Орфографиялық және орфоэпиялық нормалар

В. И. Ленин идеясының нұрына бөленген қазақ елінің мақтанышы көп. Соның бірі – совет дәуіріндегі тіл майданындағы табыс. Біз қазақ тілін енді кемелденген бай тіл деп те, оның жазу мәдениеті жақсарып, орфографиялық, орфоэпиялық нормалары қалыптасты деп те мақтан ете аламыз.

Қазақ тілінің шарықтап өскен, саяси-әлеуметтік қызметінің барынша ұлғайған кезі Октябрьден кейінгі тарихымен ұштасып жатады. Егер бұрын қазақ тілінде оқып, білім алу, қазақ тілінде газет-журнал, кітаптар шығару қол жете бермейтін арман болса, бұл күнде казақ тілінде білім алу, қазақ тілінде газет-журнал, кітаптар шығару күнделікті іске айналды. Солармен ілесе қазақ тілінің жазу мәдениеті де жылдан-жылға жақсара түсті. Баспасөз партияның қамқорлығы арқасында 1920– 1930 жылдары өзінің материалдық базасын нығайта бастағаннан-ақ, қазақ халқының ана тілінің құдіретті күшіне арқа сүйеп, оны күнделікті жұмысына тиек ететін қазір республикамызда 300-ден астам әр түрлі газет, 16 журнал, мыңдаған кітаптар шығады екен.

Совет тұсындағы баспасөздің әр алуандылығы әдеби тілдің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай туғызды. Бізде мұншалықты бай әдебиет, халыққа көп тараған баспасөз болмаса, әдеби тілдің калпы да бүгінгідей болмас еді. О бастағы әдеби тілдің жастығы қазақ баспасөзіне, әсіресе мерзімді баспасөзге, зор міндеттер жүктеді. Октябрьден кейін шарықтап өскен еліміздің бүгінгісі мен келешегінің қажетті құралы –  қазақ тілі және оның жай-күйін көрсететін баспасөздің күнделікті өміріне қажетті төл жұмысына айналды. Әсіресе алфавит, орфография, терминология сияқты аса маңызды мәселелер алғаш газет-журнал беттерінде жарық көріп, солар арқылы жұртшылықтың талқысына түсіп, дер кезінде шешімін тауып отырды. 1920– 1930 жылдары баспадан шықкан әдебиеттер тілінің сапасы аса жоғары дәрежеде болмағаны белгілі. Кейін орыс графикасына негізделген жаңа алфавитке көшкеннен кейінгі дәуірде, қазақ баспасөзінің тіл мәдениеті жылдан-жылға арта түсіп огыр. Бұл күнде баспасөз жаңа өмірге лайықты жаңа орам, жаңа тіркес тауып, қазақ тіліндегі бар байлықты жүйелі түрде жұмсап, сауаты арта түсті.

Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым, әдебиет, өнер халықтың тағы басқа рухани өміріне тіл де қызмет етеді. Оның сол қызметі тіл мәдениетінің дәрежесін арттыруға, тілдік тәсілдердің жетіліп қалыптасуына кең жол ашады. Әсіресе баспасөзде орфографиялық, лекси­ка-грамматикалық нормалар және әдеби тілдің стильдік тармақтары шыңдала түседі. Тіл мәдениеті екі салаға бөлінеді:

1)  баспасөз тілінің мәдениеті, оған жазу мәдениеті;

2)  сөйлеу тілінің мәдениеті, оған орфоэпия –  дұрыс сөйлеу, сөздерді дұрыс айту мәдениеті енеді. Олардың қарым-қатынасы нәтижесінде жазу нормалары баспасөз арқылы қалыптасады. Ал орфоэпиялық нормалар баспасөз және әдеби тілдің сөйлеу тілі арқылы қалыптасады. Сондықтан баспасөз тілі мәдениетінің дәрежесі әдеби тіл нормаларының сапасы мен дәрежесінің өлшемі бола алады. Өйткені баспасөз –  әдеби тіл мәдениетінің айнасы.

Сөйтіп, тіл мәдениеті халықтың жалпы мәдени дәрежесімен, әдеби тілдің қандай белеете екенімен тығыз байланысты. Халықтың жазу мәдениеті, сөйлеу өнері неғұрлым жоғары болса, солғұрлым, сөздердің орфографиялық және орфоэпиялық норма­лары берік те тұрақты болады.

