Жазу және ұлттық код: қазақ тілі емлесі жайында

Көрегенділіктен алдына жан салмайтын қазақ баласы «заманына қарай адамы» деп жатады. Қазақ жазуы да заманына қарай өзгеріп отыратын болды...

Бүгінгі басты мәселе қабылданған латын әліпбиіндегі 32 таңбаға сәйкес жасалатын емле-ережелерге қатысты.

Елбасы Н. Назарбаев «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» - деп жазыпты. Латын әліпбиіне қайта оралуға байланысты емле-ережелерді жазуда да қазақ жазу дәстүрінде, қазақ грамматологиясында қалыптасқан дәстүрге шекемізден қарамауға тиіспіз. Елбасы айтқандай, «Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды». Ал қазіргі қазақ грамматология ғылымында мұндай замана сынынан сүрінбей өткен, қазақ тілі ғылымының корифейлері жасап кеткен озық ғылыми дәстүрлер бар.

Өзі латын әліпбиінің қабылдануына қарсы болғанымен, Байтұрсынұлы Ақыметтің жазу ілімі саласындағы еңбегі қазақтың төл жазуы – төте жазуын жасауымен, оның фонематикалық ерекшелігін толық ашуымен, әрбір әріптің қазақ дыбысының табиғатымен сәйкес келуін ескергенмен бағалы. Қазақ жазу ілімі теориясында әріп саны фонема санымен бірдей болуы жетілген жазу екенін танытады деген тұжырым А. Байтұрсынұлы еңбектері арқылы қалыптасты. Әріптің фонемадан аз болуы түркі тілдеріндегі сингармония заңының сөздің негізгі құрылымы мен мағыналық ерекшелігін аша алу қасиетімен байланысты. Дауыстылардың бірыңғай жуан-жіңішкелігі сөздің барлық буындарында сақталатындықтан, көп таңбадан гөрі, сөздің алдына дәйекші белгісін қою арқылы жазу экономиясына жетуге болатынын табуы – Ақымет Байтұрсынұлының реформаторлығы ретінде танылады. Қазақ тіліндегі жиырма төрт түрлі дыбысты таңбалаудың өзіндік ерекше жолы мен жүйесін ұсынған ғалым “қ” мен “ ғ” дыбыстарының ылғи жуан, “к” мен “г”, “е”-нің ылғи жіңішке айтылатынын ескерте отырып, былай деп жазады: “Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, .. онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын “қ” мен “ ғ”-ны қосқанда дайым жіңішке айтылатын “к” мен “г”, “е”-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек” (Тіл тағылымы, 324 –бет).

“Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні есебінде” деп санаған Ақымет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсіндіріп, жазу емлесін жасайды. “Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде” (328-бет) деп түсіндірген ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақтап, дауыссыздың өзі, шындап келгенде, осы заңға бағынатынын дәлелдейді.

“Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз” деуінде үлкен мән бар (А. Байтұрсынұлы, 332-бет). Демек, ғалым үшін қазақ тілінің айтылымындағы фонема саны мен әріп саны шамалас, дәл келуі керек.

Қазақ жазу ілімінің атасы А. Байтұрсынұлы “Дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды” деген ойын бірнеше жерде жұмырлайды, дыбыстар мен әріптер арасындағы қарым-қатынасты терең барлай келе, “дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті” екенін анықтайды (359-360-беттер). “Тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса”, тәртіпті жазу болатынын қайталай ескертіп отырады (380-бет).

Қазақ жазу үлгісін ағылшын, американ, француз, қытай жазуларымен салыстыра отырып, олардан ерекше екенін дәлел келтіре отырып анықтап, айтылу мен жазылу арасындағы сәйкестігі мол жазулардың қатарына төте жазуды да жатқызады.

