Жаңа емле ережелерінің алғашқы жобасына жасалған сараптама нені көрсетті?

Қазақ тілі емле ережесінің жаңа жобасы 2018 жылдың басынан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары тарапынан жасалып, ҚР Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік топ мүшелерімен және «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталық қызметкерлерімен 4-10 шілдеде және кешегі өткен 22-24 тамыз аралығында сарапталып, талқыланды, нәтижесінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Осы шаралар туралы жұртшылықты хабардар ету мақсатында қысқаша ақпарат беруді жөн көреміз.

Алдымен жаңа емле ережелері қалай құрастырылды, қандай ұстаным басты, қайсысы қосалқы болды дегенге тоқтала кетейік. Кез келген жаңа жазу жүйесіне көшерде жазудың төрт категориясы – әліпби, графика, емле, тыныс белгі жүйесі жасалады. Бүгінде біз емле жасау сатысына келіп отырмыз. Қазақ тілінің латын негізді жаңа емле ережелері тілдің өз табиғатынан шығарылды, жазуымыздың тарихынан тағылым ала отырып, осы кезге дейін қалыптасқан жазу дәстүрін сақтауға ұмтылды және қазіргі уақыттағы жазу тәжірибесін ескере отырып жасалды деуге негіз бар. Қазақ тілінің табиғаты деп сөз бойындағы үндесім мен үйлесімді айтамыз. Жазу тарихынан тағылым алу дегенде емледе жіберілген олқылықтарды қайталамауды айтамыз. Қазақ жазуы әртүрлі әліпби мен графиканы қолданса да, жазу дәстүрінен арылмауға тырысқанын үлгі ретініде аламыз. Ал жазу  тәжірибесі деп қазіргі жазуда қандай орфограммалардан қате көп кетіп жүр, қай орфограммаларда қате мүлде жоқ дегенге назар аударылады.

Қазақ тілі емле ережесінің жаңа жобасының ғылыми кеңесшісі академик Рабиға Сыздық, авторы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инситутының фонолог, морфолог, грамматолог ғалымдары.  Жаңа Ережелердің құрылымын былай бөлуге болады: фонематикалық ұстанымға негізделген ережелер (әріптер емлесі), қазақ тілінің үндесім және үйлесім заңына (фонетикалық ұстаным) негізделген ережелер (қосымшалардың, шылау сөздердің емлесі), морфологиялық ұстанымға негізделген ережелер (түбір сөз, бөлек, бірге және қосаралықпен жазылатын сөздер емлесі), таңбаға негізделген ереже (бас әріптің қолданылуы), техникалық ереже (сөздердің тасымалдануы).