Орфография ережелерін жетілдіру мақсатымен бұрын жазу тәжірибесіне бірнеше өзгерістер енгізілген болатын. Соның бірі қосарлы -ый, -ій әріптеріне бір и әрпімен таңбалау туралы өзгеріс нәтижелі болғаны мәлім. Ол әсіресе жазуды жеңілдетіп, оның мәдениетін жақсартты. Солай етуді тілейтін орфография ережелерінің қайта қарауға болатын мәселелері әлі де жоқ емес. Соның бірі орыс тілінен енген бірқатар сөздердің соңғы дыбыстары к, г, -ге біткенде, оларға жалғанатын қосымшалар кейде жуан, кейде жіңішке қалпында жалғануы жазуда көп қиыншылық туғызып жүр. Енді соларға жалғанатын қосымшалар (кейбір сөздерді қоспағанда) тек жіңішке вариантта жалғанады деп өзгертуді тілейтін сияқты.

Осындай жеңіл-желпі (ресми түрде) өзгерістер енгізуді жазу тәжірибеміз тілеп отырса, әрине, ондайдан бойды аулақ салуға болмайды. Бірақ негізгі жазу ережелері тұрақты болу керек.

Біріккен сөздердің жазылуында да бірізділік жоқ. Бұл жайында әр баспа орны өзінше ереже шығарып жүр. Қазақ CСP Ғылым академиясы Тіл білімі институты шығарған үлкен орфографиялық сөздікте де бұл туралы қайшылық бар. Қазақ жазуында біріккен сөздердің емлесі тиянақталмай-ақ қойды. 1935 жылы жазған бір мақаласында проф.  Қ. Жұбанов біріккен сөздердің жазылуында қате көп кететінін, бұл мәселеде таластың көп екенін сөз еткен болатын[1,265].

Дәл осыны қазір де айтуға болады. Оның басты себебі –  біз біріккен сөздерді емес, олардың ережелерін құбылта береміз. 1940– 1960 жылдары оларды бірге жазу дағдыға айналып, жөнделе бастағанда, кейін бөлек жазуды дәріптеп, қолғап, жарғанат, есекмия сияқты көптеген біріккен сөздерді қайтадан бөлек жазуды ұсындық. Бұдан не шықты? Бұл тәжірибе өзін-өзі ақтамағанын әркім-ақ байқап жүр. 

Қазақ тілінің нормаларын айырып тану критерийлері туралы айтқандарымызға мысалдар лексика, грамматика, кейде фонетикадан алыңды. Соларға қарап орфографиялық және орфоэпиялық нормалардың оларға қатысы жоқ екен деп түсінбеу керек. Бұлардың да жұмсалуында жүйелілік, жиілік, модельдік болжамдар болады. Солармен қатар ол екеуінің нормалық құрылыстарында елеулі ерекшеліктер бар және олардың өзара байланысы да бар. Мысалы, емле ережелері бойынша дауысты, дауыссыз дыбыс әріптері түбір сөздер мен қосымшалардың түйіскен жерінде ілгерінді, кейінді ықпал заңдарына сәйкес жазылады: қатаңнан кейін –  қатаң, ұяңнан кейін –  ұяң, жіңішке дауыстыдан кейін –  жіңішке, жуан дауыстыдан кейін – жуан дауысты жазылуға тиісті екені орфографиялық ережелер жинағында бірнеше параграфқа бөлініп айтылады (§ 32, 33, 41). Солай жаз деп ережелер ұсынуымыздың негізгі принципі - қазақ тілінде ертеден қалыптасқан дыбыстардың біріне-бірінің әсер етуі нәтижесінде пайда болатын өзгерістер. Бұл орфографиядағы фонетикалық принципті колданудың бір түрі. Сол заңдылықтар ауызекі тілде өмір сүріп келгендіктен, орфографиялық ережелер орфоэпия нормаларына сәйкестендіріліп қабылданған. Сондықтан, мысалы, таудан, қаладан, терезеден, есіктен деп айтылуы да, солай жазылуы да норма. Бірақ әр уақытта осылай айту (орфоэпиялық), жазу, орфографиялық нормалары өзара үйлесіп, бірлестік-тұтастығын сақтап жұмсала бермейді, екеуі екі бөлек нормалық бағытқа түскендері бар. Мы­салы, дауысты дыбыстардың ерін үндестігі қазақ тілінде қырғыз тіліндегідей елеулі болмайтындықтан, айтуда ол заңдылықтар сақталады да, жазуда ескерілмейді: “төрдө төртөу отүр төрөмін” деп айтылады да, “төрде төртеу отыр төремін” деп жазылады. Екеуі де норма. Не болмаса, завоттан деп дыбыс заңы бойынша айтылады, бірақондай сөздердің түбірін сақтау мақсатымен –  заводтан деп жазамыз. Мұндайда сөздің соңғы дыбысы үяң болма­са, дауыссыздан басталатын қосымшаның бірінші дыбысы да ұяң, қатан болса–  қатаң болып жазылады деген ереже еленбейді. Немесе ауызша, сөзшең, қазша деп жазамыз да, ауышша, сөшшең, қашша деп айтамыз.