Әліпби түзген, тыныс белгілерін нақтылаған, жазу үлгісін көрсетіп, графема мен фонема арасындағы сәйкестікті терең талдаған А. Байтұрсынұлы емле тәртібіне де мән береді. Әлем халықтарының емле жүйесінен мол хабары бар ғалым, қазақ сөзінің ішкі болмысына сай келетін жүйені, дұрыс сауаттандыратын емлені қажет санайды. “Сауаттылық негізі жазу” деген жолды берік ұстана отырып (362-бет), “жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу, оқу – әріптердің дыбыстарын айта тізу” екенін нақтылайды.

Әліпби түзген, тыныс белгілерін нақтылаған, жазу үлгісін көрсетіп, графема мен фонема арасындағы сәйкестікті терең талдаған А. Байтұрсынұлы емле тәртібіне де мән береді. Әлем халықтарының емле жүйесінен мол хабары бар ғалым, қазақ сөзінің ішкі болмысына сай келетін жүйені, дұрыс сауаттандыратын емлені қажет санайды. “Сауаттылық негізі жазу” деген жолды берік ұстанады.

Ғалым емленің төрт негізін атап көрсетеді:

  • таңба жүйелі (негізі - ынтымақ);
  • тарих жүйелі (негізі - дағды);
  • туыс жүйелі (негізі - тегіне қарай);
  • дыбыс жүйелі (негізі - естілуіне қарай).

Оларға жеке-жеке талдау жасай отырып, әрбірінің ерекшелігін талдап, оң тұсы мен қазақ сөзіне сәйкес келмейтін жағын ғылыми тұрғыдан саралап зерделеді. Ең бастысы, қазақ сөзінің дұрыс жазылуына ерекше мән береді, ауызша айтылғанның бәрін сол қалпында жаза салуға да болмайтынын атап көрсетеді.

Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А. Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды. Өйткені қазақ сөзінің өзіне тән айтылым, жазылым ерекшеліктері мен сипаты осы еңбекте жан-жақты анықталып, грамматология ғылымы талап ететін заңдылықтарға басты көңіл бөлініп, негізгі ғылыми жауабы берілді. Мұны қазір барлық ғалымдар мойындайды. Жазу туралы ғылым өзінің дербес пәнін нақтылау үшін, тілдің табиғи қалпын таңбалайтын, ғылыми сипатын іздеуі керек десек, А. Байтұрсынұлының қазақ жазуы туралы жазған ғылыми пікірлері осы талаптарға толықтай жауап береді. Төте жазудың сөздің дыбыстық табиғатына жақын келіп, оқуға және жазуға оңай болуы үшін Ақымет түсіндіруіне қарап отырып, осы жазудың қазақ сөзінің болмысын таңбалау үшін барын салғанын аңғару қиын емес.

Ғалымның идеяларын басты тұғыр етсек, ұлттық тіліміздің дұрыс таңбалануына, әріптердің тура таңдалуына берік негіз табарымыз даусыз. Қабылданатын жоба «қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал жігін, сөйлеу ырғағын бұзбауы» тиіс.

Қазақ жазу ілімі Құдайберген Жұбанов еңбектері арқылы дамытылды. “Әліппеміз бұқарашыл болсын”, “Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайлы”, “Қосар ма, дара ма?” атты мақалалары арқылы ғалым сол кезеңнің негізгі ғылыми-тәжірибелік мәселелерін шешкен, төте жазудан кейін кеңестік қиянаты мол тіл саясатының негізінде енгізілген латын таңбасындағы жазудың емлелерін орнықтыруға күш салған. “Бізге туыс негізді (морфология) емле керек пе, дыбыс негізді емле керек пе? деген әлеуметтік, лингвистикалық мәні үлкен сұраққа Қ. Жұбанов “тіліміздің жаратылысы” арқылы жауап іздейді де, оның дыбыс негізді болуын қолдайды.