Фонематикалық ұстаным дегеніміз не? деген сауалға кезінде профессор Н.Уәли 1993 жылы жазған зерттеу еңбегінде нақты жауап берген еді. Осы зерттеуден кейін орта және жоғары білім ордаларында морфологиялық принцип деп аталын ұстанымды қазіргі грамматологияда фонематикалық принцип деп атау басталған. Бұл термин ауыстыру емес, бұл морфологиялық принцип аясына симайтын орфограммаларды да қамтитын тілдің табиғатына табан тірейтін ұстаным еді. М.В.Ломоносов пен В.А.Богородицкий енгізген емледегі морфологиялық принцип сөздердің түбір тұлғаларының барлық жағдайда бір  формамен жазылуы болатын. Орыс орфографиясында бұл жазба мәтінді оқуға, ондағы түбірлес сөздерді тез тануға көмегі тиетін принцип саналады. Алайда орыс жазуында да морфологиялық принциптен ауытқыған, сөзді естілуінше жазу дәстүрі приставка, етістіктің жіктік жалғаулары, септіктер және кейбір жұрнақтар орфограммасынан көрінді.  “К. Тредиаковский впервые задумался: а надо ли добиваться, чтобы корень всегда писался одинаково? Ведь чередование ж-г помогает различать слова: перебегать-перебежать. Значить, надо это чередование  обозначать на письме. Здесь не отдельные оттенки фонемы чередуются, здесь сами фонемы различны. Потому и пишем: бегу, бежать” [1, с.122] деді.  Сөйтіп, ғалымдар орыс жазуының негізгі ұстанымы қайсы деген сұрау айналасында дағдарды. Бірте-бірте орыс жазуында болсын, орыс графикасына негізделген түркі халықтарының жазуында болсын жалғыз морфологиялық принциппен түсіндіруге келмейтін орфограммалар барлығы білінді. Түбір сақтау, түбірдің графикалық бейнесін сақтау деген барлық уақытта мүмкін болмайтыны белгіленді. Орыс тілінде бұл растение, расти – рос, вырос, загореть – загар, предложить – предлагать, сжечь – сжигать, расти, растить, рос, росла; прилагательные – предложный; светозарный; зари, зорька;  промокнуть – обмакнуть деген сияқты сөздер қатарынан байқалды. Ал қазақ емлесіндегі морфологиялық принципке симайтын орфограммаларды алғаш көрсеткен Н.Уәли қатаң п, қ, к фонемаларына аяқталған сөздерге тәуелдік жалғауы қосылғанда п-б, қ-ғ, к-г-геалмасып жазылуын, қысаң езуліктердің түсірілу уәжін морфологиялық принцип түсіндіре алмады деді. Ғалымның анықтауында фонематикалық принцип “белгілі бір фонеманың дыбыс түрленімдерінің ішінен фонетикалық ортаға неғұрлым тәуелсіз түрін жазу” болып шығады. Фонематикалық принциптің теориялық тірегі фонема-дыбыс типтері, дыбыс кластары, сондай-ақ олардың күшті және әлсіз позициясы” [2] дегенге сайды.

Бұл, МФМ өкілдерініңтеориялық тұжырымына сәйкес: “фонематический принцип письма состоит в том, что каждая фонема выражается той же самой буквой независимо от позиции, в которую она попадает; например, дуба и дуб пишутся одинаково, хотя произносятся и по разному.Фонематическое письмо – это такое, в котором одни и те же буквы алфавита обозначает фонему во всех ее видоизменениях, как бы она ни звучала в том ином фонетическом положении” [1] болып шығады.

Осыған сәйкес, жаңа Ереженің әріптер емлесі фонематикалық ұстанымға негізделді. Бір қарағанда бұл тағы орыс орфографиясының негізгі ережелері құрсауынан шықпағандай көрінеді. Алайда орыс ауызша тілі мен жазба тілінің арасында айырма үлкен болғандықтан орфограммалардың белгілі типтерін түсіндіруі қазақ емлесінен мүлде басқа.

Сонымен, қазақ тілінің жаңа емле ережесі негізінен жазу дәстүрін сақтау үшін қалыптанған нормалардан ауытқымауға, профессор Н.Уәлидің айтуы бойынша, тілтұтынушының санасында қалыптасқан когнитивтік модельдерді бұзбауға негізделді. Ғалым кез келген тілдің жазуында базалық норма тұрақты болуы керек, қай графикаға ауысса да сақталуы тиіс дейді.

Бірақ қазіргі емле жобасында фонематикалық принципке сай емес орфограммалар бар. Ол 1 дыбысқа 1 әріп сәйкеспейтін, дыбыс тіркесін таңбалайтын и, у әріптеріне қатысты. Қазақ жазуының айтылымға сәйкеспейтін тұсын көрсететін осы орфограмма жаңа жазуда  тілші ғалымдар тарапынан тағы сөз болып отыр. Сондай-ақ орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобының қарауындағы даулы проблемалар болып қазіргі ъ, ь, ц, ч, я, ю әріптері бар шеттілдік сөздердің және ұяң дауыссыздан аяқталатын сөздердің емлесі  болды.

