзара байланыста қарастырып, екі тізгінді тең ұстап, тіліміздің пайдасына ортақ ұтымды шешім қабылдайтын сәт келді.

comments powered by HyperComments

Қосымша материалдар