“Тілдің ілгері басып өсуі үшін, оның емлесі мен термин мәселесі дұрыс шешілмей болмайды” – деген ойды негізгі бағдар етіп ұстанған ғалым, емле мәселесіне ерекше мән беріп, оны байтақ елдің мәдениетке жетуінің басты шарты ретінде таниды (1999, 335-бет). Кірме сөздерді ауызекі тілде қалай айтылса, солай жазу үрдісі сөздердің жазудағы бірнеше варианттары шығуына әкелгенін сынай келе, кірме сөздердің әуелгі сипатын сақтау керектігін ұсынады. Дыбыстық негізді толық қолдағанымен, оның барлық уақытта дұрыс келе бермейтінін нақты деректермен келтіреді: “Жазуды сыңар езу ультра-фонетик жолымен жазатын болған соң, естілуі әр жолы әр түрлі, кейде болып, кейде түсіп қалып отыратын көмескі дауыстылардың емлесі мүлде шатасып, былығып кетті” – деуінде үлкен мән бар. “Әркімнің өзінше айтатын сөздері болады, әр жерде әр түрлі айтылатын сөздер де толып” жатқандықтан, оларды бір ізге салудың жөнін көрсетеді.

Қ. Жұбановтың ұу, үу, ый, ій дыбыстарының емлесіне қатысты айтқан пікірлері де өзінің өзектілігін жоғалтпаған. «Қосар» дыбыстарды қайта қолданып жазу қазіргі күнде тағы да көтеріліп, маңызды мәселеге айналып отыр. А. Байтұрсынұлы «у» мен «и» дыбыстарын жарты дауысты дыбыс ретінде таныған да, «азу», «қару», «жабу» деген мысалдарды (383-бет) бергенде бір әріппен таңбалайды. Ал Қ. Жұбанов «Қосар ма, дара ма» атты атақты мақаласын осы дыбыстардың емлесіне арнап, 8 беттік зерттеуде ұу, үу, ый, ій –дің қос дыбыс емес, бір дыбыс екенін дәлелдеп береді. «Біз емлені ермекке түземейміз, оңайлансын деп түзейміз. Олай болса, мына қосарлы жазудан құтылуымыз, оның орнына дара әріп алуымыз керек» - деп жазады (349 бет). Сөйтіп Қ. Жұбановұу, үу-дің орнына –у; ый, ійдің орнына и әрпін жазуды дәлелдейді. Осылайша дәлелденіп, жазылып келген әріпті қайта дау-дамайға айналдырудың қажеті жоқ деп есептейміз. Оның үстіне, С. Аманжолов ұсынғандай, сый, сыйлық, тый, тыйым, мый – сынды сөздердің жазылуы сақталатыны да белгілі.

Әлеуметтік желіде жарияланған профессор Ә. Жүнісбек мырзаныңұу, үу, ый, ій қосар дыбыстарына қатысты пікіріне қатысты жауапты Қ. Жұбанов еңбектерінен табамыз. Дегенмен, қазақ сөзінің сингармониялық негізділігін еске ала отырып, бұл тұрғыда мынадай ұсыныс айтқымыз келеді:

1) ұу, үу, ый, ій қосар дыбыстарын жазу сөздің таңбалық сипатын себепсіз арттырады; мұнда сөздің мағыналық құрылымында еш өзгеріс болмайды;

2) жазу экономиясына жету – әліпбидің басты құндылығы екенін ескерсек, ұу, үу, ый, ій қосар дыбыстарын компьютермен теру, жазу барысында артық күш, уақыт жұмсалады;

3) бүгінгі у, и-мен жазу дағдысына қалыптасқан әлеуметтің (социумның) латынға көшуі барысында қиындық болады.

4) Профессор Ә. Жүнісбек мырзаның ұсынысы бастауыш сыныптарда оқыту жүйесінде міндетті түрде ескерілуі тиіс. Бұл үшін бастауыш сынып оқулықтарында транскрипциямен сөздердің жазылуы мен айтылуы қатар оқытылғаны жөн.

5) Қазіргі таңда қазақ тілінде орфографиялық сөздік пен орфоэпиялық сөздік бөлек шығады; кейде әртүрлі авторлар шығады. Біздің ойымызша бұл сөздікті біріктіріп, сөздің дұрыс айтылуы мен жазылуын бірге беріп, транскрипциясын қажетіне қарай беріп отыру жөн. Кез келген ағылшын сөздігінде сөздің жазылуы мен оқылуы қатар берілетін үлгісін (транскрипциясын) қазақ тіліндегі сөздерге қолдана алсақ, біраз мәселенің басы ашылары анық.