и, у таңбасын уı, іı (ый; ій) әріп тіркесімен барлық буында жазуды ұсынған және алғашқы екі буында ғана жазуды сондай-ақ қазіргі жазудағыдай 1 таңбамен беруді ұсынған 3 түрлі көзқарас-пікірді ұстанған ғалымдардың өзіндік негіздері де бар. Бірақ қазіргі емле жобасы мына ережені беріп отыр:  I, у́ әріптері дара дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланады: aı, úı, oıshyl, aý, sáýkele, demeýshi, qaýyn.§7.  I, у́ әріптері өзге тілдерден енген сөздерде дауысты дыбыс ретінде таңба алынады: ınstıtýt, kıno, granıt;  ýnıversıtet, fýtbol, resýrs. §8. Айтылудағы уı, іı (ый; ій) дыбыстар тіркесі сөздердің барлық буынында ı, у́ әріптеріарқылы таңбаланады: ıgilik, ınelik,  ınabat, ıman; kıim, tıin, mıras, sıa; bı, álipbı, mı, tarıhı. Е с к е р т у. Қосарлы уı (ый) әріптері тек sуı, tуı (сый, тый) сөздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да) жазылады: sуılyq, sуıymdylyq, sуıý; tуıym, tуıylý, tуıý.§9. Айтылудағы ıuý (йұу), ıúý (йүу)  дыбыстар тіркесі ıý (йу) түрінде жазылады: baıý, qoıý, oıý, jaıý, taıý, kúıý, túıý, kórkeıý, kóbeıý, súıý. §10. Айтылудағы  uý (ұу, ыу), úý (үу, іу) дыбыстар тіркесі cөздердің барлық буынында әрпімен жазылады: ýyldyryq,  ýyz, ýildeý; týys, qýyrshaq, gýil, tintýir; oqý, sý, irý, tóný. Яғни латын жазуында 1938 жылдан бастап енгізілген, кейін кирил әліпбиінде 1952 жылы қайта оралған, 60 жылдан астам емлемізде қалыптанып, базалық норманың бірі болып табылған, жазу үнемділігін жасап келген емлені қалдырдық.  

Ереже жобасы қазір сарапталу үстінде: барлық ЖОО тіл кафедралары мен тәуелсіз сарапшыларға беріліп, нәтижесі бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізілмек, сондықтан процесс жалғасады.

Ал шеттілдік сөздерге байланысты орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобы мүшелері арасында мынадай пікірлер болды және ұсыныстар емле ережесінің жобасына енді. Қазақ сөзінде сөз аяғы ұяң дауыссызға аяқталмайтын болғандықтан bilbort, brent, búldok, filolok, реdogok, dıalok, blok (блог), kýp (куб), asteroıt, kot (код), арап, хиджап сөздері қатаңмен жазылды, нг тіркесімен аяқталған паркинг, боулинг тәрізді сөздер рarkıń, boýliń деп бір әріппен жазылды. Сондай-ақ vedіmіs, álkógól, festıvál сияқты термин сөздерді дыбыстық заңдылықпен «сындырып» жазуды ұсынған пікірлер болды.

Сөз аяғында 20 ғ басында айтып кеткен А.Байтұрсынұлының мына сөзін келтіргіміз келеді: “Сауаты ашылған адам жазылған, я басылған сөзді әрпіне қарап оқымайды, бүтін тұрған сүгіретін танып оқиды. Таныс адамды көргенде мынау пәленше, анау түгенше деген сияқты әр сөзді тұрпатына қарап танып айтады” [3, 412б.]. Ал бүгінгі таңдағы сөзді сөйлеммен, мәнмәтінмен оқитын ұрпақ үшін графикалық  бейне көзшалымды бұзбауы қажет.

Пайдаланған әдебиет:

1.  Гвоздев А.Н. Избранные работы по орфографии и фонетике. К 70-летию со дня рождения. М., 1963. –284 с. 

2.  Уәлиев Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негiздерi: фил. ғыл. канд. ... автореф. Алматы, 1993.–162 б.

Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992. –414 б.

comments powered by HyperComments

Қосымша материалдар