Мұндайда орфографиялық ережелер фонетикалық принципке сүйенбейді, ал морфологиялық принцип бойынша –  сөздің түбірін сақтап жазуды норма деп танимыз. Сұршағыз, Болдығыз, Құрманғазы, Жанғабыл, Төрегелді, Есенгелді, Құлагер сияқты күрделі біріккен сөздер арасындағы фонетикалық өзгерістердің жазылуда да сақталуы –  екі талап-талғамның (айтылуы мен жазылуы) түйіскен жері болса, Аманкелді, Ботакөз, Досжан (айтылуы –  Дош- шан), Сәтбаев (айтылуы –  Сәтпаев) сияқтылардың жазылуы айтылуынан алшақ жатыр.

Мұндайдың қайсысы дұрыс? дегенге жауап беруден бұрын “ол екеуінің қай орайда басы түйіседі, қай жерде екі айырылады?” дегенге жауап беру керек. Орфография ережелері бойынша күрделі сөздердің бәрі бірдей бірігіп жазылмайды (мысалы, күрделі сын есім, сан есім, етістіктер). Бірігіп жазылатындары көбінесе, зат есім, есімдік, үстеу сөздер. Күрделі сөздердің бірігіп не бөлек жазылуы, сөз жоқ, олардың орфографиялық нормаларын қалыптастыруға да, ауытқымалы етуге де әсерін тигізеді. Мысалы, темір жол(железная дорога), теміржолшы(железнодорожник), бес жылдық қор(пятилетный запас), бесжылдық жоспар(пятилетный план), ақ сүйек(белая кость), ақсүйек(игра).

Тілдегі әр уақытта осылардай таразының басы қай жағына ауса, сол нормаға айналып, оп-оңай шешіле бермейді. Қей орайда орфография мен орфоэпия арасында үйлесімі бола бермейтін жайттар да кездеседі. Сондайлар шаң бергенде, “Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі” деуге тура келеді. Ондай қайшылықтың болуын тілдің даму табиғатының ерекшелігімен түсіндіруге тура келеді. Мысалы, әдеби тілдің ерекше күш алып, коммуникативті қызметінің кеңеюі, сөз жоқ, оның лексикалық қорының молаюын керек етеді. Ол үшін тілдің жаңа сөз жасау тәсілдерінің әрекеті күшейді. Мысалы, екі сөзді біріктіріп жаңа сөз жасау бұрын да бар еді. Сөз жасаудың синтетикалык; амалдары сияқты бұл аналитика-синтетикалық сөз жасау тәсілі де қазірде ерекше етек алып кетті. Солардың бірқатары жиі қолданылып, ертеден-ақ нормаға айналып кетсе (жолбарыс, тасбақа, атқүлақ т. б.), сол ізбен бұдан 20– 30 жыл бұрын жасалған күрделі сөздер де сол топты молайтты (шекара, бесжылдық, өнеркәсіп, еңбек күн т. б.). Тіл осындайлармен “қанағаттанып”, “қаңтарылып” тұрып қалмайды ғой. Жаңа сөздер мен сөз тіркестері барлық тіл жұмсаушыларға бірдей сіңімді қалпында жасалмайды. Жагажай, балмұздақ, бессайыс, келіссөз, арзанқол сияқты сөздердің жұртқа танымал болуы, солай жазылып нормаға айналуы үшін де уақыт керек болды. Соңғы кезде, мерзімді баспасөз бетінде мынандай күрделі тұрақты сөз тіркестері біріктіріліп, жиі жазылатын бол­ды: бозбала, жасөспірім, жанашыр, атүсті, кездейсоқтық, тырнақалды, тісқаққан, атсалысты, еңбексүйгіштік, арзанқол, күретамыр т. б. сияқтылар емле ережесі бойынша, тұрақты тіркестер болғандықтан, бірікпей, әр сөзі бөлек-бөлек жазылуға тиісті болса, баспасөз тәжірибесі мен ол жайындағы ресми ереже арасында елеулі қайшылық бар екені байқалды. Фразалық түйдектердің тек мағыналық тұтастығы ғана емес, олар терминдік ұғымга ие болып, номинативті арнаға түседі. Сондықтан мағына тұтастығы тұрғысынан дүрдараздық, басараздық, ауылшаруашылық т. б. номи- нативті бір бүтін сөздер деп танылып, біріктіріліп жазылады.