Қазақ жазу ілімінің дамуына үлкен үлес қосқан ғалым Сәрсен Аманжоловтың жазу ілімінің негізгі мәселелері саналатын әліпбиге, дұрыс жазу емлесіне, әріп пен дыбыстың, фонеманың арақатысына қатысты жазылған отызға жуық ғылыми мақаласы бар. Бұл зерттеулердің өзектілігі мынада: кеңестік кезеңдегі келеңсіз саясаттың ықпалымен бірнеше рет алмасқан қазақ жазуының әліпбиін түзуі, емлесін ұсынуы, латын әліпбиіндегі, кейіннен орыстық кириллица таңбасына көшудегі қиыншылықтар мен емле ережелерін сәйкестендіру ісінің басында болып, халықтың сауаттылық деңгейінің төмендемей, өсуіне тікелей ықпал жасауында. Заман сұранысына сай енгізілген латын және кирилл жазуларының қазақша нұсқасын құрастырған, бүгінгі күнге дейін қолданылып келе жатқан кирилл таңбаларына негізделген қазақша әліпбидің негізін қалаған, әліпбиін түзіп, соған сәйкес емле ережелерін жасап, графемалардың сипаты мен ерекшелігін, орфографиялық ереже қалыбын жазған ғалымның жазу іліміндегі еңбегі ерекше екені дау туғызбайды.

С. Аманжолов “емле, әліппе мәселесі маңызды мәдени істің бірі. Емле әліппеміз неғұрлым жақсы болса, халықтың сауаттылығы солғұрлым тез артады, баспасөз ісі жеңілдейді. Бұлардың нәтижесінде халқымыздың жалпы мәдениеті ілгері басқан үстіне баса түседі” деп терең мән бере отырып, осы істің дұрыс шешілуіне барынша белсенді ат салысқан (“Тіл мен жазу, 2005, 222-бет).

Қазіргі кей ғалымдарымыздың пікірінше, латын әліпбиінің ауысуы бүкіл қазақ тілінің грамматикалық құрылымына әсер ететіндей. Мұндай пікір айтылып та, жазылып та жүр. Біздіңше, бұл пікір нақтылауды қажет етеді. Бұлай деуіміздің мәнісі, қазақ тілі ғасырлар бойында өзінің негізгі фонематикалық жүйесін жасап, оны үндестік заңы арқылы жүйелеп, лексикалық қорын ұйыстырып, грамматикалық құрылымының ішкі заңдылықтарын қалыптастырған әдеби тіл. Соңғы ғасырда үш-төрт рет жазуын алмастырса да, ішкі мазмұн байлығын дамытпаса, кемітпеген тіл. Әдеби тілдің дамуында жазудың рөлінің маңыздылығын бағалай отырып, әліпбидің ауысуы қазақ тілінің грамматикалық құрылымына еш өзгеріс жасай алмайтынын ерекше ескерткіміз келеді. Әліпбиге қарап, әдеби тілді икемдеуге болмайды, керісінше, әліпби әдеби тілді таңбалауы тиіс. Яғни латын таңбасымен таңбалау барысында тіліміздің фонологиялық ерекшелігі мен грамматикалық құрылымын өзгертудің еш мәні жоқ. Әліпбидің өзгеруі бұған дейін жасалған, дамытылған, жетілген грамматологиялық ілімнің негізінде орныққаны мақұл. Мәселен, профессор С. Аманжолов жаңа орыс алфавит жасау барысында ұсталған негізгі төрт принципті атап көрсетеді:

1. Орыс әліпбиіндегі әріптерді түгел алу: мұндағы мақсат жаңадан енген терімсөздерді жазуда емлелердің санын азайту; щ, ч (Щорс, Чапаев) дыбыстарынан басталатын сөздерді дұрыс жазу т.б.;

2. Қазақ тілінің өзіне тән өзгешеліктері бар дыбыстардың мәнділерін түгел сақтау, олар үшін ерекше таңба алу; “Бұлай етпегенде, сөз жоқ, тілімізді бұзып, өсуіне кедергі жасаған боламыз” – деп мәселенің байыбына терең бойлайды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі жіңішке дауысты дыбыстарға ерекше таңба(ә, ө, і, ү) және ң, ұ, ғ, г, қ – ға ерекше таңба табады.

3. Қазақтың ұлт тілінің ерекшелігі саналған дыбыстар үшін алынатын қосымша таңбалардың орыс таңбасына жақын болуы көзделеді;

4. Туысқан елдердің жасаған әліппесімен жақын болуы көзделеді (Сонда, 255-257-бет).

Саясаттың салқыны анық сезіліп тұрған осы принциптердің қайсысы дұрыс, қайсысын алмауымыз керек деген мәселеге байыппен қарау қажет. Ең алдымен, қазіргі қабылданған әліпбиімізде э, ē, щ,, ц, ю, я, таңбалары алынбаған. Бұл бір.

Екіншіден, Қазақ тілінің өзіне тән өзгешеліктері бар дыбыстардың мәнділерін түгел сақтау, олар үшін ерекше таңба алу – бұл жасалды. Үшіншіден, туысқан елдердің жасаған әліппесімен жақын болуы көзделді.

Ендігі басты мәселе, кірме және шетел сөздеріне қосылатын қосымшалардың сипатын айқындау. Бұл мәселеде қазіргі күнге дейін жарияланып келген тіл білімі институты өзі шығарып келген (тіпті авторлық құрам да, негізінен, бірдей болса да) орфографиялық сөздіктерде бір сөзді әртүрлі беретіндігі, сөйтіп оқушыны шатастыра беретіні баспасөз беттерінде талай айтылып та, жазылып та жүр. Латын әліпбиін енгізуге байланысты жазылатын емледе осы мәселелерді тіл білімі институты дұрыс айқындауы тиіс. Біздіңше, шетел сөздерінің тек түбірі өзгеріссіз алынып, оған қосылатын қосымшалар қазақша нұсқасымен жалғануы орынды. Бүгінгі оқыған қазақ баласына «университет», «студент» сөзін «өнөберсетет» немесе «ыстыұудент» деп айтып, жазуды ұсынар болсақ, біз қазақ тілінде сөйлеушілердің санын бірнеше есеге азайтып алуымыз бек мүмкін.

Шетел сөздеріне жалғанатын қосымшалар үндестік заңына негізделіп жазылуы тиіс. Мәселен: педагогтер емес, педагогтар, педагогі емес, педагогы. Өйткені бұл айтылу заңына негізделіп, ішкі гармонияны сақтайды.

С, Аманжоловтың ұсынған ең үлкен жаңалығы – латынша Ü –дың орнына Ұ таңбасын (Улы Сталин болып жазылып кеткендіктен), (нг–ның орнына) Ң таңбасын, Қ, Ғ таңбаларын қосқаны дер едік. Өкінішке орай бұл таңбалар жаңа жазуда көрініс таба алмады.

Бүгінгі біз қолданып отырған әр әріп – жеке таңба. Ол таңбаның, шындап келгенде, беретін ақпараты мол. Ғылыми әдебиеттерде әр таңбаның сандық мәні, мағынасы бар екені талай рет жазылған (В.М. Истрин, Г.А. Хабургаев, А. Аманжолов, О. Сулейменов т.б.). Біз латын таңбаларын алуда олардың ішкі таңбалық мәні мен сандық болмысына назар аударуымыз керек. Өйткені біз осы таңбалар арқылы өзіміздің ұлттық коды бар атауларымызды таңбалауды бастамақпыз. Ең алдымен, әліпби құрауда профессор Ә. Жүнісбек айтқан Ы, І дыбыстарының орны мен таңбалануында бірізділіктің сақталмауы әлі де болса ойландыруы тиіс. У (уай) ағылшын тілінде И дауыссыз (you, yes, yard, young, yet) дыбысын таңбалайды. Мұны сол қалпында қабылдап, қазақ тіліндегі дауыссыз И-ды белгілеу жөн болар еді. Sh-қосарды түрікшеге жақындатып - Ś мен ал Ch-ны – С мен белгілеу – қазақ әліпбиінің бірыңғайлығын қамтамасыз етер еді. «Тілді оқығандар бұзады» деген Х. Досмұхамбетовтің сөзі осындайда еске түседі. Бәріміз оқығанбыз, білеміз деп жүріп, ана тіліміздің қаймағын бұзып алып жүрмелік.