Фразалық тіркестердің біразы, әдетте, әрбіреуі сөздің бейнелі, нысаналы баламасы болғандықтан, олардың біртұтас сөз деп танылуы заңды да. Мысалы, тіс қаққан  қу, тісін қайрау— өшігу, көз жұму  елемеу, көз қырын салу  қарасу. Бірақ бұлардың бөлек жазылуы –  олардың біріккен сөз еместігін, тұрақты тіркестер екенін (бірақ сөз тіркестері емес) аңғартса, сонымен қатар осылардың ауыспалы мағыналарын дұрыс ұғынуға себепкер болады. Соның өзінде тұрақты тіркестердің мағына тұтастығы кейде жаңа пайда болған терминдік ұғымдардың баламасы атауышы болатындықтан, баспасөзде олардың біріктіріліп жазылуы дағдыға айналды. Мысалы, қаншіер, жасөспірім, бозбалсі, арамтамақ, тісқаққан. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романында атжақты, атқамінер, атқосшы, атсалыс, атүсті, атшабар, атшабыс, атшана, атшаптырым, атышулы сияқты сөздер кездеседі. Оларды автордың саналы түрде біріктіріп жазуы сөздерге жаңа өң, жаңа мән беруді көздегендігін байқатады. Мұндайларды тек емле тұрғысынан танымай, бір лексикалық қатардағы сөздердің тіркестірілетін екінші қатардағы сөздермен бірге біртұтас бүтін сөзге айналуы деп тану керек.

Толық мағыналы сөздердің шылау сөздерге айналуы, күрделі етістіктердің бірігіп, қысқарып, дара етістіктерге айналуы (мы­салы: түрегел, әкел, әпер), жалпы есімнің жалқы есімге айналуы және керісінше – сөздердің коммуникативтік қызмет орайында сірідей сіресіп қатып қалмайтынын, ауыс-түйіс байланысының молдығын көрсетеді. Осы түрғыдан шекарашылар дегеннің аналогиясы бойынша теміржолшылар, бесссайысшылар, қолөнершілер деп жазу орынды. Өйткені, тіл жұмсаушылар бұларды бетбұрыс, кішіпейілдік, бүкілхалықтық, көркемөнерпаздар сияқтыларды біртұтас номинант деп ұғынады. Сөздердің айтылуы мен жазы­луы арасындағы елеулі қайшылық көп орайда олардың нормаларын бұзуға мәжбүр етеді. Жазу нұсқалары кейде жазушының сөздерді айту дағдысымен де байланысты. Оқушы, студент, не белгілі ауыл-аймақ өкілдері орфография ережелерін жетік білмесе, жеке сөздерді өздерінің айтуынша жазып қояды. Кейде соған қарап қай өңірде қандай диалектілік ерекшеліктер бар екенін де бағдарлауға болады. Мысалы, батыс аймақтарда кездесетін жұмыс жасадым, бойлай жұмысқа кешігуші дегендер немесе оңтүстік аймактарындағы жүдә жақсы, ауқат іштік сияқтыларды әдеби нормаға жатқызу қиын.

Әдеби тіл нормаларын сақтап, ресми түрде қабылданған жұртқа ортақ емле ережелерін сақтап жазу — тіл мәдениетінің басты талабының бірі. Егер ол екеуінің арасында қайшылық болса, оны болдырмау әрекеті үшін қабылданған ережелерге әлсін- әлсін өзгерістер, толықтырулар енгізіп отырған жөн.