“Орфографияның негізгі қызметі – жеке сөздің түбірін, негізін, қосымшаларын дұрыс жазу деп табамыз” – дей келіп, С. Аманжолов орфографияның негізгі мынадай принциптерін көрсетеді:

· сөздердің түбір-тұрпаты негізінде морфологиялық принципте (яғни әуелгі түрі сақтала жазылсын), түбір мен жалғау арасы фонетикалық (яғни естілуіне қарай жазылсын) принципте болуы;

  • интернационалдық термин сөздер орыс тіліндегі тұрпатын сақтап жазылуы;

· біріккен сөздерге жалғанатын қосымша соңғы буынның сипатына қарап жалғануы ұсынылды (Бекмұратқа, Мұратбекке т.б.).

Автор одан әрі әрбір дыбыстың қолданысы мен айтылу сипатына, біріккен сөздердің құрамында келген дыбыстардың жазылу және айтылу ерекшелігіне, үндестік заңы мен дауыссыздардың ықпалдасуына ерекше назар аударып, талдап көрсетеді. Аталған принциптерді неге қабылдамасқа, қосарымызды осы принциптерді негізге ала отырып, неге толықтырмасқа? Өзімізше жаңалық ашуға ұмтылғанмен, жазуда қалған ғылыми ақпараттар қазір көзі қарақты кез келген азаматтың қолында бар, сондықтан, барымызды бағалап, жасалған грамматологиялық қағидалар мен қисындарды негізге ала отырып, емле-ережелерді тиянақтау мақұл болмақ. Халықаралық термин сөздерді, әсіресе салалық термин сөздер мен атауларды қалауынша аудара берудің қажетсіз екенін Елбасы Н. Ә. Назарбаев та Ұлытауда берген сұхбатында ескерткен еді.

Енді бір-екі ауыз күрделі сөздер жөнінде. Осы күнге дейінгі қолданылып келген орфографиялық сөздіктерде күрделі сөздер әртүрлі жазылды. Жүйесіздік басым. Мұны кезінде профессор Б. Қалиев жақсы ғылыми талдауларымен мақаласында көрсеткен болатын (сондықтан мысалмен қайталамаймыз). Ал шығарушы Тіл білімі институты ғалымдары. Ендігі шығатын сөздіктерде күрделі сөздердің бірігіп жазылуына және бірізділіктің сақталуына жіті көңіл бөлінгені мақұл. Күрделі сөздердің бірігіп жазылу қажеттілігі бірнеше докторлық диссертацияларда дәлелденгенін ғылыми қауым жақсы біледі.

Қазіргі әріптерде ұғымдық мән болмайды. Біз белгілі сөзді, лебізді қағазға түсіру мақсатында қолданатын әріптер өзінің бастапқы (ежелгі) таңбалық мағынасының жұрнағын да сақтамаған, тек сөздегі дыбыстарды белгілеуге ғана қызмет етеді. Әріп жазу барысында белгілі дыбысты белгілейтін сурет қана. Әріп – адамдардың өздері келісіп таңдап алған, дыбысты бейнелеуші сурет. Демек, қазіргі таңда біз жеке таңбаларға мән беріп, оларға ақпараттық алқа таққалы отырғанымыз жоқ, сөйлеу тіліміздегі дыбыстарды бейнелейтін әріптерді ғана өзгертіп жатырмыз. Латынға көшіп кетсек, өзге тілдерді (соның ішінде ағылшын тілін де) тез үйреніп ала қоямыз деген жалған ойдан аулақ болғанымыз жөн.

comments powered by HyperComments

Қосымша материалдар