Орфографиялық нормалардың ғылыми негіздерінің бірі тілдің дыбыс заңдылығы болса, тағы бірі — сөздердің айтылу зандылығы. Егер сөздердің жазылуы орфоэпиялық нормалардың қалыптасуына себепкер болатын болса, онда ол екеуінің қарым-қатынасының берік болғандығы. Мерзімді баспасөзде “Жазушының көптомдығы”, “бүкілодақтық көркемөнерпаздар үйірмесінің байқауы” деп айту, жазу қазір нормаға айналды.

Осындағы көптомдығы, бүкілодақтық, көркемөнерпаздар сөзде- рінің құрамындағы жеке сөздердің бірігуіне орыс тілі арқылы енген жаңа ұғымдар түрткі болса, екінші жағынан дәл солардай болмағанмен, тілімізге бұрыннан келе жатқан осындай модельдер себеп болды: (жарқанат, жолбарыс, бүгін т. б.). Сол модельдер бойынша жасалған жаңа сөздердің тұр-тұрпаты әдеби тілдің ілгері дамуына үйлесіп, оның іргесі әлдеқайда кеңейгендігіне мыналар дәлел бола алады: өнеркәсіп, көркемөнер, өмірбаян, келіссөз, көркемөнерпаздар, бүкілодақтық, халықаралық, ауданаралық, табиғаттану, Абайтану, жағажай, балмұздақ, көкөніс, қолтаңба т. б. Мұндайлар– орфография ережелеріндегі (§ 29) бірігіп “жазылып дағдыға айналған”, солай жазылып “қалыптасқан” дегендерден тыс пайда болған қолдан жасалған жаңа сөздер. Тіл дамуында жаңа жасанды сөздердің болуы қаншалықты табиғи болса, екі сөзді біріктіріп жаңа сөз жасау соншалықты табиғи, тіл дамуының, адамдардың ой-өрісінің кеңеюінің бір көрінісі.

Сондықтан олар белгілі сөздермен шектелмейді. Нормаланған сөздермен қатар әлі де нормалана қоймаған жаңа сөздердің де бо­луы заңды.

“Қазақ әдебиеті” газетінің беттерінен мынандай сөздерді кездестіреміз: желсөзділік, бойкүйездік, кеудемсоқтық, есерсоқтық, жанашыр, бірсыдырғы, ақжарқын, кішіпейіл, көркемөнерпаздар, киносаяхатшылар т. б. бұлардың көбі орфографиялық және басқа да сөздіктерде біріккен сөз ретінде аталмайды, аталса, бөлшектеніп бөлек жазылады. Соған қарағанда, бірқатар біріккен сөздердің жазылуында жалпыға бірдей ортақ норма болмауы да ықтимал.

Күрделі сөздердің бәрін бірдей біріккен сөздер деп біріктіріп жаза беруге болмайды Олардың бірқатары емле ережелері бойын­ша бөлек жазылады.

Бір бүтін, біртұтас болып сомдалғандарын тұтасқан күрделі деп, алшақ күрделенгендерін күрделі деп айырамыз.

Соңғыға темір жол, қант қызылшасы, балалар бақшасы, ақ қайың, бас жіп, уық бау, қара көк, ақ құба деген сияқты түйдекті тіркестер енеді. Бұлардың бөлек жазылуы да шартты. Орфогра­фия лық ережелерде, сөздіктерде темір жол, қара көк бөлек жазы­лады деп көрсетілген, оның себебі mac жол, асфальт жолсияқты темір жол да, қара қасқа, ала жіп, қара көк сияқтылар бір беткей, бөлек жазылсын деген шарт бойынша жазылып жүр. Сондықтан олар “ұласқан тіркес” құрамына енгізіліп отыр. Ал номинативтік дәреже тұрғысынан қарағанда, темір жол, темір жолшы бірігіп жазылуға тиісті. Кейбіреулер ұласқан тіркестерді тұтасқан сөз деп танып, біріктіріп жазып қоюға дайын тұрады. Керісінше, кейде біріктіріп жазылуға тиісті сөздерді бөліп жазып қоятындар да кездеседі.

Жазудағы мұндай ала-құлалық басқа түркі тілдерінде біздегіден де жиі ұшырайды. Сол қиыншылықтан қашып, кейбір тюркологтар күрделі сөздерді бөлек жазу арқылы (айырым) таңбалауды принципке айналдырғысы келеді. Әдеби тілдердегі жаңа сөз жасау тасқыны оған бой беретін емес. Бұл процесс мәселені әбден зерттеп алғанша, оларды бөлек жаза тұрайық дегенге де қарайтын емес. Өзбек, азербайжан, түркімен, қазақ тілдерінің бүл жайын- дағы бағыты — әбден сараланған, дүрыс бағыт. Олар сөздерді біріктіріп жазу арқылы жаңа пайда болған ұғымдарға лайық жаңа сөз жасауға кең жол ашып отыр. Бұл әуесқойлық орыс тілі жазуына еліктеу емес, бір есептен, орыс тілінің игілікті әсерімен әдеби тіл- дің сөз байлығын молайту қамы.

Бізде біріккен сездерді бөліп жазуды жақтайтын, соны уағыз- дайтын ғалымдар бар. Бірақ олардың ешқайсысы тілдік өмірде кең қанат жайып жаткан ол ағымға қарсы мақала да жазған емес. Ал күрделі сөздердің тиімділерін біртұтас етіп біріктіріп жазуды құптап жазылған мақалалар сан алуан. Мысалы, “Социалистік Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті” газеттерінде жарияланған (М. Балақаев, К. Аханов/ Қ. Есенов, Б. Қалиев, М. Жантикин т. б.) мақалаларда және орфографиялық, тағы басқа сөздіктерде, газет- журнал, кітап беттеріндегі екі сөзді біріктіріп жаңа сөз жасауға, солай жазуға ерекше мән беріледі. Бұл –  әдеби тіліміздің өрге даму талабына үйлесімді әрекет болып отыр.

Грамматикалық құрылыстардың жүйелі нормалары халық тілінің табиғатында бар нәрсе. Әдеби тіл соларды қабылдай отырып, онда кездесетін ала-құлалықты болдырмау үшін жарыспалы түлғалардың көпшілікке ортақ, әдеби тіл заңдылықтарына үйлесімді дегендерін ғана талғап алады. Мысалы, баратын баратұғын, келейік келелік, келелі, жұмысшы  жұмыскер, социалистік  социалды дегендердің соңғы варианттары тілде кездескенмен, олар әдеби норма деп танылмайды.

Осылар сияқты нормадан ауытқулар қазақ тілінің синтаксистік құрылысында да бар. Мысалы, ол қаладан келе жатыр  келе жатыр ол қаладан, ол келе жатыр қаладан, келе жатыр қаладан ол т. б.

Синтаксистік құрылыста бұрыннан бар сөздерді байланыстыру тәсілін әдеби тілде керегіне қарай басқа тәсілмен алмастыруға да болады. Мысалы, ілік жалғауынан сөздердің шиыршықтанып матаса байланысуы бұрыннан бар. Бірақ олардың анықтауыштық құрамы жеңіл-желпі кезінде ілік жалғауын түсіріп айтудың пәлендей қажеті болмады (ағаштың бұтағының жапырағы, Қазақтың мал-дәрігерлік институтының ректорының кабинеті), кейін ондай тіркестер әдеби тілде жиі қолданылатын болған кезде, тіркес шұбалаңқылығын, ықшамдау мақсатымен ілік септігін түсіріп айту нормаға айналды. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институ­тығылыми секретари.

Орфография –  тіл мәдениетінің аса маңызды мәселесінің бірі. Бірақ ол көп жылдар бойы ерекше зерттеу объектісі болма­ды. 1930 жылдардан кейін сөздердің дұрыс айтылуы бізде орфографиялық ережелермен байланысты қаралып келсе, 1965 жылғы “Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері” деген кітапта, 1966 жылғы М. Дүйсебаеваның “Қазақ әдеби тілі орфоэпиясының негізгі мәселелері” деген кандидаттық диссертациясында және 1972 жылғы “Тіл мәдениеті және баспасөз” деген жинақтағы Қ. Неталиеваның мақаласында (“Орфоэпия нормалары туралы”) бұл мәселе бірсыпыра дұрыс бағытта зерттелген болатын. Солардың бәрі тіл мәдениетінің аса бір маңызды мәселелерін зерттеудегі игілікті бастама деуге болады.

Пайдаланған әдебиет

1.  Жұбанов Қ. Исследования по казахскому языку. Алма-Ата, 1966, с. 265.

Балақаев М.Б.

«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 430-438 б.

comments powered by HyperComments

Қосымша материалдар